ТОҚ ЖӘНЕ ТІК ІШЕК ҚАТЕРЛІ ІСІГІНІҢ АЛДЫН АЛУ
Әлемде жыл сайын тоқ және тік ішек қатерлі ісігіне 1 млн-ға жуық адам шалдығады екен. Өкінішке орай, осы көрсеткіштің жартысы 500 мыңға жуығы ауыр сырқаттың салдарынан көз жұмады. 2020-шы жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде дерттің қауіпі бар деген 110 адам жаңадан есепке алынса, 10-на тоқ және тік ішек қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Обырдың алдын алуға болама? Онымен қалай күресу керек?
Тоқ және тік ішек қатерлі ісігін ерте бастан анықтау бойынша скринингтік шаралар дүние жүзілік тәжірибеде тиімді әдіс болып табылады. Ол ең алдымен тоқ ішектің қатерлі жаңа түзілімдерін дер кезінде анықтап, диагностикалауға мүмкіндік береді. Облыстық онкологиялық диспансер мамандарының айтуынша соңғы екі жылда науқастану 5 %-ке өскенімен, өлім-жітім көрсеткіші 27%-ке төмендеген. Тоқ және тік ішек қатерлі ісігіне көбіне дұрыс тамақтанбайтын, саламатты өмір салтын ұстанбайтын адамдар шалдығады. Басым көпшілігі жастары 50-ден асқан ересектер түрлі асқазан ауруларына шағымданады. Тексеру және диагностикалаудың нәтижесінде обыр анықталады. Аурудың басты белгілері диарея, іш қату, нәжісте қан анықталу, іш кебу сезімдері, белгісіз себептен салмақ тастау, жүрек айну немесе құсу. Өкінішке орай, әйелдер мен ер адамдар көп жағдайда осы симптомдарды дәрігерге айтуға ұялып, тегін скринигтік бағдарламалардан өтуге бас тартады. Ауданымызда және облыстық онкологиялық орталығында эндоскопия өту кезінде жоғары сатылы құрылғы пайдаланылады. Бір жылдың ішінде видеоколоноскоптың көмегімен 1000-ға жуық адам толықтай тексерістен өтеді.
Жоғары сатылы сараптамалық аппараттың көмегімен ағзада болып жатқан барлық өзгерістерді, тоқ және тік ішектегі жарықтар мен жарақаттарды анықтай аламыз. Бұл процедурадан өту үшін науқастар бірнеше күн бойы қатаң түрде диета ұстап, асқазанын барынша тазартып, босатуы тиіс. Жалпы эндоскопия 30 минутқа жуық уақыт жүргізіледі.Біздің басты мақсатымыз ауруды бастапқы сатыда анықтап, сырқатты дәрігерге әрі қарай емделу үшін жібереміз. 2018 жылы скринингтік бағдарламалардың және эндоскопиялық тексерістің нәтижесінде 13 солтүстік қазақстандықта қатерлі ісік анықталған. Оның 3-інде 1-ші сатысында, ал қалған 10 адамда 2-ші сатыда. Барлығы да тиісті хирургиялық ем-домнан өткен. Айта кеткен жөн, наурыздың 30-ы аудандық емханада және облыстық онкологиялық орталықта ашық есік күні өтпек. Бұл күні аудан, облыс тұрғындары білікті мамандарға тегін қаралып, пайдалы кеңес ала алады.
Сәуле Жансарина,
онколог, жоғарғы
санатты дәрігер