Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбек, тартқан бейнет бос кетпейді

Адал еңбек, тартқан бейнет бос кетпейді

Ауданның ауыл шаруашылығы тер төге еңбек етіп жатқан ауыл кәсіпкерлері мен малшы, диқандардың қажыр-қайратының, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулардың арқасында өңір экономикасының жетекші саласына айналды. Ауыл шаруашылығы – кәсіп, бизнес саласы ғана емес, өңіріміздің, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтудың кепілі, ұлттық дәстүр, мәдениетімізді сақтап қалудың көзі. Аталған сала биылғы жылы да еселі еңбектің қайтарымын еселеп алды. Осы орайда аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековпен сұқбаттасқан болатынбыз.– Сыр өңірі биыл тағы да рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Облыс бойынша 551 тонна күріш қамбаға құйылды. Бұл көрсеткіштің ішінде Шиелі өңірінің де сүбелі үлесі бар шығар. Жалпы егін шаруашылығының өнімі қалай болды?
– Биылғы жыл барлығымыз үшін де ауыр болды. Әлемдік пандемиямен күресу, одан қалды су тапшылығының байқалуы егін шаруашылығының жұмысына кедергі тудырады деп қауіптенген болатынбыз. Бірақ дала қосындағы шаруалар қиындықтарға қарамастан жерден ризығын жиып, мол өнім алды. Нақтырақ айтар болсақ, ауданда 2020 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 30 653,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,7% артты. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы Шиелі ауданы бойынша 29 461 гектар жерге егілген егін бүгінде өз жемісін беріп, жауын-шашынға қалмай ысырапсыз жинап алынды. Атап айтсақ, негізгі дақыл күріш – 14 353 гектар, күздік бидай – 1107 гектар, жаздық бидай – 490 гектар, жүгері – 45 гектар, тары – 85 гектар, мақсары – 1100 гектар, жаңа жоңышқа – 1877, ескі жоңышқа – 5448 гектар, мал жемдік асқабақ – 112 гектар, картоп – 1183, көкөніс – 1538, бақша – 2123 гектарды құрайды.
Бүгінгі таңда күздік бидайдан 1939 тонна (орта өнім 17,5 центнерден гектарына), жаздық бидайдан 694 тонна (орта өнім 14,2 центнерден гектарына) өнім жиналды. 1100 гектар мақсары дақылының орта өнімі 10,5 центнерді құрап отыр (1155 тонна). Сондай-ақ 1183 гектар картоптан 29575 тонна (орта өнім 250 ц/га), 1537 гектар көкөністен 46110 тонна (орта өнім 300 ц/га) және 2123 гектар бақша дақылдарынан 63690 тонна (орта өнім 300 ц/га) өнім жиналды. 85 гектар тарыдан 213 тонна өнім жиналса, 30 гектар дән жүгеріден 90 тонна, сүрлемдік жүгеріден 225 тонна өнім алынды. Бұл әрине, ерте көктемнен бас­тап атқарған тынымсыз тіршілік пен төккен тердің нәтижесі. Адал еңбек, тартқан бейнет бос кетпеді. Сонымен қатар мал азығының қорын жасақтау мақсатында барлығы 122,1 мың тонна шөп жиналды. Оның ішінде жоңышқа 41 мың тонна, табиғи шөп 81,13 мың тонна болды. 14353 гектар күріштің әр гектарынан 59,9 центнерден өнім алынып, 85 974,5 тонна астық қамбаға құйылды. Бүгінде 1889 гектарға күздік бидай егіліп, 10500 гектар жерге сүдігер көтерілді.
– Ауыл шаруашылығы саласына бөлініп жатқан инвестиция қоры қандай? Техника жеткілікті ме?
