Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Смартфон сор ма, пайдасы зор ма?

Смартфон сор ма, пайдасы зор ма?


Ағаштың екі ұшы бар сияқты ненің болса да пайдалы және зиянды жақтары болады. Ағашты басып қалсаң, бір жағы маңдайыңа сарт ете қалатыны секілді. Адамның да жақсы, не жаман қасиеттерін қайда қоямыз? Маған ойтүрткі салған, сағанамызды сарық, қағанамызды қарық қылған, бүкшеңдеген кәріден еңбегі қатпаған екі жасар сәбиге дейін үңіліп бас алмайтын – ұялы, қалта телефон, яғни сотканың сыры еді.
Бұл төңіректе сұрақтар көп. Неге? Неғып? Не үшін? Дұрыс па? Бұрыс па? Рұқсат па? Рұқсат емес пе?, қысқасы, білмедім, түсінбедім. Бұған не дейсің? Қызық енді. Шала түсінгенім – баяғыда ағартушы Ыбырай ­Алтынсарин атамыз айтқандай, «алыстан хабар алғызған» әлемді сымсыз желі, яки әлеуметтік желі, интернет арнасы арбап, миымызды жалмап, көзімізді тесілдіріп, өзімізді еліртіп, еріксіз отырғызып, жатқызып қойған сол сиқырлы соткаға тәуелді болып, күндіз-түні шұқшиып қалғанымыз. Құдай ақырын берсін, біржағы қуаныш, шаттық болса, арғы беті қорқыныш пен үрейге айналғандай. Сіз де, сен де неғып?, – дейсіздер. Неғып?, – деймін мен де. Басқаға жеткен жетпіс жасар миым осыған жете қоймады. Тетіктерін дұрыс баспай, шатастырам. Біреу сырттан телефон шалса, тыңдап жауап берем, болды. Қайта мен жауап беріп отырмын. Атақты математик, академик, жерлесіміз Асқар Жұмаділдаев тіпті ұялы телефон ұстамайды екен. Әлемге әйгілі кісі не білді? Не сезді? Нені аңғарды? Телефон сатып алуға қауқары жетеді. Екеуін ұстаса да жарасады. Математикадағы теңеулерді шеше алмай қиналған оқушылардай қиналғаным рас. Ол кісі неғып өйтеді? Іздеп таппай жүргенмін. Жуырда белгілі журналист Нартай Аралбайұлы Асекеңмен әлеуметтік желіде сұхбат жүргізіп отыр екен. Немерем Кемеңгер: «ата, Асқар көке сөйлеп жатыр. Бұл кісіні білемін. Біздің математикадан беретін апай аузынан тастамайды. «Асқар Жұмаділдаев дүние жүзіне танымал адам, ол біздің жерлесіміз, мақтанышымыз» – дейді. «Көріңіз, мынау сол кісі» деп, өзі көріп отырған әкесінің соткасын маған бере салды. Тыңдадым. Дарынды бір туар бауырымыздың сөзі атылған оқтай. Ақыл-парасаты өзгеден өзгеше. Сөз арасында ол кісінің сотка ұстамайтынын мен де өз аузынан естідім. «Менде сотка жоқ. Оны мен не қыламын. Ол – адамның уақытын алатын нәрсе. Онсыз да менің уақытым аз, жетпей жатады. Ол маған қызық емес. Немерелерім сөйлесіп қояды. Бірақ мен оларға қатаң талап қойып қойғанмын. Олар мені тыңдайды» – деді, жер шарына мәһшүр математик Асқар Жұмаділдаев. Сондағы менің де түйгенім, сотка адамның уақытын алады, жұмыс істетпейді, газет-журнал, кітап оқытпайды. Денсаулыққа да зиян. Әсіресе, көзге. Соны біле тұра, соткаға жармасып, темекі шегуді, насыбайы атуды ұмытқандай аласұрып кетеміз. Неге екенін қайдам? Ал, екі-үш жасар бүлдіршіндер ұялы телефонды ұршықша иіріп «ойнап» отырады. Таңырқаймыз, таң қаламыз, кәрі басымызды сипалай береміз. Телефонның тағы бір сорақысы, осыдан көптеген жеткіншектеріміз орыс тілін, ағылшын тілін меңгеріп кетіп жатқан көрінеді. Осы арқылы сөйлейтін бүлдіршінді мен де өз көзіммен көріп, «Тіфа, тіфа!» дегенмін. «Балабақшаға барып жүрген немерем өзінен-өзі орыс тілінде сөйлеп кетті» деген әдемі келіншектің сөзін естігенде онша таң қалмадым. Өйткені, мен ағылшынша «Окей» деп жүрген «миттай» қызды одан бұрын білетінмін. Оны қойғанда қазіргі келіндерге рахат. Бір рахат заман болды. Ерте тұрмайды. Сиыр, қой, жылқы саумайды. Үйге құдайдың газы кеп тұр. Отын жармайды, көмір тасымайды, от жақпайды. Анау кемпір-шал бар. Бала бақпайды. Онан қалды балабақша, әрі қарай онлайн мектеп дегендей. Енді келіндер не істейді? Бұрынғы «Қалаулым», осы күнгі «Қосылайықта» отырған бойдақ жігіттердің үміткер қыз-келіншектерге «тамақ істеуге қалай қарайсың?» деп сұрақ қойғандай, әрине, тамақ пісіреді. Қайтіп? Ұялыны бар дауысына қояды. Аржақта ән салса, қосылып ән айтады. Музыка би әуеніне ауысса, «тик-токқа» басады. Бұралаңдап билеп жүргені. «Ана жақта ата-енем отыр-ау» демейді. Ас бөлме өзінікі, сотка да. Не істеймін десе де өзі біледі. Тамағы піскенше сол жерде. Басқа тірлік жоқ. Ас үйде келін мен сотка.
