«Тоқсанды алып ұрған» әже
Келініне еттің күлшесін жаюға көмектесіп жүрген әженің қимылы ширақ, әлі іске жарап тұр. Мереке қарсаңында әжені көруге асықтық. Сәті түсіп тоқсанның төріне шыққан әжемен кездестім. Сөзге шешен, әзілге жақын анамыз «90-ды алып ұрдым» деп жымиды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан Қалима Байзақованың сөзі бұл.
1932 жылы дүниеге келген әже 13 баланың кенжесі. Әкесі Құлмағанбет Байзақов елі сыйлаған, ауыл-аймаққа белгілі емші болған. Қиын қыстау заманда дүниеге келген әжейдің балалық шағы оңай болмаған. Ашаршылық уақытында дүниеге келген әжемізді, он үшінші баланы көрген туыс апасы Құлмағанбет ағасына жаны ашып, шеттей бала-шағаны қалай асырамақшысың деп сөгеді. Сөйтіп шақалақ сәбиді бір жыңғылдың түбіне тастамақшы болады. Тіпті ойын іске асырады. Қырқынан шықпаған сәби қақаған суықта қаймықпай жата береді... Ашаршылықта қиындықты еңсеріп ата-анасы 13 баланы асыраған. Мұнан кейін де өмірдің талай ауыр-ауыр жолдарынан өткен. Соның бәрін жеңуге өмірге деген құштарлығы себепкер болған. Жасөспірім шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келеді. Тылда жұмыс жасап, ердің не әйелдің жұмысы деп бөлмейді. Канал қазады. Қолорақпен шөп, тары, бидай орады. Тізеден мұздай су кешеді. Қыстың қақаған суығына қарамай, Отан үшін от кешкендерге жәрдем болсын деп түрлі жұмыс жасайды. Тұрмысқа шыққан соң да қауын базда, күріш ору үшін егістік алқабында қызмет етеді. Тәуелсіздікке дейін түрлі тауқыметті басынан өткізеді. Соның бәріне мойымай, бүгінде тоқсанға келіп отыр. Әрине, ауыр жұмыс денсаулыққа әсер етеді. Бірақ соған қарамастан қимылдап, қауқары жеткенше көмектесіп жүрген әженің қимылы жастарымыздан жылдам болып тұр. Көңілі де сондай кең, пейілінен де өмірге деген құштарлық білініп тұрады. «Денсаулығым арасында мазалап тұратыны бар, соған қарамастан тоқсанды алып ұрдым ғой деп шын ынтасымен айтып, күрестен біреуді жеңгендей қимылымен көрсетіп берді. Бүгінде Қалима әжей 6 ұл-қызын жетілдіріп, оларды үйлі қылған. Олардан 18 немере, 25 шөбере көріп отыр. Алла қаласа жақында шөпшек көруге дайын. Әжемізге денсаулық тілей отырып, ғасыр жасасын дейміз.
Ақбота Баянбай