Ашықтық пен қашықтық
Бұл күндері ақпарат көп. Бірақ қайсысы ақиқат, қайсысы жалған екенін ажырату қиын. Әп-сәтте әлеуметтік желіде желдей есетін жаңалықтың анығын білу үшін көпшілік газет-журналға жүгінеді. Алайда тиісті мекемелерден ақпарат алудың машақаты әлі де азаймай тұр. Ұмытпасақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында халықпен кері байланыс орнатуды ұсынды. Десек те аудандағы тиісті мекемелер әлі де болса ашықтықтан қашықта жүрген сыңайлы...
«Ашықтық, бақылау мен есеп – жемқорлықпен күресудің жолы». Бұл тәмсіл қоғамның қозғаушы күшін айқындап берді. Бақылау бар жерде жүйе боларын, есеп сұралған мекемеде жұмыс жүретінін, ал ашықтық сенімнің іргетасы екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәріне ортақ міндет екенін атап көрсеткен болатын.«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының түпкі мәні – қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару. Яғни, жүзеге асып жатқан істерді халыққа жүйелі түрде жеткізу.
Қалаларды шарлап, республикадағы мәселелерді тізбектемей-ақ қоялық. Жай ғана Шиелі ауданында толайымды тірлік, ауыз толтырып айтарлық жұмыстар істеліп жатыр. Кемшілік те жоқ емес. Бірақ, сол кемшіліктің өзі жұмыс жүрген жерден табылады емес пе? Алайда бұқараның билікке айтар базынасы көп. Неліктен? Себебі, билік басындағылардың атқарып жатқан жұмысын, алдағы жоспарын халық білмейді. Расында, одан халыққа жеткізетін бұқаралық ақпарат құралдары да хабарсыз. Тұрғындар көтерген мәселенің анық-қанығын не болмаса, орын алған төтенше жағдайдың себеп-салдарын дәл уақытында тігісін жатқызып жеткізу журналистердің міндеті. Бірақ, оған жауапты маманнан нақты ақпарат алу үшін хат жолдап, жауабын 7 күн күтіп жүргенде бұқараның арасында сан түрлі пікір туындап, мекеме басшысы да сынға түседі.
Осы орайда әлеуметтік желі арқылы әрбір жұмыстың есебін беріп отыруға тырысатын Шиелі ауданы әкімдігі парақшасының жұмысын назарға алуға болады. Сол секілді әрбір мекеме арнайы ақпаратпен жұмыс жасайтын маман бекітсе БАҚ-пен де бұқарамен де байланыс орнатуы жеңілдеп, жұмысы да жүйелене түсер еді. Әрі халық көкейдегі мәселелер айтылып, бір бағытта жұмыс істесе басшы да қосшы да қошеметке ие болмай ма?
БАҚ пен билік арасындағы байланыс түзу, тең дәрежедегі, заңдарда белгіленгендей қарым-қатынаста болғаны жөн.
Солай болу керек те. Өкінішке қарай, шынайы өмірде керісінше көріністер жиі орын алады. «БАҚ туралы заңға» иек артсақ журналистерге ақпарат алуға ешқандай кедергі жасалмауы керек, оған қоса басылымда жазылған мәселеге байланысты жергілікті орындар жауап беруге міндетті. Өйткені журналист жергілікті биліктен өзі үшін бір үзім нан сұрап отырған жоқ. Мақалада қоғамдағы орын алған кемшіліктер көрсетілгендіктен, соның себебін және оны түзетуді оқырман, яғни бұқара білуі қажет, оны талап етуге құқылы. Бірақ, бұл заңдылық көп жағдайларда сақталмайды. Бір-екі ғана мысал келтіре кетейік. Басылым беттерінде «әкім назарына», «мәселе» сынды айдарлармен де көптеген мәселелер көтеріп, тиісті сала басшыларын да нұсқап проблемалық мақалалар жарық көрді. Мәселен, осы уақытқа дейін «Иең қайда ғимарат?», «Кәсіп ашудың машақаты азайды ма?», «Шақалақ неге шетінейді?», «Жер-Анаға құрмет – адамзатқа міндет» т.б материалдарда аудандағы өзекті мәселелер айтылды. Бірақ, оған жауап қатып, шешімін ұсынған тиісті сала басшыларын кезіктіргеніміз жоқ. Тек, жазылған жайды жауапсыз қалдырмайтын кент әкімдігін ғана атап өтуге болады. Сондай-ақ, ақпарат сұрай қалсақ «Сіздер материалды жазып әкеліп, біз оны басшымызға жіберіміз. Егер рұқсат берсе басуларыңызға болады» деген мамандарды да кезіктіреміз. Бұл не сауатсыздық па, әлде басшылардың төмендегі қызметкерлеріне қойған талабы мен тапсырмасы ма? Әйтеуір, ашықтыққа келгенде басын ала қашатын мемқызметкерлер мен басшылардың бұл әрекетін түсініп болмадық. Барды бар қылып көрсете білу де басшылықтың іскерлігін көрсетсе керек. Алайда жергілікті биліктегі басшылар ашықтықтықты тек әлеуметтік желіде жауап қату деп қана түсініп жүргендей...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