Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдерге 2 доллар көптік етпейді...

Әйелдерге 2 доллар көптік етпейді...


Әлеуметтік желіден Түркіменстанда әйелдерге 8 наурыз мерекесі қарсаңында 2 АҚШ доллардан беретіні жайлы жазылған жазбаны көзіміз шалып қалды. Бір жағынан күлкілі, ал бір жағынан Гурбангулы Бердымухамедов бұл арқылы мерекелік көңіл-күйдің қымбат тұрмайтындығын көрсетті. Қарап тұрсақ мардымсыз ақша болғанмен мерекелік көңіл-күй сыйлары даусыз. Осы жазбаның астында да өкпе, назын білдірген қазақ қыздары аз болмады. Бірі «бастысы мемлекеттің көңіл бөлуі, бізде ол да жоқ» десе, келесі бір азамат «бұл ақшаға не келеді? Анаңа су жаңа қамзол, әкеңе үлкен мылтық» деп, «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді келтірді. Жазбадан кейін әйелдердің көңіл-күйлері аздап түскені байқалды. Дегенмен аруларға айтарымыз – мұңаймаңыздар! Анығында біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі. Оған мына мақаланы оқып шыққасын көзіңіз жетеді.
Бүгінде әлемнің 31 елінде халықаралық әйелдер мерекесі тойланады. Сол бақытты елдердің қатарында сіздер де барсыздар. Бұл мереке негізінен асыға күткен көктемнің келуіне, сұлулық пен нәзіктікке, әйелдердің қоғам өміріндегі рөліне арналған. Тарихтан біраз сыр шертсек, 8 наурызда Нью-Йорк фабрикасында жұмыс істейтін әйелдер жалақыны көтеруді талап етіп митингке шықты, себебі ол кезде әйелдің еңбекақысы мардымсыз болатын. Осы орайда өмір бойы әйелдер құқығы үшін күрескен Клара Цеткинге алғыс айтқан жөн. Соның арқасында бүкіл әлем мерекені атап өтеді. Қазір 8 наурыз саяси сипатын жоғалтып, аналар, қыздар, сүйген жар мен әріптес қыз-келіншектерді ер азаматтар құттықтайтын тамаша мейрамға айналды. Болгарияда әйелдер мейрамы көбіне ұмытылып кететін көрінеді. Мейрамға тіпті, арнайы демалыс күні де белгіленбеген. Ал Жапонияда «Әулие Валентин» күнінде ер азаматына сый сыйлаған әйел ғана, әйелдер күнінде сыйлық алады екен. Италияда бұл мейрам тіптен қызық өтеді. Әйелдер тек қана өздері жиналып, кешкісін мейрамханада тойлайды. Германияның тек Берлин қаласында әйелдер күні мереке болып есептеледі. Қалған қалаларда әйелдер бұл күнді наразылық акцияларына, әйел теңдігі секілді мәселелерге арнайды. Ағылшын әйелдері болса, бұл күні ерлерден мүлде сый күтпейді де. Себебі Англияда ресми мейрам белгіленбеген, гүл шоқтары да берілмейді. Ағылшын ер азаматтары әйелдің тек әйел болғаны үшін сыйлық беру орынсыз деп санайды. Осыны көргенде біздің мейрамға деген дайындығымыздың әлдеқайда жоғары, әйелге деген құрметіміздің едәуір биік екендігіне көзіміз жетті.

Рамазан Әнәпия
05 наурыз 2021 ж. 341 0