Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайран, біздің шешелер, арды ойлаған...

Қайран, біздің шешелер, арды ойлаған...


Жатырына теңдік сұрап алаңда жүрген әйелдерді Мұқағали ақын көрсе «Қайран біздің шешелер, арды ойлаған» деп жылап тұрып қайта жырлар ма еді, кім білсін? Теңдік сұрап көшеде теңсетіліп жүргендер кім? Феминистік үрдістің етегіне тығылған жымысқы әрекеттің астарында не бар? Осы сарындағы сан сауал әлеуметтік желіде де желдей есуде.
– Бұл шеруде мен ЛГБТ туын байқадым. Ал бұл әйел құқығы идеясын бүркеніп, басқа құндылықтарды (құнсыздықтарды) тықпалау. Кешіріп қойыңыз, мен халифаттың туын тіккісі келетіндерге қалай қарсы болсам, ЛГБТ туының тігілуіне де сондай қарсымын. Өзіміздің кім екенімізді шығыстан да, батыстан да, Ресейден де, Қытайдан да іздемей, мүмкін өзіміздің болмысымызға бір қарармыз. Ұмыт болған, ұмыттырған болмысқа. Ойымды жеткізе алдым ба, білмеймін, – деп жазды қоғам белсендісі ­Асхат Қасенғали.
Ал, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан болмысы қандай?
Тарих тереңіне көз сүзсек қазақ халқының жойылып, жоқ болып кетпеуі үшін әйел заты аз қызмет етпеді. «Ақтабан шұбырындыдан» аман өткен аз ғана халықтың қарасын қайта көбейткен аналар. 1916 жылғы ұлт-азаттық соғыс, артынша келген төңкерістің қырғыны, 1919-1921 жылғы 1.5 млн қазақ қырылған аштық, 1931-1933 жылғы 3 млн қазақты қасақана қырғынға ұшыратқан геноцид, 1937-38-дегі ату, асу, 1941-1945-тегі Ұлы Отан соғысы бізді ұлт ретінде мүлдем жойып жіберуі тиіс еді. Алайда біз әлі тіріміз. Қазақ халқы өшпеді, өнді. Өткен ғасырға әлемдегі ең көп халық болып кіріп, ең аз халық ретінде шықтық. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда да әйелдер қауымы ала дорбасын арқалап жүріп, алға сүйреді. 10-15 құрсақ көтеріп, демографияны қайта түрлендірді.
Ері түзге кетсе, үйдегі істі тиянақтап, соғысқа аттанғанда дала мен балаға қарап, еңбектен бел жазбаған аналарды қалай ғана ұмытамыз? Таңнан қара кешке дейін мынау еркектің, мынау әйелдің жұмысы деместен бар ауыртпалықты айтпай-ақ арқалап кететін ардақтылардың дара болмысы «қазақтың әйелдері» деген әдемі атауды әкелген еді. Қазақ әйелінің образы кең. Ол – батыр, ол – ардақты ана, ол – аяулы жар, ол – ұлтты сақтаушы, ол – отбасының ұйытқысы, ол – тәлім-тәрбие беруші. Осынша ұғым бір болмысқа қалай сыйып кеткенін шынайы қазақ ері түсінеді. Себебі, қазақ халқы әйелді сан ғасыр құрмет тұтып келеді. Еуропа әйелді мыстанға теңеп, отқа жаққанда, арабтар тірідей жерге көмгенде, біз қадір тұтып, қастерлегенбіз. Оған Тұмар, Бопай, Назым, Гауһар, Зере, Айғанымдар дәлел. Сондықтан қазақ әйелінің қандай болуы керектігін араб пен батысқа қарап баға берудің өзі үлкен қателік емес пе? Бұл турасында М.Тазабек те өзінің ойын жеткізіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
– Еркек біткен жауапкершілік алу мен қызғану қасиетінен айырылу алдында тұр. Қыз қылықты болғаннан гөрі өткінші қызықтарға білікті болуды қалайды. Әйел еркекке жөн айтсам – еркіндігімнің белгісі, көптің назарында көркем көрінсем еркелігімнің белгісі деп есептейді. Тасбақа да тасын тастасам жеңілдеймін, деп ойлайды екен... Ойлаған жақсы ғой, бірақ, опық жегендерді қайтеміз? Қазір ешкім себеппен күрескісі келмейді, бәрі салдардың соңында жүр. Ұл ұлағатты, қыз ұятты болса, еркек еңбекқор, әйел жауапкер болса жүздеген проблема өздігінен шешілер еді. Бәлеқорлықтан жемқорлыққа дейін, ұрлық-қорлықтан зорлық-зомбылыққа дейін адами қасиеттің азғындауы мен жүйе жасайтын тұлғаның жетімсіздігінен екені көрініп тұрғаны ақиқат. Негізді дұрыстап, отбасын нықтап, өткеннен өнеге, озықтан үлгі алудың орынына, дәстүрден жеріп, туыстан қашып, тарихтан суып, жаттан көбіне көбік трендтерді ғана жұқтырып жатырмыз – деді, ол.
Қазақ халқының менталитетінде, тұрмыс-тіршілігінде ер мен әйел арасындағы ерекше сыйластықтың барын жоққа шығара алмаймыз. Қисық қабырғасынан жаратылған әйелді ері еркелетіп, отанасына айналдырса, жолдасының жағасын кірлетпей, айтқанына мойынсұнып отырған әйелдердің орны қашан да бөлек. Тіпті, қасиетті Құранның өзінде еркектер деген «сүре» жоқ, бірақ «Әйелдер» деген сүре бар.
Ал, заңгер А.Орынбек «Әйелдер құқығы» мен «Жатыр құқығын» арластырмаған жөн!» екенін айтады.
– Заңгер ретінде айтар болсам, өз басым мен әйел құқығын қорғап жүрмін.Әйел адамның қоғамдағы рөлі, жатыр ережелерінен емес, әйелді саналы түрде қорғау ережелерінен тұру керек!
«Әйел құқығы» деп әлдебіреудің шырмауына шатылған бүгінгі ұрпақтың шеруі шектен шығып, шекемізге тисе де, бейқам отырғанымыз тағы жарамас. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Феминистік шерудің шеті аудан жастарына келіп жетпесіне кім кепіл? Бұл күндері келінін құлындай емес, қызындай көріп, қалаған жұмысын істеуге, кәсібін жүргізуге келісім беріп, ештеңеден шектеп жатқан жоқ екенін көрмеймісіз. Әлемнің мәнін әйелден іздеп, жұмақтың кілтін ананың табанының астына салған қазақ халқындай кім бар екен?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
10 наурыз 2021 ж. 529 0