Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас депутат Баянның баянды ісі көп болғай

Жас депутат Баянның баянды ісі көп болғай


«Сөзіне қарай кісі ал, Кісіге қарап сөз алма» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, сөзі мен ісі келісті адам ғана құрмет пен мақтауға лайық. Көрген көзге нұрын сыйлап, еңбегінің нәтижесі айналасын қуантып және жасалған жұмысының өзгеге пайдасы тиіп жатса керемет емес пе?!
XXІ ғасыр – жаңа, дамыған, жан-жақты бекіген, жастары жетілген ғасыр. Заман ағымына сай сауатты, талантты жастарға жол ашылып, үлкен мүмкіндіктер туындауда. Ал Баян Дүйсенбектің болмысы нәзік, бітімі бөлек демесеңіз дәл осы талаптарға сай маман дерсіз. Жай маман емес, аудандағы ең жас мәслихат депутаты. 28 жасында депутат атанған Баян мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Сондай-ақ 2015 жылы Еуразия Ұлттық университетінің биотехнология мамандығы бойынша жоғарғы оқу орынын да үздік аяқтайды. Осылайша 2016 жылы ашылған «Ару-Ана» сүт өңдейтін кәсіпорында алғашқы еңбек жолын бастап, бүгінгі таңда осы кәсіпорынның директоры қызметін атқаруда. Өз мамандығын сүйетін Б.Сабырқызы жаңа технологияны қолдану арқылы түйе сүтін өңдеу мен сақтаудың тың тәсілдерін тауып, жаңа ашылған кәсіптің шырайын келтіреді.
Құр мақтанға салмай-ақ 2018 жылы 6 процент түйе сүтінен әзірленген балмұздақ шығарғанын, 2019 жылдан бастап сиыр сүтінен қымыз жасап, сатылымға енгізгенін, Қазақ Ұлттық Аграрлы университетімен бірлесе отырып шұбат өнімінен ашытқы ойлап тапқанын айтсақ та жетіп жатқандай. 2016 жылы ауылшаруашлық төрт-түлік кооперативі құрылып, бүгінгі таңда 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықта 285 сиыр, 750-ден астам түйе бар. Өнімдері сұранысқа ие кәсіпорыннан түйе және сиыр сүтінен айран, шұбат, құрт, ірімшік, май, балмұздақ, брынза, «Тан» айраны шығады.
Дана қазақ «асыл – тастан, ақыл – жастан» деп бекер айтпаса керек. Жаңашылдыққа жаны құмар, тың дүниені түрте жүретін Баянның бағындырар белесі әлі алда десек те, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігінің өзі бір төбе екенін айтпай кету мүмкін емес. 2015 жылы Биология және Биотехника атты халықаралық ғылыми форумның Иммунохроматографиялық тест жүйесін әзірлеуге қажетті алтын бөлшектерінің Protein G мен конъюгатын дайындау жобасын практика және теория жүзінде жазып, кітапқа енгізген. Ал 2016-2017 жылдары 2 мәрте Қазақстанның үздік тауары өңірлік көрме-конкурсында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2018 жылы кәсіпорын жоғарғы көрсеткішке жеткені үшін «Озат технолог» номинациясын иеленді.
Қызылорда облыстық мәслихатының VII шақырылымының депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Баян Сабырқызының алға қойған жоспары мен мақсаты айқын. «100 асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» жинағына енген жас депутат ең әуелі тағдыр тауқыметін тартқан жандарға, еңбек ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы ата-аналар мен жетім-жесірлерге көмек ұсынып, қолдау таныту бағытында жұмыс жасайтынын жеткізді.
– Оларға түрлі жеңілдіктер қарастыру жолдарын да назардан тыс қалдырмау керек. Сонымен қатар, шағын бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мал шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандар салу сынды жұмыстарды жандандырсақ, жұмыс көздері ашылып, жұмыссыздар саны да азаяр еді. Ең бастысы бүгінгі заман талабына сай агротехнологияларды пайдалана отырып, кәсіби білікті мамандар даярлау мәселесі жоспарымда бар, – деді.
Сан түрлі жетістікке жеткен жас депутат туған жерінің түрленіп, даму жолында өз қолтаңбасын қалдыруды қалайды. Ол үшін ізденісті бастап та кетті. Талмай, тынбай еңбек еткеннің ертеңгі күннен күтері көп екенін аңғартқан бүгінгі кейіпкеріміз болашаққа үлкен сенім артып отыр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
05 наурыз 2021 ж. 743 0