Латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарының бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Оның «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» дегені есімізде.
Еліміздің рухани өміріндегі жаңалықтардың бірі – латын негізді жаңа қазақ жазуына көшу. Ол заманның талабына сәйкес, өркениетке бағытталған қадам екені белгілі. Атап айтқанда әліпбиді латын графикасына көшіру жұмыстары үш кезеңге бөлініп, негізгі шаралардың жоспары жасақталды. Бірінші 2018-2020 жылдары аралығында жаңа әліпбиді көпшілікке таныстыру, түсіндіру және насихаттау, латын графикасына көшуге байланысты жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілерге латын графикасын үйрету сынды нормативтік құқықтық базаны жетілдіру іс-шаралары жоспарланды.
Еліміздің рухани өміріндегі жаңалықтардың бірі – латын негізді жаңа қазақ жазуына көшу. Ол заманның талабына сәйкес, өркениетке бағытталған қадам екені белгілі. Атап айтқанда әліпбиді латын графикасына көшіру жұмыстары үш кезеңге бөлініп, негізгі шаралардың жоспары жасақталды. Бірінші 2018-2020 жылдары аралығында жаңа әліпбиді көпшілікке таныстыру, түсіндіру және насихаттау, латын графикасына көшуге байланысты жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілерге латын графикасын үйрету сынды нормативтік құқықтық базаны жетілдіру іс-шаралары жоспарланды.
Ал 2021-2023 жылдарды қамтитын екінші кезеңде мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді, ҚР азаматының паспорттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беруді қамтамасыз ету, жаңа қазақ графикасы және жаңа жазу ережелері бойынша пәндер мен курстар әзірлеу және енгізу, латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық сөздігін жалпыға қолжетімді ету, сөздіктердің онлайн нұсқасын мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мекемелердің барлық ресми сайттарына орналастыру, ҚР кітапхана желілерін осы әзірлемелердің электрондық нұсқаларымен қамтамасыз ету қарастырылып отыр. Ал 2024-2025 жылдары аралығында ұйымдастырушылық және әдістемелік іс-шаралар жалғасын табады: мемлекеттік органдардың ісқағаздары, барлық жасалған халықаралық шарттар, мемлекеттік БАҚ және баспа басылымдары латын графикасына кезең-кезеңімен көшіріледі.
Жуырда Ақордада қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өтті. Президент төрағалығымен ұйымдастырылған жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, лингвист-ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Кеңесте Мемлекет басшысының назарына ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпбидің жаңа жобасы ұсынылды. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиді қабылдау кезінде асығыстық танытуға болмайтынын мәлімдеді.
«Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса тіпті бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицаны латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек. Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы қажет», – деді Мемлекет басшысы. Жалпы латын жазба таңбасына көшу мәселесі – еліміздің әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін жасалып жатқан игі істердің бірі. Осы орайда Президент айтқандай, асығыстық танытпай, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуы керек. Енді білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