Адам есімі мен тегін қазақ тілінде латын қарпімен жазу ережесі әзірленуде
Қазақстанда адам есімі мен тегін қазақ тілінде латын қарпімен жазу ережелері әзірленіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстан азаматтарының есімдерін латын қарпімен жазу ережелерін әзірлеу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, латын графикасы негізінде ел аумағында географиялық нысандар мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларын стандарттауды әзірлеу жоспарланып жатыр", - деді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Вице-министрдің сөзінше, әліпбиді жетілдіру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілген. Оның ішінде, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық сала бойынша жұмыс топтарының отырыстары өтті.
"Ел аумағында әліпби жобасын ашық талқылау, апробациялау жұмыстары ұйымдастырылды. Жаңа әліпбидің емле ережелері, конвертер, пернетақта мен символдар технологиясына сәйкестік мәселелері жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде биыл 28 қаңтарда ҚР премьер-министрінің төрағалығымен өткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес, жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобалары, емле ережелері, пернетақтада қазақ тілі әріптерінің орналасу тәртібі мақұлданды", - деді Дәуешов.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізу жоспарланып жатыр.