Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт денсаулығы басты назарда

Ұлт денсаулығы басты назарда


Өткен бейсенбіде «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі «Ұлт денсаулығы басты назарда» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов,­ «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздық, Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева, ішкі аудит жөніндегі орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева, дәрігерлік кеңестің комиссия төрайымы Несібелі Айтбаева, Шиелі аудандық әйелдер қоғамының төрайымы Гүлзинат Сағындықова және БАҚ өкілдері қатысты.
А.Есмаханов пен Б.Сыздықтан кейін сөз алған қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ­Жанат Сапаржанова «Елдің және қоғамның басты байлығы адам және оның денсаулығы. Бүгінгі таңда еліміз дамыған елдермен қатар денсаулық саласына аса мән беріп отыр. Өйткені адам денсаулығы – ұлт болашағы және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрмыс жағдайының көрсеткіші. Бүгінгі дөңгелек үстелдегі бас қосу соның алғы шарты» деді. Мұнан кейін Облыстық арыз-шағым және өтініш қабылдау бөлімінің басшысы ­Абылайхан Рахманов МӘМС жүйесі мен денсаулықты сақтандыру туралы ақпаратпен және оның тиімді жолдарымен бөлісті. Жұмыссыздық жағдайында да әрбір адам жекелей сақтандыра алатынын айтты. Негізінен жұмыс беруші табыс көзінің 2 процентін жұмысшының денсаулығын медициналық сақтандыруға аударады.
«МӘМС пакетіне жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ секілді бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық қызмет түрлері, оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері, сондай-ақ, қарапайым халықтың қалтасына қосымша жүк салатын медициналық қызметтер кіреді.
Қазіргі уақытта елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 1 миллионға жуық адам бар. Бірыңғай жиынтық төлем несімен тиімді? Олар сақтандыру жүйесіне қалай қосылады? «Олар үшін МӘМС жүйесіне қосылудың екі жолы бар. Біріншісі – «өз бетінше» төлеуші ретінде. Жарна бір ең төменгі жалақының 5 процентін құрайды. Ал ең төменгі жалақы бізде – 42 500 теңге. Жеке тұлға сол соманың 5 процентін, яғни – 2 125 теңге төлейді. Екіншісі – бірыңғай жиынтық төлем. Бұл елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген салық түрі болатын. Жиынтық төлемнің 40%-ы Медициналық сақтандыру қорына, 30%-ы Зейнетақы қорына, 20%-ы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 10%-ы табыс салығына аударылады. БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) немесе 2 651 теңге. Ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК немесе 1 325 теңге. Сақтандыру пакетіне енген қызмет түрлерін пайдалану үшін БЖТ соңғы 3 айда үзіліссіз төленуі тиіс» деді Абылайхан Рахманов.
Сондай-ақ аудан тұрғындарының денсаулығына байланысты бірнеше проблемалы жағдаяттар Ж.Сапаржанова мен Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева, ішкі аудит жөніндегі орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева, дәрігерлік кеңестің комиссия төрайымы Несібелі Айтбаевалардың өзара келісімі арқылы Шапағат Дүйсенбаева, Сұңғат Жүзімов, Бақыт Әбсадықовтың денсаулығына қатысты мәселелер өз шешімін тапты.

Ақбота БАЯНБАЙ
24 наурыз 2021 ж. 761 0