Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАШ ҚИЮДЫҢ ШЕБЕРІ

ШАШ ҚИЮДЫҢ ШЕБЕРІ

Қазақ тойға, жиынға, думанды мерекелерге көп баратын халық екені белгілі. Мұндайда әйел адамдар бет әлпетін, көзін, қасын, тіпті тырнақтарына дейін көрікті қылу үшін сән салондарында сағаттап ­отыратынын да білеміз. Ал еркектердің бар уайымы да, әуресі де қысқа шашы. Сондықтан атаулы күндері немесе шаш ырқына көнбеген сәттерде көпшілік Айсұлу Ділмановаға келеді. тәжірибесін жеті жыл бойы шыңдап, өз ісін өзгелерден ерек білетін оны білмейтін жандар кемде-кем.
Бүгінге дейін жүздеген адамға қызмет көрсеткен ол жүрегі қалаған кәсіпті жетік біледі. Өз ісінің шебері ерлер және әйелдер шашын қиюмен қатар түрлі шаш үлгісін жасаудың да қыр-сырын меңгерген. Айсұлу қашанда келушілердің көңілінен шығуға тырысады. Сондықтан да болар оның тұрақты тұтынушыларының қарасы қалың.
Өткен жылы білімін шыңдап, мерекелік шаш үлгісін жасаудың заманауи түрін меңгерген Айсұлу өз кәсібін жандандырады. Өзі біліп қана қоймай, өзгелерге үйретіп, шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған. Қазіргі таңда кенттегі «Береке» сауда үйіндегі «Гүлшат Шүленбаева» сұлулық салонында қызмет көрсетуде.
Кәсіпкер заман талабына сай жыл сайын жастардың шаш үлгісін өзгертіп отыруы әрбір шаштараздың жұмысын жетілдіретінін айтады. Жергілікті тұрғындар арасында Айсұлудың тұрақты тұтынушыларының қатары көп. Себебі күнделікті адамдардың кескін-келбетіне қарай шаш үлгісін шаштараз өзі жасап береді. Адамның қалауына қарай жұмыс жасау тәсілін өзгерту тек кәсіби маманға тән қасиет. Шаштаразға қажетті құралдар – қайшы, тарақ, шаш кептіргіш, шаш алатын машинка сапалы және талапқа сай болуы шарт.
– Күн сайын шаш алдыртуға сан түрлі мінезді адам келеді. Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес, төзімділік пен шыдамдылық керек. Сондай-ақ ыждағаттылық пен ептілік маңызды рөл атқарады, – дейді А.Наржанқызы. Шаш қиюдың шебері мереке қарсаңында тұрғындарға жеңілдік те қарастырып қойған. Мәселен ерлер шашын алдағы бір апта бойы 500 теңгеге қиса, әйелдер шашын қиюды жеңілдікпен 900 теңгеге ұсынбақ.
Шебердің алға қойған мақсаты да айқын. Келешекте кент орталығынан ерлер мен әйелдер салонын ашқысы келеді.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

13 желтоқсан 2020 ж. 684 0