Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өскен өңірдің» шебер ардагері

«Өскен өңірдің» шебер ардагері


Қазақ халқының түсінігіндегі әйелдің орны өте жоғары бағаланған. Оның жұмсақтығы, мейірімділігі және жанашырлығы ер адамдардан бөліп, ерекшелейтін басты қасиеті. Бала тәрбиесінде де ананың атқарар рөлі зор. Жалпы, әйел адамның ерлермен қатар жұмыс істеуі қазіргі қоғамның талабы. Ерлерге қарағанда қоғамдағы кемшіліктерді өзінің артықшылықтарымен толықтыратын әйел заты екенін ғылыми зерттеулер дәлелдеген. Үйде аяулы жар, мейірімді ана болғанымен, жұмыста білікті маман, мақсатты қызметкер.
41 жыл бойы отбасына да, жұмысына да жайлылық сыйлайған, қызметін мінсіз орындаған, күн-түн демей, «Өскен өңір» редакциясында маңдай терін төккен Ұлзада Идаятқызының еңбегі зор. Ол 1960 жылы Шиелі кентінде дүниеге келген. 1977 жылы №252 Г.Н.Ковтунов атындағы орта мектепті тәмамдап, Өскен өңір редакциясына жұмысқа орналасады. Алғашында типографияда машинист, кейін радиода диктор болып жұмыс жасайды. Жұмыс барысында компьютерді үйреніп дизайнер, мұнымен қоса жауапты хатшы қызметін атқарған. Басында оңай болмаған. Бірақ «Адамның істегенін адам істейді» деген ұранды ұстанып, бес аспап қызметкерге айналады.
«Оның ішінде менің қолымның табы қалмаған мамандық жоқ шығар. Бұл менің марқайғаным емес, қажеттіліктен осында бір редакцияның түрлі жұмысыністегенімді айтқаным. Ал 41 жыл бір жұмыс орнында еңбек еткенімді марқайып та, мақтанып та айтуға болады. Өскен өңірге келгенімде 17 жасар жасөспірім қыз едім. Өскен өңірдің жасампаздығы қазір 80 жылдан асса, соның 40 жылына мен оған, ол маған куәгер болды десем артық айтқаным емес. Өскен өңір газеті, оның ішінде ұжымы мен оқырмандары бітісіп, сырласып, қазанда қайнап жатқан ас сияқты көрінетін,- деп Ұлзада Әбілқасымова ғұмырының жартысын редакцияда өткізгенін айтты. «Компьютерді меңгерген апа кежегеме кер болған жоқ. Бар жұмысың соған тәуелді болғандықтан оны үйрену міндет әрі қызықты еді. Жалпы компьютер бізге 2003-2004 жылдары келді ғой. Газетті жаңа форматқа көшіру, түрлі фукнциялардың, кнопкалардың көмегімен газетті әсемдеу қызығы мен шыжығы қатар жүретін керемет жұмыс еді. Істеген жұмысыңды әр газетте әр түрлі жаңашылдықпен көру ғанибет. Өз жұмысыңды сүйіп істесең ғана, нәтижесін көресің. Шаршағаныңды ұмытасың. Сағаттап жүрген еңбегің ақталады»- деді. Естеліктерімен бөліскен Ұлзада апаның әр сөзінен редакцияға деген ыстық пейілі сезіліп тұрды.

А.Мұратқызы
05 наурыз 2021 ж. 496 0