Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақта бар қасиет

Қазақта бар қасиет

Көкпар – байырғы заманнан келе жатқан ұлттық ойынның бірі. Бұл ойын түрінің қалай және қай елде пайда болғандығы туралы көптеген жорамалдар айтылып жатады. Солардың бірінде жауынгерлік өнерді шыңдау мақсатында пайда болды деседі.

Жылқының құлағында ойнап, дұшпанмен еркін күресу көп дайындықты қажет етеді. Осы ойын арқылы ер балалардың күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, әскери дайындығын қалыптастырған. Бүгінгі күні жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттеріміз көп болғанымен, бәрі бірдей жылқыға міне алады деп айта алмаймыз. Иә, заманның талабына сай бүгінгі көкпар тек ұлттық спорт ойындарының бірі. Десе де аталған спорт ойыны жылдан-жылға дамып, жастардың қызығушылығы артып келеді. Осы қиыншылығы мол, нағыз ерлікті талап ететін спортты жанына серік еткен жастардың бірі – Жасұлан Айтбай.
Нартай ауылының тумасы Жасұлан: «Көкпаршы болу бала күнгі арманым еді. Бала күнімізде жыңғылға, өсе келе есекке мініп, көкпаршы болып ойнайтынбыз. Сол жылдарда үйімізде шағын дүкен болатын. Көкпар болады дегенді құлағымыз шалса, әкем сатылатын заттарын түйіп, атқа мінгендердің артынан ере баратын. Бала болсам да қалыспай, әкеме жармасатынмын. Көкпарды таңдана тамашалаймын. Ондағы айқай, суырылып ұшқан топырақ, тау жақтан соққан жел маған кедергі келтірмейтін. Бетім жарылып, кірпікке шаң қонғанымен ойыннан көз алмайтынмын. Қанымызда бар қасиеттен болар. Көкпаршыларға қарап телміріп отырғанымды байқаған әкем, сол маңдағы бос жүрген жылқыларға мінгізіп, арманымды қанаттандыратын. Әрі арасында ақылын айтып, тәрбиелейтін. Өйткені әкем де көкпар тартқан жан еді», – дейді шабандоз.
Соның нәтижесінде Жасұлан ­Айтбай 2018 жылы «Көшпенділер» ойынының қола жүлдегері, сол жылы Қазақстан көкпаршыларының ішінде ең үздік шабуылшы, спорт шебері атанды. Ал биыл ­жастар арасындағы «Азия чемпионы» атағына ие болды.
Көкпар ойнау, жылқыға мінудің денсаулыққа пайдасы орасан. Буын, омыртқа аурулары, жедел және созылмалы құлақ аурулары жиі мазалайтын ересек жандар мен балаларға өте пайдалы. Сондай-ақ ерекше көңіл-күй сыйлап, адам бойындағы сенімділікті арттырады, – дейді әңгіме барысында Жасұлан Айтбай.
Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген ­Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байқап: «Ат үстінде жүру – тек қана жаралы адамды ғана жазып қоймай, меланхоликтерге жаман ойлардан арылып, керісінше көңілін сергітіп, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі», – депті. Ал ертеде қазақтың данагөй ақсақалдары болса баяу, яғни тұйық мінезді балаларына жылқы баққызған деседі. Себебі, жылқымен бірге жүрген бала өмірге деген құлшынысы артып, шымыр әрі белсенді болып ер жетеді екен. Сол себепті де балаларымызды жылқыдан алыстатпаған, жылқымен бірге ер жеткізейік.


Ерұлан ДАТКЕНОВ


24 желтоқсан 2019 ж. 1 034 0