Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректерді жылытқан жалын жырлар

Жүректерді жылытқан жалын жырлар

Мұқағали Жетісудың жерұйығы атанған Нарынқолдың өрінде, Қарасаздың төрінде дүниеге келгенімен барлық думанды кезі, шабытты шағы ару Алматыда өтті. Оны қалың оқырманмен табыстырған да, жыр сүлейлерімен таныстырған да – Алматы. Болашағына жол ашқан да, арманымен қауыштырған да – ­Алматы.
«...Сүйіседі көшелер, көшелермен,
Бір рахат сезесің еселенген.
Осы сиқыр қалада өскеніңмен,
Таңданасың туристей кеше келген.
Емен-терек еркімен қауышады,
Қайың менен қара ағаш танысады.
Алатаудан басталған Ақ бұлақтар,
Алматыға жеткенше жарысады...», – деп жырлаған ақын осы сиқыр қаланың бүкіл сырына қанығып, құпиясын сезініп өсті. Алматыда Мұқағалидың ізі қалмаған көше жоқ десе де болады. Бір ғажабы, сол ізі қалған жерде жыры да қалды.
Қазақта талантты ақын аз болған жоқ. Дарындылар әлі де жетеді. Бірақ, аңызға айналған ақындар санаулы-ақ. Біздің білетініміз бұл тұрғыда алғашқы – Қасым Аманжолов. Көзі тірісінде кемеңгер атанып, өз замандастарының ықыласына бөленген, құрметіне кенелген ақын. Қасымды қатар құрбылары аңыз ғып айтты. Көз көргендерден қалған бірлі-жарым қариялар әлі де аңыз қылып айтып жүр.
Бұдан кейінгі елдің аузында қалған ақын – Мұқағали Мақатаев болды. Мұқағали Қасымды сүйіп өтті, қастер тұтты, өзіне рухани ұстаз санады. Ақиық ақынға арнап жыр да жазды.
«Дейсіңдер-ау Қасымның несі басым,
Қасым солай болмаса несі Қасым.
Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің,
Әммесінен Қасымның десі басым.
«Бір күй бар домбырамда...» (Иесі Қасым),
Қасым солай болмаса несі Қасым.
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын», – деп жырлады.
Ұлағатты ұстазына деген үлкен құрметті аңғарамыз бұл жырдан.
Мұқағали туралы ауыздан-ауызға тарап, бас қосқан жерлерде айтылып жүрген әсерлі де қысқа, онекдот сияқты әңгіме көп. Бұл Мұқағалидің айтқыштығынан туған көрініс. Ол өлең жазудың ғана шебері емес, тапқыр сөздің, ұтқыр ойдың да таптырмас ұстасы. Табан астынан өлең шығаратын суырып салма қасиеті де бар (импровизатор).
Бірде Мұқаң екеуіміз Жазушылар Одағының алдындағы саябақты аралап келе жаттық. Үш-төрт күн сейіл құрып, көңіл көтеріп шаршағандықтан болар, қалжырадық. Азын-аулақ ащы «сусындарымыз» да таусылған еді. Енді не істейміз, деген ой мазалады. Сол сәтте Мұқаң бұл сұрақтың шешімін тездетіп таппақшы болып, «Сен осында отыра тұр. Мен қазір Жазушылар одағына барып, «көсемдерден» тиын-тебен сұрап келейін», – деді.
Арада көп уақыт өтпей-ақ, қайта оралды. Құр қайтпапты. Бірер күн сейіл құруға қаржы тапқан сыңайлы. «Осының өзін әзер алдым. Үлкендердің алдына кіре алмадым. Олардың мені қабылдайтын уақыты жоқ екен. Кішілері көмектесті», – деді. Керек жарағымызды алып келген соң, тола стаканды қолына ұстап толқып тұрып:
«Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл,
Сануменен ағарды-ау самайлар кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірден бағаңды біл.
Қанша күнің санашы, текке кетті,
Қанша жанды санашы өкпелеттің.
Қанша мәрте адасып, адамдықтан,
Қанша мәрте алжасып шетке кеттің.
Ал қанекей, санай ғой, санағышым,
Сарқылмастан тұрғанда сана-күшің.
Не жақсылық жасады адам саған,
Не жақсылық жасадың адам үшін...» деп шұбырта жөнелді. Жырын бітіргесін «сусынды» бір-ақ көтерді.
Иә, ол кезде Жазушылар Одағында ақын-жазушыларға бөлінген арнайы әдебиет қоры болатын. Мұқтаж қаламгерлерге көмектесіп тұратын. Мұқаңның одаққа жүгіріп кеткені де сол қордың көмегінен үміттенгені екен.
Мұқағали Мақатаев азулы ақын еді. Бетің бар, жүзің бар демей, айта салатын. Алматы туралы ондаған өлең жазды. Олардың бірқатары жинағына енді. Кітаптарына енбегендері де бар. Мұқаң екеуміз оның үйінің балконында тұрып Алматының түнгі көрінісін сөз еттік. Мен Қуандық Шаңғытбаевтың түнгі Алматы туралы жазылған:
«Қадіріңді білмей келген екенбіз,
Ех, Алматым,
махаббатым, жаннатым», – деп басталатын атақты өлеңін оқыдым.Мені тыңдап болды да, сәл езу тартып, өз өлеңін оқыды. Бұрын мен естімеген өлең. Баспаға беруге қайшы келетін тұстары да бар екен. Бірақ ғажап өлең. Мына жолдары есімде қалыпты:
