Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең үлкен марапат – елден алған алғыс

Ең үлкен марапат – елден алған алғыс


Кәсібінен нәсібін тапқан жігіт ағасы – игі іс жасап, туған өлкесінің түлеуіне тер төгіп, халқының қорғанына айналған жайы бар. Әсіресе кешегі індет кезінде бағаның тұрақтылығын сақтап, дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмауға тырысқан Нұрлыбек Мырзабековті аудан халқы жақсы таниды. Ол бүгінгі таңда оқыған мамандығының игілігін халыққа көрсетіп, өзін де өзгені де жұмыспен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған жан.
Шымкент мемлекеттік фармацевтика институтын Фарматция мамандығы бойынша «Провизор біліктілігін» үздік бітірген студент, ректораттың ұсынысы бойынша физиология, аналитикалық фарм кафедрасында жұмыс жасап, алған білімін 2 жыл практика жүзінде пайдаланады. Кейін елге оралып, қазіргі аудан орталығындағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған «Мөлдір» дәріханасының негізін қалайды. Бастапқы жылдары оңай болмағанын Нұрлыбек Мырзабеков былай еске алады.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993-1994 жылдары оңай болмады. Сонда да түрлі қиындыққа қарамай, мақсатыма жету үшін дәріхана аштым, кейін ауруханадан Шиелі аудандық дәріханасы ашылып, шақырту алдым. Меңгеруші қызметінде 5-6 жыл еңбек етіп, қайтадан өзім бастаған кәсібіме оралдым. Басында кішкентай ғимаратты алдым. Бір қолыма отынды, бір қолыма көмірді ұстап, жаяу Бала би мен Шиелінің ортасында ұйқысыз күндерді өткіздім. Уақытымның көп бөлігі жолда өтті. Қазіргідей жүйткіген, зулаған көліктер қатынамайды. Дәрілерді дорбамен Алматы, басқа да қалалардан тасыдым. Қазір, шүкір, жолым өз арнасына түскен. Қиындықтар артта қалды. Қалаған дәрілерді келісімге отырып кез келген шет елден жеткізуге болады. Осы кәсіпті бастарда әкем үйдегі жалғыз жылқысын сатып, маған берді. Сондықтан үмітті ақтау мойынға артылған парыз, – дейді Нұрлыбек Аябекұлы.
Дәріханада қосымша процедура қабылдайтын, барлық құрал-сайманмен жабдықталған бөлмелер де бар. Сондай-ақ 2 дәрігер, медбикелер жұмыс жасайды. Жалпы Нұрлыбек Аябекұлы бас-аяғы 25 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мөлдір дәріханасының қазір ауылдық елді мекендерде бірнеше филиалы бар. Стандартқа сай барлық дәрілер қорда бар және мемлекет бекіткен шекті бағадан өзге баға қойылмайды. Мысалға антибиотиктер, гепарин, дексаметазон, преднизалон, укол, ерітінділер, бетперделерді басында халық жаппай сатып алып жатқаны есімізде. Тіпті аскорбин қышқылы табылмай жатты. Осыны уақытында ұғынған «Мөлдір» дәріханасының қызметкері Гүлсім Қизатқызы дәрілердің тапшылығын болдырмауға және жаппай сатылымға қоймай адам басына, дәрігердің бекітуіне қарай ыңғайлады. Себебі жаппай дәріні бірнеше ғана адам иемденіп алса, келесі мұқтаж жанға дәрілер жетіспей қалуы мүмкін еді. Пандемия уақытында 24 сағат бойы жұмыс жасаған мөлдірліктер тек аудан мен елді мекендерді ғана емес, қаланы да дәрімен қамтамасыз етіп отырған.
Қазіргі таңда, Нұрлыбек ­Мырзабеков Қазақстан Республикасының фармацевтикалық кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасының кәсіпкерлер палатасының мүшесі болып табылады. «Парыз-2014» байқауының дипломымен, Халықаралық конференцияның алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ «Үздік адамдар», «Табысты адамдар», «Білім берудегі үздіктер» атты үш томдық энциклопедияға енсе, Мөлдір дәріхана желісі мемлекеттік тіркеуден және денсаулық сақтау басқармасының GPP мен GDP халықаралық стандартына сай лицензиясын алған. Бүгінгі таңда ауылдық елді мекендерде дәріханалардың бірнеше филиалы ашылып, фармамаркет және итальяндық технология бойынша Робот – дәріхана пайдалануға берілген. Робот – дәріхана Қазақстанда үшінші, ал ауылдық жерлерде бірінші болып табылады.
Кәсіпкердің мұқтаж жандарға жасаған игі істері де жетерлік. Мәселен, ол, пандемия кезінде ауа тазартқыш апаратын, бу ингаляторын, қысым өлшейтін танометрді, дыбыс естімейтін жандарға арналған есту аппаратын тегін таратып, түрлі қайырымдылық іс жасап тұрады. Алайда қашанда қолында барын аямай, сауапты істердің айналасынан табылатын азамат оны жариялауды жөн көрмейді. Расымен де шын мұқтажға жомарттық жасаудың сауабы мол. Ол – бергенін ұмытып, алғанын есінен шығармайтын адам. Ең үлкен марапаты – жұрттан алған алғысы мен жинаған абыройы. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мiнез-құлыққа байланысты. Ендеше, ел алғысын арқалаған Нұрлыбек ­Мырзабековке Жаратқан тарту еткен жақсы мiнез бен жомарт жүрегiңнiң арқасында толағай табыстарға жете беріңіз демекпіз.

Ақбота Баянбай
19 сәуір 2021 ж. 277 0