Күйзеліс
Депрессия (латынша deprimo – жабығу, торығу, құлдырау) – бұл психикалық ауытқу. Оның негізгі үш белгісі бар: өмірге қызығушылығының төмендеуі, көңіл күйдің бұзылуы (ангедония), ой мен сананың сергелдеңі, яғни жағымсыз ойларға бой алдыру және белсенділіктің жоғалуы. Күйзеліс ұғымы адам болмысына қарай белгіленген төрт темпераменттің ішінде меланхолиямен пара-пар. Күйзеліс дерті бұрыннан бар. Бірақ бұл ұғым баяғы заманның емес, қарыштаған қазіргі заманның сүйікті сөзіне айналды. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі жаһандану дәуірінде күйзеліске түспеген жан кемде-кем. Өйткені, әлемдік көрсеткіштер бойынша жүрек қан-тамырлары ауруынан кейінгі орында тұрған осы ауру. Қазақтың қамығу, күйзеліс, жабығу, торығу сөздеріне сиатын күйзелістің ақыр соңында адамды өзін-өзі саналы түрде басқара алмауына әкеледі.
Әрине, пайым да, болжам да көп. Психологтар дерттен айығу үшін адам ең алдымен ішкі жан дүниесінің мәнін ашу керек дейді. Яки кез келген адам өз-өзімен тілдесіп, сұраққа жауап іздеуі тиіс. Күйзелістік күйге түскен адам тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да кері әсер етеді, мұндай адамдар қоғамнан алшақтанып, алдамшы ғұмыр кешеді деген пайымды да алға тартып отыр, Қалай десек те, күйзеліс – дерт. Бірақ оны емдеудің сан түрлі әдіс-тәсілі бар. Дамыған елдерде әрбір адам алты ай сайын психологпен кеңеседі екен. Біздің қоғамда психологтың көмегіне жүгініп, кеңес сұраған адам рухани әлсіз немесе есуас, нақұрыс адам саналады. Әйтсе де шым-шытырық оқиғаға толы бүгінгі жаһандық қоғамда психолог маманның ақыл-кеңесі әрбір адамға қажет сияқты. Ішке енген «қара төбетпен» күресу заманауи адам үшін маңызды-ақ. Әйтпесе, жауапсыз махаббаттың ащы запыранын тартқан жастар да, ҰБТ-ны тапсыра алмай сан соғып қалған жасөспірімдер де, күнделікті күнкөріс көзінен айырылып, өмірінің мәнін жоғалтып, араққа салынған ерлер де намыстан қорланып, ақыр аяғында тәнін саудаға салған бойжеткен де, бір балаға зәру боп, Алладан ұрпақ тілеген ана да, баспанасыз далада қалған тұтас жанұя да күйзелісті жағдайды бастан кешіріп, күйзеліс атты әбжыланның аузына ілігуде... Бір қарағанда мұның барлығы өмірдің елеуге тұрмайтын сәті сияқты, бірақ зардабы мен салдары тым ауыр-ақ...
Сенім ұялы телефоны 8800-080-22-26, 8-775-471-32-72
З.Жағыпбарова,
Шиелі ауданаралық емхана психологы
Шиелі ауданаралық емхана психологы