«Сая болған, содырға, сойқанға да,
Алматы сайтан қала, сайқал қала.
Аядай Алатауға тығылды-ау кеп,
Көк орман, көгілдір көл, байтақ дала.
Сұлулығың сорың ғой, маңдайыңда,
Тағдырың тұр, таңылып тал-қайыңға.
Бөзің кетті біреудің борбайында,
Сөзің кетті біреудің таңдайында...».
Мұқағали келеңсіз көріністерді орынды сынға алатын. Оның бәрі өлең-жырларынан көрініс тауып жататын.
«..Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!! » – деп өзі жырлағандай, заманының кем-кетігін, сұрықсыз тұстарын, жадағай тұрпатын жырына арқау етті.
Мұқағалидің тағы бір ерекше қасиеті – оның көрегендігі мен болжампаздығы. Алдағыны аңғаратын. Көктем туралы өлеңінде:
«Көп кешікпей көктем де келер енді,
Барлық нұрын көл-көсір төгер енді.
Сағынышын сарыққан, жапа-жалғыз,
Менің жесір жеңгеме не береді?
Көгереді .. Барлығы көгереді:
Ой да, қыр да, даланың төбелері.
Әлі құрып баратқан ауру досқа,
Осы көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келіп қалар,
Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.
Азан-қазан аспанның қоңырауы,
Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар...», – деп жырлайды.
Ақын ұзақ жыл бодан болған елінің келешегін, дербестігін аңсап тұр. Ол кезде елімізде коммунизм туралы көп айтылатын. Маркстің сөзімен айтқанда, Кеңес одағын коммунизм елесі кезіп жүрген кезі еді. Мұқағали сол коммунизм келе қалған жағдайда қазақ жұртының көсегесін көгерте ме, әлде көгерте алмай ма деп отыр.
Мұқағали және Алматы.
Оның шығармашылығының дені Алматыда дүниеге келді. Қоғамдық көзқарасы, пайымды пікірі ­Алматыда қалыптасты. Әлде кімдер «Мұқағали көп қиындық көрді, тұрмыстың тауқыметін тартты, жұмыссыздықты басынан өткізді» деген сөздерді айтып жүр. Біздіңше, бұл жаңсақ пікір. Мұқаң біраз жерде қызмет атқарды. Еліміздің белді де, беделді басылымдарында еңбек етті. Көзі тірісінің өзінде-ақ төрт-бес жинақ шығарды. Бұл аз шаруа емес. Бір орнында қадалып отырып қызмет еткен екі ақынның бірінің қолынан келе бермейтін іс бұл.
Бірақ, оның бойындағы бұла күш, қажырлы құлшыныс, соны серпіліс Мұқағалиды бір орнында тұрақтап отыруына мұрша берген жоқ. Басына түрлі ойлар келіп, кеудесінде жыр-қазаны қайнаған кезде кеңсенің есігін тарс жауып, көшеге шығып кететін кездері болған.
«Ақын кетіп барады көшеменен,
Екпінінен бір дауыл еседі ерен.
Жанарында найзағай жарқыл қағып,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең», – деп қазақтың тағы да бір талантты да, аяулы ақыны Жарасқан Әбдірашов Мұқағалидың сондай сәттерін осылайша жырлаған еді.
Мұхаң Алматының кеңселері тұрмақ, Мәскеуге де сиған жоқ. Қазақстан жазушылар одағы арнайы жіберген оқуды (екінің бірінің қолы жете бермейтін М. Горькйи атындағы Әдебиет институтын) бітірмей елге, ару да, сиқырлы Алматысына тартып отырады.
«...Үйреніп қалған ұямдай,
Мәскеуді барам қия алмай.
Миллиондардың ішіне
Бір басым менің сия алмай,
Еңсемді бір сәт жия алмай,
He бетімді айттым, Алматым,
He деймін саған ұялмай?..» – деп жырлады соңынан.
Мұқағали жанындай жақсы көрген, құрмет тұтқан ақын Қасым Аманжолов дүниеден озғанда:
«Жеді. Тынды... Керемет дерттер төніп,
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.
Қасым деген – қалғыған жанартау ғой,
Жанартау ғой, жанды да кетті өртеніп», – деп тебіренген еді. Осы бір жалынды жыр жолдарын Мұқағалидың өзіне қаратып айтуға әбден болады. Оның алып жүрегі аяулы қаласы Алматыда соғуын тоқтатты. Сан мәрте жырына арқау болған ­Алатау бөктерінде, Кеңсайда мәңгі тыныстап жатыр.
Менің бағыма, Мұқағалидың жалын жырларын жанында жүріп тыңдадым, бірер апта қасында бірге жүрдім, үйінде болдым. Ол Алатау мен ­Алматыны жырлағанымен, сол арқылы ортақ Отанымызды сүюге, ұлттық дәстүрімізді қастерлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үндеді.
«Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!» деп ақтарыла жырлады. Байтақ Қазақстан оның кеудесіне сиып кетті.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын

26 қаңтар 2021 ж. 371 0