Балаларға, келіндерге «оның не?» деп ұрысамыз. «Телефонды таста» деп тыйым саламыз. Ал, енді кемпір-шалға не жоқ? Үйде басқа шаруалары жоқ па? Шалдар бес-алты қой немесе бір-екі баспақ асырап, семіртіп сатса. Қорада тауық ұстап етін жесе, жұмыртқасын базарға өткізсе. Кемпірлер көрпешесін көктеп, немерелерінің үсті-басына қараса, оларға ертегі айтып беріп, бір мезгіл көңіл бөлсе, қайтер еді? Мен ауылды айтып отырмын.
Бостан-босқа уақыт өткізіп, қымбат тарифтерге кіріп алып, білдірмей кетіп жататын шығынға ұшырау – бізді ойландырмайды. Былайынша, сол ақшаны біреу келіп қарызға сұраса, өліп қалғанмен бермейміз. Телефонға қалай салғанымызды білмей де қаламыз. Бұны, жоғарыдағы айтқандарды сотканың соры деп ойласақ, оңы, пайдасы не екен? Пайдасы да көп. Әсіресе, кәсіпкерлерге, басшыларға, далалы жерде қызмет ететіндерге, басқа қалаларда, шет елдерде тұратын ағайын-туыстарына шұғыл хабарласып отыруға таптырмайтын құрал. Оның үстіне блогерлер пайда табу көзіне айналдырған сотканы кім тастасын. Туасы пайдасыз зат емес. Ақпарат құралдары пайдасынан зиянын көп деп айтады. Оны естісең сотканы лақтырып жібергің келеді. Бүлдіршіндердің көзіне қауіп дейді, ол да рас шығар. Он үшінші мүшеме айналған құрылғының кейді зиян­ды тұстары байқалып тұрады. Таңертеңнен кешке дейін, кештен түн ортасына дейін қозғалмай жататын үш-төрт жасар балалар көп қазір.
Олар дене қозғалысына түспеген соң, семіре бастайды. Жылайды екен деп, жыламаса болды жата берсін деп тәрбие беру – үйде томпиған-томпақ, беттері быттиған кішкентай семіз адамдарды дайындау деген сөз. Бұған жол беруге болмайды. Ата-аналарымыз бізді аямай жұмсайтын. Біз үнемі еңбектеніп, қозғалыста, дене шынықтыруда болатынбыз. Доп қуалап, доптаяқ ойнап, жүгірме мәлшік, есекке мініп көкпар тартып, ләңгі теуіп ойнадық. Қазіргі балалар үйкүшік, олар ойнамайды. Есілдерттері сабақта да емес, соткада. Сондықтан олардың дене бітімдері де тік өспейді. Еңкейіп соткаға қарай берген соң көшедегі ұл-қыздарымыз, байқасаңыз, еңкіш тартып жүреді, көбісі кемпір-шалдардай бүкшиіп қалған. Сосын олар – тамақ ішіп отырып та екі көздері телефонда болғасын, денсаулықтарының да сыр беріп жататыны айдан анық. Бұл мәселені «вакцинаны салдырыңдар» деп қалай насихаттасақ, «телефонды көп ұстамаңдар» деп отбасында айтып отырғанымыздың артықшылығы жоқ секілді. Қанша дамыдық, технологиямыз шарықтап кетті, әлемді «еңкейткен» телефонда нелерің бар десек те, абайлап жүргеніміз абзал. Ненің болсын жақсы жақтарын көрейік, жетістікке жетелейтін заттар мен өнімдерді, жаңалықтардан қалыс қалмай пайдалана білейік. Себебі, денсаулығы зор, тәрбиелі ұрпақ мемлекетіміздің болашағы.
Тағы ойланып кетем, осы академик Асқар Жұмаділдаев бауырымыз, не үшін, неге телефон ұстамайды екен? Жұмбақ. Ол жұмбақты математик Асекең әлдеқашан шешіп қойған сияқты. Ал, біз болсақ, бал жиған арадай сол смартфонға құжынай қонып алдық. Енді қашан ұшарымызды бір Алла өзі біледі.
Р/S: Айтпақшы Ақмая ауылындағы зейнеткер математик Баһадүр Жеңсікбаев та өмірінде сотка ұстап көрмеген. Соған қарағанда математиктер...

Өркен ИСМАИЛ,
көп балалы, отыз шақты немерелі ата,
Шиелі кенті

04 мамыр 2021 ж. 380 0