Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз – ел үшін екінші Ана

Ұстаз – ел үшін екінші Ана


1960 жылы 22 сәуірде Айтұрсын апай өзінің 5-ші перзентін өмірге әкелді. Осы күнге дейін 4 қыздың анасы атанған ол, бұл жолы сәбидің жынысын сұрамақ түгілі қарамады да. Тек аман-есен дүниеге келгеніне қуанды. Осы сәтте дәрігер жанына келіп, «неге ұлың туралы сұрамайсың?» дегенде қуаныштан көзінің жасы көл болғанын әлі күнге ұмытқан емес. Себебі, жалғыз ұлы Марал Жұмаділов кішкентайынан «Анашым, сені Меккеге апарамын» деп жиі айтатын. Тек айтып қана қойған жоқ, алдына мақсат қойып, сол жолда тынбай еңбек етті. Кәсібін ашып, ісін өрге домалатты. Соның арқасында бала күнгі арманы жүзеге асып, 2014 жылы анасын Мекке Мединаға апарды. Айтұрсын Тәжітаеваның ұрпақ тәрбиелеу ісін айтпас бұрын өз ұлы жайында сөз қозғауымыз бекер емес.
Ұстаз туралы сөз бастау қиынның қиыны. Ол ұстаз кеңінен танылып, ұстаздықтың ең жоғарғы сатысына көтерілген, жалпақ жұртқа сөзі өтетін «Еңбек ардагері» болса тіпті де. Негізінде Мағжанның «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деп айтқан сөздегі төр біз сөз еткелі отырған Айтұрсын апайға лайықты. Ол 1930 жылы дүние дидарына келіп, еңбек жолын Бәйгеқұм ауылындағы №401 Қазақ темір жол мектебінде бастады.
Ұстаздық ету – ұлы жол. Шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол. Оқу мен тынымсыз еңбектің, қуаныш пен көз жастың жолы. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақ. Дәл осы сөз А.Тәжітаеваға қаратып айтылғандай. Сан мыңдаған шәкіртті қияға ұшырып, арманына қанат бітірген ұстаздың еңбегі еш болмады. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Халықаралық қайырымдылық қорының» төрағасы, «Qazaq» газетінің құрылтайшысы, «Марсель групп» компаниясының президенті, «Алтын жүрек», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлықтарының және Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты, меценат Махмұт Нәлібаев, белгілі кәсіпкер, құрылысшы, атымтай жомарт Темірхан Әлімқұлов, Икрамша Жүнісов сынды шәкірттері ауылға келсе алдымен ұстазы Айтұрсын апайымен сәлемдеседі. Мұндағы «мықты ұстаз» жаңағы айтылған ұлы жолдың шыңына жету үшін талпынған шәкірттері арқылы айшықтала түспейді ме?
Тарих ғылымдарының докторы, 150 ғылыми еңбектің авторы, 10 оқу құралдарын жазған Хадиша Абжапарова «Тарих пәніне деген қызығушылығымды оятқан Айтұрсын апайым болатын. Үнемі қолынан картасын тастамайтын ол әр қаланың астанасын әртүрлі әдіспен қызықты етіп жеткізетін. Білімнің бастауын, негізін қалаған ұстазымның үйреткені өмір бойы азық болып келеді. Ол кісі «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп үнемі бізге айтып жүретін. Содан болар, өмірден өз орнымды табуға тырысып, ұстазымның жолын жалғадым» – дейді.
Қажымайтын қайсарлығы мен батыл мінезінің арқасында ұстаздар үнемі толассыз білім мен үлкен ізденістің үстінде жүреді. Тарыдай баланың сауатын ашып, әріп танытса, таудай балаға білім-ғылым үйретеді. Оқулық пен кітап беттеріндегі әрбір сөздің, әрбір сөйлемнің үлкен маңдай термен келген еңбек екенін түсіне отырып, оны баланың санасына құяды, ұғындырады. Білім берудің небір қырлары мен сырларын игере отырып, оны өз тәжірибесінде орынды, тиянақты, дұрыс әрі дәл пайдаланып, қолданады. Білімді беру аз, ал оны қайтарып алу – міне бас­ты мақсат. Осы мақсаты орындалған Айтұрсын апай биыл 91-ші көктемін қарсы алуда.
«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді дана халқымыз. Алла Тағала бір жанға шектеулі, енді бір жанға ұзақ ғұмыр сыйлайды. Адамның ғұмыр жасы қанша ұзақ болса, ол өмірдегі сонша нәрселерге куә болып, көңілдегі ой сандығын небір керемет жайттарға толтыра түседі. Заманының өзгергенін көру, өмірдің мәнін тереңірек ұғыну – жылдардың еншісіндегі дүние болса керек. Аз жасау, көп жасау маңызды да емес шығар, ең бастысы өзіңе берілген өміріңді жете бағалай білу керектігін үнемі тілге тиек ететін ұстаз-Ана әлі күнге шәкірттерінен қол үзген емес. Әжейдің шаңырағына барғанда Әсия Қалдыбекованы кезіктірдік. Ол апайдың шәкіртінің жары екен.
– Әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп, ғибратты ғұмырымен ұрпағына сыйлы болған ұстазға деген құрметім ерекше. Себебі, жолдасым екеумізге үнемі ақыл-кеңесін беріп, қателессек жол сілтеп келеді. Тіпті, ұнатпаған қасиетін аңғарса хат жазып жіберетіні де бар, – деп жымиды. Ұстаз үшін берілген білімнің қаншалықты баланың санасына жетіп, көкейінде қалуы маңызды. Болашақта өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жемісін беруі – әрбір ұстаздың қуанышы мен арманы. Олай болса ұлы жолдың бойымен келе жатқан ұлы ұстаздарымызды ұлықтау – тұтас елдің парызы деп бағамдамасқа болмас.
1985 жылы бейнетінің зейнетіне жеткен Айтұрсын Тәжітаева бұл күндері ардақты ана, ақ жаулықты әже атанып, 10 немере, 25 шөберенің қызығын көріп отыр. 5 қызының екеуі аман-есен жанында жүр. Үлкені Гүлжауһар Жұмаділова «Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз». Екінші қызы Лаура Әлжанова да ана жолын жалғап, педагог қызметін атқарып келеді. Ал жалғыз ұлы Марал Жұмаділов Қазақстанға белгілі кәсіпкер, меценат. Үлкен бір шаңырақтың отанасына айналған ақ жаулықтың иесі жайында жоғарыда атап өткен белгілі азаматтардың аузынан естіп, газет бетінде хаттағанды біз де жөн санадық. Себебі, ұстаз – ел үшін екінші Ана!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
02 сәуір 2021 ж. 1 157 0