Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрегі – нәзік, білегі – азық

Жүрегі – нәзік, білегі – азық

Жаны нәзік болғанымен, жаратылысы ерек әйел адамдары үшін кез келген сала жат көрінген емес. Оларды нағыз ерлерге арналған қызметтерде үздік жұмысшы ретінде көруге болады. Тіпті, қоғамдық көліктің тізгінінде де, ауыртпалығы зор құрылыс саласында да, автокөлік жөндеу ісінде де кездестіресіз. «Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Осындай үдеден табылып жүрген кәсіпкердің бірі – «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы, жерлесіміз Рәбибі Нұржанова.
«Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес». Бұл Елбасының әйелдердің қоғамдық істердегі белсенділігіне берген бағасы. Расында бүгінде нәзік жандар кәсіпкерлік саласында ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүр. Қазіргі таңда республика бойынша кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі 50 проценттен асқан. Мұндай жоғары көрсеткіштер әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы әлеуетінің артқанын көрсетеді. Ал шағын бизнес кәсіпорындарының 60 процентін әйелдер басқарып отыр екен. Мұндай көрсеткіш Сыр өңірінде де көңіл қуантарлық. 1960 жылы Шиелі ауданы, Алмалы ауылында дүние есігін ашқан Рәбибі Нұржанованы тек шиеліліктер емес, Сыр халқы мақтанышпен айтады. Бір өзі он азаматтың жүгін арқалап жүрген кейіпкеріміз Алмалыдағы Алла үйінің іргетасын құйып, кірпішін қалаған жан. Туғанынан әкесінің ауыл ішінен мешіт салуды армандап жүргенін мықтап санаға құйғандай. Жастайынан еңбектің бел ортасында өскен кәсіпкер ісі өрге домалағанда ең әуелі кіндік қаны тамған жерге Алла үйін салуды қолға алады. Әкесі Құрманәлі мен анасы Шонан апа 1977 жылы Рәбибіні мектеп бітірген соң Қызылорда сауда техникумына оқуға түсіреді. Кейіпкеріміз оқу орынын бітіріп, Қызылорда сауда базасында бухгалтер болып жұмыс істейді. Одан соң осы қызметін 10 жылға тарта Шиелі аудандық мұнай базасында жалғастырды.
Сауданың қазанында қайнап өскен Р.Құрманәліқызы заман көшінің ығына икемделіп, экономика саласындағы қажеттілікті аңғара бастайды. Мұнай саласындағы тәжірибесі талабына қанат бітіріп, 90-шы жылдардың қажеттілігі жанар-жағармай екенін ұға қойды. Осылайша алдына таудай талап қойып, білек сыбана іске кіріскен кәсіпкер небір қиын-қыстау мезеттерді жеңе білді. Жұмысының жемісі облыс бойынша 11 жанар-жағармай құю бекеті мен олардың жанынан техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашты. Қызылорда мен Шиелінің арасында кәсібін жандандырып, мейрамханалар салды. Нардың жүгін көтерсе де қайыспай қайта тұрып қадам басқан Рәбибінің жігерін қайрап, жасытпаған отбасы мен жолдасы Атсәлім Хазуевтың қолдауын айтпай кеткеніміз де жарамас.
Иә, Р.Нұржанова ғұмыр жолында биік белестерді бағындыра білген нәзік жанды кәсіпкер. Ол 2001 жылы Испанияға, дүние жүзілік кәсіпкер әйелдер форумына барды. Н.Назарбаевтың қабылдауында болған 6 кәсіпкер әйелдің бірі. Осы жылдары «Онжылдықтың озат кәсіпкері» облыстық конкурстың І орын жеңімпазы, бірнеше жыл қатарынан облыстың «Үздік кәсіпкері» атанды. 2015 жылы Лондонның төрінде өткен дүниежүзілік кәсіпкерлер көрмесіне барды. 2017 жылы Грузия астанасы Тбилиси қаласында өткен Ұлттық бизнес-ритингі одағының 38-ші басқосуы салтанатында «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы, жерлесіміз Рәбибі Нұржанова халыққа сапалы қызмет көрсетіп, мемлекетке салық төлеуден рейтинг бойынша облыста 1-ші, республикада 16-шы орынға орнығып, «Экономика мақтанышы» орденімен марапатталғаны есімізде.
300-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып, ауданның, облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жолында тынбай тірлік істеп, бүгінде тұрмысын түзеген Р.Құрманәліқызының еңбек жолын елге үлгі етіп айтуға тұрарлық. Нәзік болмысымен мейірімді жүрегін, аялы алақанын қиналған жанға тосатын кейіпкеріміз қайырымдылық жасауға қашанда даяр тұрады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Сыр үміті», «Жомарт жүрек», «Жүрек жылуы» т.б қайырымдылық акциялардан шет қалған емес. Тілдескенде жасаған жақсылығын жариялауды қаламаған кейіпкеріміз көп ісін іште бүгіп қалды. Дегенмен әлемдік пандемия әуре-сарсаңға салғанда туған жеріне көмекке келгендердің басы-қасында болған Рәбибі апамыз еді. Жұқпалы індет жолында кезіккенді түгелімен жалмап алғанда бетперденің тапшылығы ауданда да қатты сезілді. Сол мезетте бетперде таратып, дәрі-дәрмекке қолдау танытқан да бүгінгі біздің кейіпкеріміз болатын. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, іскер әйелдер арасынан ерекшеленіп тұратын Р.Нұржанованың еңбегі еш болмады. Аудан әкімі Қ.Мүбараков жақында ғана алғысын білдіріп, ауданның «Құрметті азаматы» атағын берді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
05 қаңтар 2021 ж. 966 0