Алматы атауы өзгеруі мүмкін
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы, ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің Алматы атауын өзгертуге қатысты ұсынысын қолдады. Алматыға тарихи Алма-Ата атауын қайтару керек екені айтылған болатын.
Жазушы Sputnik Қазақстан тілшісіне мегаполистің тұрғындары қаланың бұрынғы атауын қайтаруды қолдап отырғанын айтты.
"Алма-Ата атауы ауқымды әрі түсінікті. Оның тарихи мазмұны мен мағынасы бар. Егер лингвистикалық жағынан қарайтын болсақ, түркі тілдерінде "-ты" емес, "-лы" жалғауы жалғанады. Демек, Алмалы болуы керек еді", -деді "Невада-Семей" қозғалысының көшбасшысы.
Сүлейменов Алматы атауын өзгерту туралы петицияға алғашқылардың бірі болып қол қоюға дайын екенін атап өтті. Алайда бұл тұста шешімді тек билік қабылдай алмайтынын айтты. Өйткені бастаманы халық көтеріп, қолдауы керек.
"Президент Тоқаевпен кездесу кезінде біз бұл мәселені талқыладық. Мемлекет басшысы бастамамды қолдады. Бірақ халық өзі шешуі керек екенін айтты. Менің ұсынысым қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тарапынан да қолдау тапты", – деді Олжас Сүлейменов.
Қазақстандықтар Алматы қаласының бұрынғы атауын қайтару мәселесін ара-тұра қозғайды. Мұндай бастаманы көтеретіндер ескі атауында қаланың ерекшелігі бірден байқалатынын айтады. Олар мұны алманың сирек түрі – апорттың пайда болу тарихымен түсіндіреді.
sputniknews.kz