Ұлттық ойын – ұлт мүддесі
Мәдениет және спорт министрлігінің 2021 жылдың 26 ақпанындағы 52 бұйрығына сәйкес ұлттық спорт түрлерінің тізімі шықты. тізімде аударыспақ, асық ату, бәйге, көкпар, жамбы ату, қазақ күресі, құсбегілік, жекпе-жек, тоғызқұмалақ бар.
Сонымен ұлттық ойындардың бірқатарына тоқталып өтсек. Жалпы алғанда ұлттық ойын десе ең алдымен көкпар есімізге түсетіні аян. Көкпар – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойын атауы бір деректерде «көк бөрі» немесе «көк бөрте» деген сөздерден шыққаны айтылады. Тағы бір нұсқасында «көкпар» сөзіндегі «пар» бөлшегі паршалау, пәрелеу деген сөзді білдіреді. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Бұл күндері жергілікті Шиелі ауданында көкпар тартатын жігіттер аз емес. Себебі күз, көктем мезгілдерінде көкпар беріп, бата алатын ел ағаларының қатары артып келеді. Кей кісілер егін науқанын жинауға таяу қалғанда, енді бірі егін науқаны аяқталғанда, елдің батасын алмақ ниетте көкпар береді. Көкпар ойынына жыл сайын көліктер, ақшалай сыйлықтар және басқада бағалы сыйлықтар тігіледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған көкпаршы кереметтей сыйлықтарды қанжығасына байлайды. Елімізде ірі ауқымды көкпарлардың қатарына 2019 жылы Түркістан облысы Шардара ауданында берілген көкпарды айтуға болады. Ол жерге жеті көлік және бірнеше миллион ақша тігілген. Көкпарға шет мемлекеттерден көптеген көкпаршылар қатыстқан. Сондай-ақ тамашалауға келгендерге яки, 7 мың адамға ас берілген. Кей ақпараттарға сүйенсек, Қазақстанда өткен көкпарға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерден шабандоздар көптеп келеді. Бірақ бәрі де бірдей олжаға кенеліп кетпейді екен. Бірақ қазақ елі қашанда қонақжай халық екенін ұмытқан емес. Оған бір ғана дәлел құр қалған шабандоздарға ат-шапан жауып жіберуінде. «Алла деп қане атқа мін, Басталды бәйге көкпарым. Шабандоз деген атың бар, Шап,бәрің палуан шап бәрің!» – деп қолдап жүрер көрермендер қарасы да қалың.
Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының тағы бірі, ақыл-ой ойыны – тоғызқұмалақ. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Қазіргі таңда республика, халықаралық көлемде тоғызқұмалақтан жарыстар өткізіліп тұрады. Тоғызқұмалақ математикалық сауаттылықты қажет ететін болғандықтан бұл спорт түріне көбінесе мектеп оқушылары қатысады. Елімізде бұл спорт түрінен әр өңірде үйірмелер жұмыс жасайды. Шиелі ауданының бірқатар мектептерінде, ауылдық мәдениет үйлерінде де тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс істеп, облыстық жарыстардың жеңімпазы атануда.
Бұл күндері ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі – Жамбы ату. Оның мақсаты шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп, атып түсіру. Бұл ойын басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегін әскери ойынның пайда болуымен байланыстырады. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік бағана қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Жамбыны, көбінесе ілінген жіпті көздеп атып түсіреді. Жамбы ату қазақ сарбаздарының әскери дайындығының бір түрі болып есептелген. Кей деректерде жамбы ату ойынын сонау қазақ хандығы құрылар алдында шығарылған деседі. Бұған бірден-бір себеп әрине әскери күшті жетілдіру. Бірақ та бұл ойын түрі қазіргі таңда кең ауқымда емес. Өйткені заман талабына сай түрлі ату құралдары (мылтық, пистолет) шығуына байланысты осы құралдар арқылы мергендік сайыстар өтеді. Десек те биыл ұлттық ойын түрлері қайта қолдау тауып, жаңғырып жатқаны қуантады.
Айбек БЕРІКБОЛҰЛЫ,
№244 Ы.Жақаев атындағы
орта мектептің оқушысы
№244 Ы.Жақаев атындағы
орта мектептің оқушысы