Індеттің екпінін екпе тежейді
Сәрсенбі күні аудан әкімі Қ.Мүбараковтың төрағалығымен коронавирусқа қарсы жедел штаб отырысы өтті. Отырысқа штаб мүшелері, бөлім басшылары, кент әкімі мен дербес мекеме басшылары қатысты. Ал, ауылдық округ әкімдері жиналысқа ZOOM платформасы арқылы онлайн қатысып отырды.
Жиында аудан әкімі Қ.Мүбараков аудан көлемінде карантин талаптарын қатаң сақтап және сақтық шараларын әлсіретпей, санитариялық-дезинфекциялық жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, отбасылық салтанатты, естелік іс-шараларды, үйде және адамдар көп жиналатын өзге орындарда өткізбеуді ескертіп, тиісті сала басшыларына қатаң қадағалауды жүктеді.
Шұғыл штаб отырысында Қызылорда облысы ағымдағы жылдың 8 сәуірінен бастап «сары» аймаққа еніп, соған сәйкес облыстық бас санитардың 13.04.2021 жылғы №8 Қаулысы бекітіліп, бірқатар карантин талаптары күшейтілгені жайлы айтылды. Күн тәртібіндегі мәселеге орай, аудан көлемінде «Covid-19» індеті бойынша эпидемиологиялық ахуал жайлы Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева баяндама жасады.
– Ауданда жыл басынан осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 67 науқас тіркеліп, оның 18-і симптомды түрімен ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасында емдерін алса, симптомсыз түрін жұқтырған 32 науқас амбулаторлы медициналық бақылауда емдерін жалғастырды. Бүгінге дейін 38 науқас жазылып шықты, 1 науқас қайтыс болды, 11 науқас ауруханада емделіп жатыр, 27 науқас амбулаторлы бақылауда. Эпидемиологиялық зерттеу барысында жанұялық қарым-қатынастағылар арасынан анықталғандар – 13, үй карантинде жатқандар – 111 адам, – деді ауданның бас санитары.
Бұдан бөлек, Гүлзада Садықбекқызы вирус жұқтырған науқастардың жас ерекшеліктеріне де тоқталды. Бас санитардың сөзінен ауданда 1 жасқа дейін – 1, 2-14 жас аралығында – 9, 15-29 жаста – 11 бала тіркелгенін білдік. Бұл көрсеткіштердің ішінде жасөспірімдер мүлде жоқ. Ал, 30-60 жас аралығында – 31, 60-89 жаста – 14 науқас есепке алынған.
Қазақ «сәуір болмай, тәуір болмайды» дейді. Бірақ, аты жаман індет мезгіл таңдамайтынын тағы да дәлелдеп отыр. Жыл басында «жасыл» аймаққа еніп арқамызды кеңге салғанымыз сол еді, сәуір айынан бастап Сыр елі қайта «сары» аймаққа еніп, қауіпті індет қайта күшейді.
– Қазір коронавирус инфекциясын жаңадан жұқтырған 2 тұрғын анықталып, эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап алаңдатушылық тудыруда. Оның арасында 2 оқушы, 1 балабақша қызметкері бар. Бұл ретте үй-жағдайында оқшауланған адамдар мен оларға күтім жасайтындардың сақтық шараларына салғырт қарауы бізді алаңдатып отыр. Себебі, вирустың адамға әсер ету жылдамдығы жоғары. Оның үстіне вирустың мутацияланған жаңа штамдарының белсенділігі әлем бойынша артып келеді – деді Г.Садықбекқызы.
Жыл басынан «Соvid-19» КВИ-ның симптомды түрімен ауырған – 26 науқасты және симптомсыз түрімен ауырған – 40 науқасты контингенттер бойынша жіктеп шыққан Г.Айтекеева ауданда коронавирус індетін жұқтырғандардың басым көпшілігі жұмыссыздар мен зейнеткерлер екенін айтты. Одан бөлек осы топқа мектеп қызметкерлері мен оқушыларды, басқа да әр түрлі салада қызмет ететін аудан тұрғындарын кіргізді.
Иә, медицина саласы қызметкерлері індеттің алдын алудың бірден-бір жолы вакцина егу екенін ескертуде. Осы ретте еліміз бойынша «Спутник V» вакцинасын егу жұмыстары жүріп жатыр. Наурыз айының басынан вакцинациялауға аудандық емхана ғимаратынан 2 егу кабинеті, «Көкшоқы» емханасынан 1 егу кабинеті дайындалып, егу жұмыстары барысында қажетті қосымша құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Осы сәтке дейін ауданға бөлінген 210 доза вакцина медицина қызметкерлеріне егілген. Онымен қоса, 500 доза вакцина бөлініп, алдағы уақытта мұғалімдер мен ішкі істер қызметкерлеріне егілетін болады.
Е.Айтөреұлы