– Биыл ауыл шаруашылығы саласының негізгі қорына 1 266 448,0 мың теңге инвес­тиция салынған болатын. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 169,6% артып отыр. Біздің негізгі жұмыс тікелей техникамен тығыз байланысқа түсіп жататыны баршаға белгілі. Сондықтан жыл сайын қажетті, жаңа технологияларды алуға жағдай жасап келеміз. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында лизингке және өз қаржысына 1 159 518 610 теңгеге жаңа үлгідегі ауылшаруашылығы техникаларын алып, техника парктерін жаңалады. 2019 жылы 21 дана техника алынса, биылғы жылы 31 жаңа техникаға қол жеткіздік. Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 314 дана трактор, 74 дана соқа, 44 дана дән сепкіш, 51 дана авто көлік, 161 дана трактор тіркемелері дайындық жұмыстырын жасап, күзгі егін жинау және дала жұмыстарына қатысты. Мемлекет тарапынан бөлінген жеңілдетілген жанар майды шаруа қожалықтардың таңдауы бойынша «РК-Мұнай» ЖШС-і 1870 тонна, «PetroRetail» ЖШС-і 3 тонна, «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-і 2 тонна дизель отынын жеткізіп беруде. Ал күзгі егін жинау науқанына аудан бойынша 1870 тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылық тарапынан толықтай пайдаланылды.
– Егінде есебіміз түгел делік. Ал төрт түліктің өсімі қандай? «Сыбағадан» сыбағасын алғандар бар ма?
– Биылғы жылдың 1 желтоқсанға дейінгі мәліметіне сүйенсек аудан бойынша барлық төрт түлік мал саны нақтыланып, ірі қара – 64169, қой мен ешкі – 92289, түйе – 1505, жылқы – 17560, құс – 37460 басты құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 108,1%, қой мен ешкі 108,3%, жылқы 114,9%, түйе 100,1%, құс 135,7% өсті. Ал 2020 жылға ауданға «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елден 284 бас асыл тұқымды МІҚ аналығын сатып алу, 5000 бас қой малын сатып алу жоспары бекітілген. Бағдарламаның қой малын сатып алу бағыты бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан қаржыландырылып 4797 бас қой малы сатып алынды. Сондай-ақ, МІҚ малының аналығының басы 32779 бас болды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар­ өндірушілері асыл тұқымды бұқа сатып алу жұмыстарын жалғастыруда.
– Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жүрегі деп бекер айтылмаса керек. Өндірілген өнімдерді экспорттау мәселесі қалай шешілуде?
– Аудан бойынша бүгінде 120 тонна ақ күріш, 850 тонна қарбыз, 1005 тонна қауын және 351 тонна қызанақ дақылдары Ресей және Қырғызстан елдеріне экспортталды. Сондай-ақ, Қазақстанның басқа да облыстары мен қалаларына яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтөбе және Жаңаөзен, Шымкент, Ақтауға 390 тонна ақ күріш, 130 тонна қарбыз, 500 тонна қызанақ және 326 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілді.
– Ауылдың әлеуетін арттыру, тапшы мамандарды жұмысқа тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда ауылға келген жас мамандар мемлекет тарапынан қолдау тауып жатыр ма?
– Иә, ауылды көркейту, туған жерді түрлендіру мақсатында жас мамандар үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы таптырмас мүмкіндік. «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну» бойынша 2020 жылы ­«Дипломмен ауылға» жобасы аясында Шиелі ауданына 4 167 000 теңгеден 80 маманға барлығы 330 050 000 теңге қаржы бөлініп, әлеуметтiк қолдау шаралары көрсетілді. Ауылдық елді мекендерге жұмысқа және тұруға келген мамандарға көтерме жәрдемақыға – 18 377 350 мың теңге бөлініп, қайтарымсыз қаржымен 121 маман әлеуметтiк қолдау шараларын алды. Қазіргі таңда бюджеттік кредит алу үшін – 272 маман, көтерме жәрдемақы алу үшін – 436 маман кезекте тұр.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

29 желтоқсан 2020 ж. 470 0