Күйзеліс күйретеді
Күйзеліс – бұл адамның өмірдегі түрлі жағдайға қалыпты физиологиялық реакция танытуы. Көбіне көңіл-күйі болмаған немесе қандай да бір қайғылы оқиғаны, жағымсыз кезеңді бастан өткерген адам күйзеліске ұшырайды. Психолог-мамандардың айтуынша, әсіресе, күз, көктем мезгілдерінде адамдар күйзелістік күйге тап болады. Күйзеліс жас талғамайды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін күйзеліске ұшырауы мүмкін.
Күйзелістің симптомдары денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Бірақ өкініштісі, көп адамдар бұл дерттің қауіпті екенін сезіне бермейді. Сізге ол әдеттегі бас ауруы, тәбет жоғалту, ұмытшақтық пен шаршау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, бұл толықтай күйзелістің симптомдары, олар сіздің ағзаңызға, сезіміңізге және мінез-құлқыңызға ерекше әсер етеді.
Күйзеліс күйден арылмау, торығу денсаулыққа зиян екенін бәріміз де білеміз. Болмашы нәрсеге күйгелектену – жүйкені тоздырады, жүрекке күш түсіреді, өмірді қысқартады, адамның мінез-құлқын өзгертеді. Күйзеліс гормондары алаңдаушылыққа, депрессияға, ашушаңдыққа, қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауына, қант диабеті және жоғары қан қысымы секілді аурулардың дамуына әкеп соқтырады.
Ғылыми зерттеулерге қарасақ, созылмалы, бақыланбайтын күйзеліс қатерлі ісік пен жүрек ауруларының дамуына әсер ететін бірден бір фактор болып табылады, тіпті темекі шегуден немесе қанда холестерин деңгейінің жоғарылауынан да едәуір қауіпті екен.
Күйзелісті болдырмау үшін не істеу қажет?
Біріншіден, стресс кезінде ағзадағы витаминдер қоры әсіресе, В тобы тез таусылады. Көптеген дәрігерлер күнде витамин ішуге кеңес береді, дегенмен де артық ішіп қоймаңыз. Барлығы орнымен болғаны жөн. Екіншіден, дене жаттығулары өте пайдалы. Спорт залына барыңыз, жаттығу жасаңыз, билеңіз, ән айтыңыз, қалада серуендеңіз, бассейнге, моншаға барыңыз. Үшіншіден, психикалық және дене релаксациясы қажет. Келесі тәсілдерді көріңіз, босаңсытатын музыка таңдаңыз, қызықты бағдарламалар қараңыз және армандаңыз. Төртіншіден, үйлесімді өмір үшін жанұяның, достардың қолдауы қажет. Психологиялық тренингтерге барыңыз, отбасылық мерекелерден қалмаңыз, жаңа қызықты адамдармен танысыңыз. Ата-аналарыңызға, ата-әжелеріңізге, бауырларыңызға көңіл бөліңіздер.
Өмір – ол адамға бір-ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый. Өмірдің өзі жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан тұрады. Міне, өмірдің өзі сонысымен қымбат. Әрине, өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес.
«Өмір – өзен ағып жатыр, тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң қайғы,
Сондықтан да өз-өзіңе абай бол,
Өмір сені сонда ғана шыңдайды» деп ақындарымыз жырлағандай, өмір – арнасы кең өзен, сол өзеннен өз арнамызды тауып ағу басты мақсатымыз.
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында және қарт кісілерде күйзеліске ұшырайтындар саны өте көп . Олардың алдын алу үшін ауданаралық емхана психологтары «Жасөспірімнің денсаулығын нығайту және күйзелістің алдын алу» тақырыбында мектеп оқушыларына іс-шара өткізуде. Егер сізде немесе балаңызда күйзеліс белгісі байқалса, психолог кеңесін алуға шақырамыз.
Кей ата-ана «Менің балам психологқа бармайды. Ол ауру емес» деп шамданып қалады. Психолог ретінде біз ешкімге «былай жаса» деп кеңес бермейміз. Сұрақ қоя отырып, қай жерде қателік жібергенін немесе қателесуі мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік жасаймыз. Көрсетілетін көмегіміз ақысыз, анонимді түрде жүргізілетінін назарларыңызға саламыз.
Мадина Нұрұлла,
Мадина Сейітқасымова,
ауданаралық емхана психологтары