Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алмасын әлемге таратып, «Қызғалдақ маймен» шай ішкен...

Алмасын әлемге таратып, «Қызғалдақ маймен» шай ішкен...


Көктем туа қазақ даласы түрлі-түсті кілемдей құлпырып, сәуірден мамырға дейін гүлдеп тұратын қызғалдақтар атырапқа ажар береді. Қысқа уақыт бүр жарса да, соны өз көзіңмен көргенге не жетсін! Иә, қазақ жері алуан түрлі өсімдікке бай. Наурыз туып, жер бусана бастағаннан-ақ бәрінен бұрын бәйшешектер гүл ашады. Көктемді орталай бере таулы аймақтарда шұғынық пен сарғалдақ гүлдері қатар жайқалады. Әр жерде топ-топ болып қызыл гүл мен сары гүлдер жаңа көтерілген көк шөппен араласып, тау беткейлерін түрлендіріп жібереді.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған». «Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жер­орта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі – Алматы деп аталды. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жау­­лап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы», – деп жазады. Осылайша, Ұлы даланың жетінші қыры ретінде «Қазақ елі – алма мен қызғалдақтың алғашқы отаны» деп таныстырғаны естеріңізде болар.
Жалпы, мұсылмандар қызғалдақты жұмақ гүліне балайды. Тарих қойнауынан сыр тартсақ, қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІ-ІІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктер табылды. Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда да қызғалдақ суреттері салынған болып шықты. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде де өсімдік тектес оюлардың пайдаланылғаны мәлім. Қожа Ахмет ­Яссауи­ кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейлеу үшін қолданылғаны соның айғағы. Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынып, ол адам өмірінің өтпелі екендігін бейнеледі. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп бұйымдарда бедерленген. Қош, интернеттегі танымдық материалдар осылай дейді.
Әр нәрсенің де Отаны болады. Бұл орайда біздің қазақ мақтана алады. Әлем ғалымдарының айтуынша, байырғы замандардан бері өсіп-өнген алма ағашы басқа жерлерге ең әуелі қазақ жерінен таралған. Алманың біздің аймақта өсе бастағанына 50 миллион жыл болды. Алма – таулы, сулы жердің, қызғалдақ – қырдың, көктеудің, маусымдық қоныстың сәні. Екеуі де көктемде гүлдеп, қазақ даласын әсем бір күйге бөлейді. Тау тағылары тауешкі, бұғы, арқарлар жабайы алмадан қорек тапса, халқымыз өзінің халықтық білімінде оның емдік қасиетін танып, түрлі ем-домдарға қолдана білді. Байырғы қазақтар жабайы алманың дәнегімен жүрек, қан тамырлары ауруларын, йод жетіспеушілікті емдеген. Тау етегін жайлаған ауыл балаларының жабайы алма теруі, балалық шағының ажырамас бөлігі болды десек жаңылмаймыз.
Ал, қызғалдақты көктемгі жайылымның сәніне балап, қазақ халқы «қызғалдақ жемеген қозы арманда» деп мақалдайтын. Қызғалдақ гүлі кілемдей жапқан қырда жайылған қойдың сүті – қою, биенің сүті –құнарлы болады. Қызғалдаққа жайылған мал сүтінен шайқалған май қызғылт сары болып түсетін деуші еді әжелеріміз. Дәстүрлі қазақ ортасында көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарқанға ауыл әйелдері жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне дәстүрі болған. Ғұрыптық мәні бар бұл дастарқанның басты атрибуты қызғалдақты далада жайылған мал сүтінен шайқалған май еді. Бұл дәстүр бүгінде көшпелі тұрмыстық тарих сахнасынан жойылып кеткенімен, санамызда қалды. Осы орайда, «тарихтың шаңын қағып, өткенді қопарғаннан ұтарымыз не?» деген сауал туындауы әбден мүмкін. Бірақ, әлемнің бірқатар елдері өздерінің жерінде өсетін табиғи өнімдерін дүние жүзіне жарнамалап және экспорттап мемлекетінің бренді ретінде көрсететіп, қыруар қаржы тауып отыр. Мысалы, Үндістан үнді шайымен, Бразилия кофесімен, Куба қантымен, Голландия гүлімен әйгілі. Ендеше, бізге де қызғалдақ пен алмамызды неге брендке айналдырмасқа?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
24 наурыз 2021 ж. 890 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930