Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИПАГЕР

ШИПАГЕР


Көп жетістіктің бастауында адамның ниеті жатады. Ниеті жақсы адамның көзі де,өзі де жанып тұрады.
Еңбек еткен жылдары бірнеше рет облыстық, аудандық денсаулық сақтау басқармасының марапаттарына, «Елеулі еңбегі үшін», «Ел ардақтысы», «Құрметті ардагер» медальдарының иегері атанып, зейнеткерлікке шықса да адам денсаулығы үшін күрестегі майданнан жырақтамаған ол 2019 жылдан бері Шиелі аудандық денсаулық сақтау саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы. Иә, бүгінде Сейткамал Исламовтың шипагерлігіне аудан жұртшылығы дән риза.
Терапия бөлімінің 9-ыншы палатасында 3 кісі жаттық. Сол күні жасы 45-47 жастағы бір әйел кісі келіп орналасты. Сап-сау сияқты ауру деуге қимайсың. Әңгімесінде қалай ауырғанын айта бас­тап еді, сол-ақ екен Секең қасында бір медбикесі бар жетіп келді. Дереу қан қысымын өлшеп, тыңдады да үндеместен шығып кетті. Артынша 10 минут болған жоқ бірнеше дәрігер келіп көре бастады. Инелер шаншып, таблеткалар берді. Біз аң-таңбыз. Сап-сау кісіге бәрі неге шүйлікті деп. 2 сағаттай уақыт болды. Қаладан тағы 2 дәрігер жетіп келді де, әлгі әйелді жедел жәрдем машинасымен алып кетті. Содан не болды деп сұрамаймыз ба, қан қысымы 220, жүрегінде шум бар деп Секең дереу дабыл қаққан екен. Көп жылғы тәжірибесі Секеңді алдамаған. Ауруын дәл тапқандығы соншалық, көрген мамандардың да ойы дәлдікті мойындағанын көзімізбен көрдік. Сол кезде Алғабаста Ерғазы Жексенбаев деген фельдшердің кез келген аурудың себебін ешбір анализсіз-ақ анықтап, үндеместен бір қағазға шимайлап жазып берген дәрілерімен бүкіл ауыл халқын емдегені есіме түсті. Содан бері табиғи білімділігі бар екінші адамды көргенім осы.
Сейткамал Исламов 1953 жылы 15 ақпанда қарапайым отбасында дүниеге келген. Қазіргі Бала би (бұрынғы Қазақстанның отыз жылдығы) ауылында 1971 жылы орта мектепті бітіре салып, Отан алдындағы борышын орындау үшін әскерге кетеді. Келе сала оқу қумай, 1974-1975 жылдары совхозда жұмыс жасаған. 1975 жылы Қызылорда мед.училищесіне түсіп, фельдшер мамандығын алып, сол туған ауылында 1980 жылы фельдшер болып жұмыс атқарады. Үлкен оқуды армандаған ол 1980 жылы Алматыдағы мед.инситутқа түсіп, 1986 жылы жоғары білім алып, Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханада интернатурадан өтеді.
Еңбек жолын Бала биге келіп, қаракөл қой совхозындағы ауылдық дәрігерлік емханасының меңгерушісі болып жалғастырады. Жұмысқа ұдайы білек сыбанып, тік тұратын қасиеті оны 1993 жылы Шиелі аудандық ауруханасының терапия бөліміне терапевт дәрігерлік ісіне алып келеді. 23 жыл адам денсаулығын сақтаудың алдыңғы шебінде жүрген антына адал, жалған сөзді жаны сүймейтін, жүрген ортасында абырой биігінен көрінген Секеңді 2016 жылы аурухана ұжымы үлкен салтанатпен еңбек демалысына шығарып салды. Иә, жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегін түгел қамтып, жиырма бірінші ғасырға кірген еңбек жолын сыдырта тізіп шыққан біздер үшін оңай сияқты. Осы уақыт ішінде қанша жанның қиналған дауысы құлағында қалды десеңші. Шілдесінде көрген шырағы ажал аузында жатқанда «Құтқара көр» – деп жалынған жандардың зарын, жаутаңдаған жанарларын көру дәрігерлер үшін қандай қиын. Адаммен жақын араласып, тани түссеңіз оның еңбекқорлығына, қабілетіне куә боласыз. Міне, көп жылдар жаратушыдан кейінгі ажалсызға себепкер осындай ізгі ниетті, жүректері адам деп соғатын шипагерлер санатындағы Сейткамалды аурухана басшылығы зейнеткерлігіне қарамастан қайта шақырып алды. Қазіргі таңда, сол әлі қағілез қалпынан таймаған, білгенін жастарға үйретуден жалықпайтын, адами қасиетімен дараланып тұратын дәрігер Сейткамал уақытпен санасуды ұмытқан. Тәні ауырған жандарға жүрек жылытар жылы сөзімен де, дәрімен де емдеуден бір сәт те тынбағаны әрбір қимылынан көрініп тұрады. Секең тек дәрігер емес, қара сөздің қаймағын қалқып айтар, әзіл сөзді реті келгенде тауып айтар тіл шеберлігі өз алдына тағы бар. Жұмыс уақыты бітісімен науқастарды бір жағалап өту күнделікті дағдысы.
Бірде бір құрдасы әзілдеп,
– Секе, осы келіншегіңіз жұмыстан неге үнемі кеш келесің?, – деп ренжімей ме дегенде, отыра қалып:
– Мен осы Сәндігіммен мед.училищеде бірге оқыдым. Қармақшының қызы болатын. Соңынан 5-6 жыл жүгірдім. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ, хат жазам. Қанша жазсамда жауап жоқ. Содан бір күні Қармақшыға тартып отырып үйіне бардым. Бірақ Сәндігүл Қазалыға семинарға кетіп қалыпты. Ата-анасына бар ойымды айттым, яғни өзім құда түсіп бардым. Ата-анасы да хабарсыз емес екен. Содан не керек тапсырмамды түгел алдым. Енді қайтайын десем пойыз кетіп қалыпты. Автобус, такси деген жоқ, тек 85-86 деген екі ғана пойыз жүреді. Содан барар жер жоқ, Сәндігүлдің үйіне қонып қайттым» деп бәрімізді күлкіге қарық қылды.
Сол Сәндігүлмен бақыттың базарын аралай жүріп, 2 қыз 1 ұлды тәрбиелеген Секеңнің балалары да әке-шеше таңдаған мамандықтың иелері болып, медицина саласында еңбек етіп жүрген азаматтар. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген нақыл осы отбасында орын тапқан.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі

04 мамыр 2021 ж. 406 0