Несібесін кәсіптен іздеген жандарға әркез қолдау бар
Қызылорда облысының ауданының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес мүшесі, кәсіпкер Айткүл Әбдіқадірованың бастамасымен Атамекен кәсіпкер палатасы Шиелі ауданындағы филиалының директоры М.Нұртазаев, аудандық кәсіпкер бөлімінің маманы Алмат Пазылханұлы, мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Е.Жеңсікбаев, «Өскен Өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, кәсіпкер М.Әлжанов сәуір айының бірінші жартысында Шиелі ауданына қарасты ауылдарды аралап, халықпен еркін форматта кездесу өткізді. Ауылдарды аралаудағы мақсат – халықтың кәсіпкерлікке байланысты ой-пікірін білу, кәсібі барларға қолдау көрсету, енді кәсіп ашқысы келетіндерге мемлекет ұсынған түрлі бағдарламаларды түсіндіру, тиімді жолдарын ұсыну.
Шиелі аудандық кәсіпкерлік палатасының басшысы Мәрлен Бақытұлы «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламалары туралы аудан тұрғындарына түсіндіріп берді. Аталған бағдарламалар ауылда жоқ кәсіп көзін ашу, грант иегері атануға және ауылдың экономикасын арттыруға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Елді мекендерді аралау бағыты алдымен Сұлутөбе, Тартоғай, Майлытоғай ауылдық округтерінен басталды. Тұрғындардың ұсыныс-пікір, сауалдарына топ мүшелері кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауылдағы ағайынның ең басты күн көрісі мал және егін шаруашылығы. Осы орайда, Ербол Жеңсікбаев ірі қара малды асылдандыру бағыты бойынша ауданнан 6 адам Талдықорған қаласында оқытылғанын және олар осминаторлық қызметті тегін көрсететінін айтты. Сондай-ақ, осминаторлар мүйізді ірі қара мен уақ малды ұрықтандыру үшін малыңыз базаға тіркелуі шарт,– деді.
Мұнан кейін Бала би ауылында болған құрам, ауылдан кәсіпкерлікке 80 адамның тіркелгенін естіп, кәсіп бастау жолындағы құжаттың ретімен, несие алудың қағидаларымен бөлісті. Ал Ортақшыл ауылында 26 шаруа қожалығы, 60 жеке кәсіпкер өз жұмысын дөңгелетіп отырған жайы бар. 5 отбасы 583 мың көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атанып, кәсіп бастаған. Сәрсенбай Серік есімді азамат 1-2 га жерге бау-бақша егу үшін қайтарымсыз несие немесе кепілсіз несие берсе деген ұсынысын білдірсе, Жөлек ауылындағы ағайындар 583 мың қайтарымсыз несиені 2 млн теңгеге жеткізсе, 10 шақты сиыр алуға мүмкіндік болар еді дейді. Одан әрі бәйгеқұмдық Еркін Әміров 5 га жерге бау-бақша, оның ішінде алма егіп, ауданды қамтамасыз етсем деп армандайды. Қай банкті жағаласаңызда сұрайтыны жылжымайтын мүліктің болуын міндеттейді. Бағалаған кезде ескі үй 1млн, жаңа үй 2 млн-нан аспайтынын айтып налыды. Дән атасы Ы.Жақаев ауылының тұрғыны Нұрсұлу Ахметова «азық-түлік дүкеніне қандай да бір жеңілдік, көмек болса ары қарай ілгерілеуге үлкен септігі болар еді» дейді. Өз ісін ашып, екі қолға бір күрек тапқан Қарғалы ауылында да 44 кәсіпкер бар. 2020 жылы 15 адам кәсіп ашу үшін тіркелсе, 2021 жылы 10 адам тіркелген. Жылдан жылға өз несібесін кәсіптен тапқысы келетін жандардың қатары көбеюде. Мәселен, Ақтолқын Арапова қайтарымсыз несие алып, Елбасы айтқандай екі сиырдан нәпақасын тауып отырған жанның бірі. Ал телікөлдік Кенжегүл Дарханбекова тігін ісін жүргізу үшін қайтарымсыз несие алған. – Енді сурет салу өнерімен тігінді ұштастыру үшін тағы да көмек болса, кәсібімді дөңгелетер едім, – деп ағынан жарылды. Осындай мәселелер Бәйтерек, Алмалы, Досбол датқа, Ә.Тәжібаев, Алғабас, Бестам, Ақмая, Еңбекші, Үлгілі, Тұран ауылдарында да көтерілді. Кәсіп ашуға көбіне кедергі келтіретін кепілдің дұрыс бағаланбауы немесе мүлде кепілге жатпауы себеп. Мұнан бөлек аяқ су, маршрут мәселелері де айтылды. Мысалға Алмалы ауылына аудан орталығынан қатынайтын не газель, не автобус жоқ. Ауданның таксилері үй-үйді аралап апармайды. Сондай-ақ, жол ақысы қалтаға ауырлық етеді. Жалпы барлық ауылдардың мәселесі – байқағанымыздай, жер мен кепілге келіп тіреледі.
Ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігімен танысқан мамандар мен мәслихат депутаттары айтылған мәселелердің оң шешімін табу жолдарын ұсынып, маңызды деп тапқан мәселелері бар тұрғындарды жеке қабылдауға шақырды.
Айта кетейік, әр айдың екінші, төртінші аптасындағы сәрсенбіде Айткүл Әліқызы Атамекен ҰКП Шиелі аудандық филиал ғимаратында ашық есік күнін өткізеді. Аудан тұрғындарының кәсіпкерлікке байланысты келелі мәселелерін, ұсыныстарын тыңдайды.
Ақбота БАЯНБАЙ