Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүниені дүбірлеткен желтоқсан

Дүниені дүбірлеткен желтоқсан

Кейде тарихтың ақтаңдақ бетін ақтарып отырып, сан түрлі ойға қалатынымыз жасырын емес. Әсіресе, бар құпияны ішіне бүгіп кете барған 1986 жылғы құйынның ашылмаған сыры көп. Қазір қанды қырғынға байланыс­ты түсірілген деректі фильмдер, шығарылған кітаптар мен жазылған мақалалар көмескі жағы әлі айқын ашыла қоймаған көтерілістің көлеңкелі тұстарына жарық сәуле түсіріп тұр. Сондай-ақ желтоқсан оқиғасы туралы деректер өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін ұғындырып тұрғандай.
Иә, желтоқсан мен тәуелсіздік егіз ұғым. Бұл айдың ызғары қанша ықтырса да, тәуелсіз ел атану бақыты қазақ халқының пешенесіне дәл осы желтоқсанда жазылған. Ал Алматыдағы желтоқсан оқиғасы ғасырлар бойы қазақ халқының басынан өткен соқтықпалы-соқпақты оқиғалардың соңғысы және ірісі болды. 1986 жылдың 16-18 желтоқсанда жылдар бойы сыздаған жараның аузы жарылып, мыңдаған жас өрен бостандық үшін басын бәйгеге тікті. Оған Қазақстан Республикасының басшылығына қазақтың мұң-мұқтажын түсінбейтін, күрделі де иірімі көп кешірімпаз мінезін ұғынбайтын, жалғыз ешкісін қонақасына шалатын ақкөңілділігін ақымақтық деп мазаққа айналдырған, Қазақстанды картадан ғана білетін Г.Колбиннің билік басына келуі еді. Орталық биліктің бұл қателігі асау жүрегі азаттықты аңсаған, әр сөзінде тау суының тасқыны сезілетін, шындық іздеп шарқ ұрған, жас болса да жігерін жасытпай, елі үшін бозторғайдай жанын пида еткен жастарды алаңға шығарды.
Дәл осылай дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі желтоқсан оқиғасына биыл – 34 жыл. Біреуге көп, біреуге аз уақыт. Қалай десек те, сол желтоқсан айы қозғалыстың куәгерлері мен қатысушыларының есінен кетпесі анық. Деректерге сүйенсек, желтоқсан оқиғасынан 8 мың 500 адам зардап шеккен. Олардың ішінде 2 мыңға жуық жас жарақат алса, 6 мыңнан аса адамнан жауап алынып, 900-ге жуығы әкімшілік тәртіппен жазаланған. Сондай-ақ 300-дей студент оқудан шығарылған. Зұлмат оқиғадан орны толмас жарақат алғандардың ішінде жандарын шүберекке түйіп, ерлермен тізе қосып, тәуелсіздікке қол созған қазақтың қайсар, қаһарман қыздары да болды. Сол ызғарлы күндері Шиелі жас­тары да бас көтеріп, үн қатқаны белгілі. «Гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілге мұңлы із қалдырған» желтоқсан оқиғасы орын алатын кезде 30-ға жуық шиелілік қыз-жігіттер жұртпен бірге алаңға шығып, егемендік үшін ештеңеден тайсалмады. Олардың қатарында Майра Нұрманова да бар еді. Әрине, алаңда бас көтеріп, азаттық үшін арпалысқан сәтті еске түсіру оңай емес. Бірақ қанша ауыр болса да Майра апай 86-ның құйынын еске түсіріп, былай деп баяндайды.
