Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Цифрлы Қазақстан» – интернет алаяқтыққа жол ашпай ма?

«Цифрлы Қазақстан» – интернет алаяқтыққа жол ашпай ма?


«Цифрлы Қазақстан» – ҚР Тұңғыш Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан кейін қабылданған бағдарлама. Оның негізгі мақсаты республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бағдарлама өнеркәсіп, логистика, электронды сауда, байланыс желілері секілді түрлі салалармен тығыз байланысты. Қазірдің өзінде ХҚКО, банк жүйесі толықтай дерлік цифрлы форматқа көшіп үлгерді. Демек бірнеше жылда біздің өмірімізді жаңа технологияларсыз елестету мүмкін болмай қалатын секілді.
Цифрландыру өмірімізді жеңілдеткенімен, интернет алаяқтыққа жол ашуы да ғажап емес. Бұған дәлел еліміздегі танымал екінші деңгейлі банктерде бірнеше мәрте орын алған азаматтардың есеп шотынан жаппай ақша жоғалуы, егде жастағы қариялардың интернет алаяқтардың құрығына оңай түсуі секілді жағдайлар. Сонымен қатар өткен жылы ел азаматтарының жеке басы жайлы ақпарттардың саудаланғаны барлығымызға мәлім. Бұл жағдай бас прокроратураның ақпараттық жүйесіндегі әлсіздіктің кесірінен болған еді. Мұның барлығы еліміздің ақпарттық қауіпсіздігі өте төмен деңгейде тұрғандығын көрсетті. Бүндай ұрыларды құрықтау да оңай емес. Мәселен былтырғы жыдың өзінде 1800-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелсе, соның 400-ге жуығы ғана ашылған.
Адамнан айла артылған ба? Енді алаяқтықтың көптеп таралған, ұсақ болса да қауіпті түрлеріне тоқталайық. Әдіс өте қарапайым. Алаяқ сіздің номеріңізге не поштаңызға сілтеме жібереді. Сізді қызықтыру үшін бір қымбат дүние ұттыңыз деп жазуы мүмкін. Сілтемеге кіріп, банк картаңызды тіркейсіз. Міне солай әп сәтте қаражатсыз қаласыз. Міне осындай жағдаймен полиция департаментіне күніне кемі 1-2 адам шағымданады екен. IT мамандар бұл қулығына құрық болмайтындардың жымысқы әрекеттерінің тек бастамасы дейді. Технология дамып, қазақстандықтар оны терең игере түскен сайын алаяқтық әрекеттердің саны арта түседі екен.

Рымбек Ізғали – IT маман
Шет елде орын алып жатқан интернет алаяқтық бізге әлі жеткен жоқ. Көршілес Ресейдің өзінде түрлі алаяқтық жағдайлар орын алуда. Түбінде оның бәрі де бізге жетеді. Ал сол жағдай орын алғанда біз қаншалықты төтеп бере аламыз? Осы мәселе бізді алаңдатуы керек.
Жоғарыда айтылған әрекеттер әккі қылмыскерлердің, айлакер хакерлердің ғана қолынан келеді. Ал қарапайым адамдардың қолынан келетін әдісі бар ма?
Әрине мұндай әдістер де жетерлік. Әсіресе соңғы жылдары алаяқтықтың бұл түрі көбейіп кетті. Оның алғашқысы банк қызметкерлері жасаған алаяқтық іс-әрекеттері. Яғни, сіздің телефонды алып, қызметкер қоңырау шалады. Ол картаңызға шабуыл жасалғанын айтып, өзіне керекті мәліметтерді толықтай біліп алады. Әрмен қарай жымысқы әрекетін іске асырып, тайып тұрады. Мәселен, 2019 жылы Ақтөбелік банк қызметкері интернет банкинг арқылы 1 млн 200 мың теңге ұрлағаны анықталған. Ол клиенттеріне банк қосымшасына өзі тіркеу жасап, қосымшаны пайдалануды көрсеткен көрінеді. Артынан клиенттеріне білдіртпей, шоттарынан бес мың теңгеге дейінгі қаражатты өз шотына аударып отырған. Ал келесі бір жағдайда банк қызметкері егде жастағы әйел, депозиттік есеп шоттардан 32 млн теңге жымқырып, Біріккен Араб Әмірліктеріне қашып кеткен. Ал енді осындай алаяқтық әрекетін жақын туысыңыз жасаса қайтпексіз? Ту сыртыңнан пышақ ұрғандай болмай ма? Елімізде осындай алаяқтық әрекеттері орын алуда. Жеңгесінің, әпкесінің банк карточкасынан ақша ұрлап құрықталғандар көп. Бұның жазасы да ауыр. Алаяқтық жасаған азаматқа 1000 АЕК айыппыл салынып, 10 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ақшаны қойшы, туыстық қарым-қатынасқа сызат түспей ме мұнан кейін.
Министірліктің алдағы жоспарларының қатарында ақпараттық қауіпсіздігі жоғары 10 елдің қатарына кіру бар екен. Бірақ мына олқылықтарды түзетпей тұрып, бұл жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық секілді. Цифрлы Қазақстан қалыптастырамыз деп жүргенде, сиқыршы мен мыстанның отанына айналып кетпейік...

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
24 наурыз 2021 ж. 372 0