– Ол кезде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 2 курс студенті едім. Жатақханада тұратын болған соң түннің бір уағына дейін көз ілмей жүре беретінбіз. Сол күні түнгі сағат 12-лер шамасында радиодан Д.Қонаевтың орнына Г.Колбин келгенін хабарлады. Әрине, барлығымыз түсінбей, абдырап қалдық. Аяқ астынан бұл не деген тағайындау деп таң қалдық. Ертесіне университетте сабақ өтіп жатқанда терезеге үңілсек, бір топ адам біздің №6 жатақханаға қарай бет алып бара жатыр. Олардың көптігі сонша көшенің өзі көрінбейді. Топтағы қыздар бір-бірімізге «Не болды? Не болды?» деумен ғана қалдық. Кейін мән-жайды жатақханаға келгенде түсіндік. Біз көрген бір топ адамдар жатақханаға келіп, «Қазақ болсаңдар алаңға жүріңдер» деп үндеу тастапты. Қазақ жастарының адуынды мінезін көрген жатақханадағы орыстар бөлмесін де, қызмет барысындағылар жұмысын да тас­тап қашып кеткен екен. Есік пен терезе сынған, жатақхананың сау тамтығы жоқ. Ақыры не керек, бізді мұғалімдер құлыптап, «шықпаңдар» деп қатаң ескерту жасап кетті. Оған көнетін біз бар ма? Жанымда Жаңақорғанның қызы Әнипа Шәмиева есімді құрбым бар еді. Екеуміз кешкісін тығылып, алаңға шықтық. Қасымызда өздерін мүлде танымайтын екі қазақ жігіті бар. Шыны керек, олар бізді қорғап жүрді. Осылайша алаңға жеттік те, қызып жатқан арпалысқа тап болдық. Әне-міне дегенше солдаттар келіп, бізді басып-жаныштауға көшті. Арасында бір қазақ солдаты «Қыздар, жігіттерге қайт деп айтыңдаршы. Қазір қиын болады» деп көзіне жас алды. Осыдан кейін бізді жаңағы екі жігіт жатақханаға жеткізіп тастады. Қасымдағы құрбым басынан сәл жарақат алды. Мен өзім ешқандай жарақат алмадым. Бірақ жатақханада киімі жыртылып, әртүрлі жарақат алған қыздар келіп жатты. Алаңдағы оқиғадан кейін бізді үш күнге бөлмемізге қамады. Тіпті терезеден тиын тастап, өткен-кеткеннен «нан әкеп беріңізші» деп сұраған кезіміз болды. Одан кейін тергеу басталып, тағы да жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. Аллаға шүкір, оқудан шығып қалмадық. Бірақ кейін тәуелсіздік алғаннан соң газет бетіндегі суреттерде құрбым Әнипа екеуміздің топтың ішінде тұрған сәтімізді байқадық. Бұл суретті желтоқсан оқиғасы болған сәтте іс жүргізушілердің байқамағанына қуандық. Егер сол сәтте байқап қойса, не боларын елестетудің өзі қиын, – дейді желтоқсаншы.
Қанды қырғынның куәсі болған ол, бүгінде №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің мұғалімі. 30 жылға жуық уақыт ұстаздық қызмет атқарып, шәкірттердің қанатын қомдап, биікке шарықтауына сеп болып жүр. Ал отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана, немеренің тәтті қылығына сүйсініп жүрген ақ жаулықты әже.
Сол жылы Алматыдағы жастардың наразылығын күшпен басып жаныштағаны бесенеден белгілі. «Әр ұлтқа өзінің басшысы керек» ұранымен бейбіт шеруге шыққан жастарға үйретілген иттер, су шашатын көліктер мен қару қолданғанын тарихи мағлұматтардан байқаймыз. Тіпті шеруге қатысқандарды тергеу ісі де өте қатал болған. Мұны Қайрат Рысқұлбековтің анасы Дәметкенге жазған хатынан аңғарамыз. Көтеріліске шыққан мыңдаған жастардың ішінде ең ауыр жазаға іліккен Қайратты тергеу кезінде сау тамтығын қалдырмай, ұрып-соғып бар кінәні мойындатуға мәжбүрлейді. Бұл жөнінде ол өз анасына «Менің еш кінәм жоқ, жала жауып отыр. Болмаған соң зәбір көрсетіп, ине тықты» деп жазады. Ақыр аяғында қылмыстық істерді жүргізу ережелері өрескел бұрмаланып, алдын ала дайындалып қойылған куәгерлердің сөзі ғана қағаз бетіне түсіріліп, сотқа жетеді. Шындық іздеп шарқ ұрғандардың ащы зарын, өтірікпен алмастыруға келмейтін ақиқатын іс жүргізушілер шыбын шаққан құрлы көрмейді. Тек бұл ғана емес Қазақстанның өзге қалаларындағы ұлтшыл жастар да сотталып жатты. Бірақ жалындаған жастардың жігерінің арқасында Алматыдағы қанды оқиға жеңіспен аяқталды. Желтоқсан оқиғасынан кейін бес жыл өткенде Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Өшкені қайта жанып, жоғалғаны табылған еліміз еңсесін тіктей бастады. Дәл сол Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шығушылар шырқаған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналды. 1991 жылдың 12 желтоқсанында Тұңғыш Президенттің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы желтоқсаншылар ақталды.
Бүгінде бейбіт елде аяғымызды алшаң басып, еркін тыныс алып жүргеніміз сол кездегі намыс жігерін болат кездіктей жаныған батыр бабаларымыздың азаттық жолындағы күресінің жемісі. Теңдік пен татулықты, елдік пен еркіндікті ту еткен алдыңғы буын ағалардың арқасында елімізде Тәуелсіздіктің таңы атты. Қазіргі таңда барлығымыз үшін Тәуелсіздік тәу етер қасиетті ұғымға айналды. Егемендіктің лебін сезінген әр жан оның оңайлықпен келмегенін түсінеді. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да қазақ халқы үшін оңай болған жоқ. Бірақ бастан өткерген біршама қиындыққа қарамастан аз уақыттың ішінде еліміз елеулі табыстарға қол жеткізді. Бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін Тәуелсіздікпен мақтанады. Әсіресе, 1986 жылы егемендік үшін қу жанын қуырдақ етіп, басын бәйгеге тіккен жастар ол күнді ешқашан ұмытпайды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
15 желтоқсан 2020 ж. 407 0