Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Кез келген дамыған ел үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу – өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та «Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеу тиіс. Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жос­парын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық» дей келе жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою үшін нақты тапсырма мен міндеттерді айтты. Ендігі кезекте әр азамат елдің ертеңі үшін, жас ұрпақтың келешегі үшін сыбайлас жемқорлықпен күресе білу керек. Әсіресе, қарапайым халық «бармақ бас­ты, көз қыстыға» бетпе-бет келеді. Сол себепті кез келген орта пара беру мен пара алудың ар алдында сүйекке таңба, заң алдында орны толмас қылмыс екенін білсе игі. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді. Беделімізді өз қолымызбен бұзбай, абыройымызды аяқасты таптамай, тұрақты даму жолындағы мемлекетіміздің адал перзенті болу парызымыз деп білейік.
«Сыбайлас жемқорлық – індет, оған қарсы күрес – міндет» дегенді жиі айтамыз әрі естиміз. Ендеше, оны жоюдың бірден бір амалы – халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу. Байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтарымыздың түсінігін өзгерту. Біздің қоғам адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесінде естен шығармау керек. Келешек ұрпақ жемқорлықтан жирену үшін бүгіннен қам жасаған абзал. Қоғамға қауіп төндіріп, орны толмас өкініш келтіретін кеселді жас ұрпақтың санасына сіңірмейік. Жоғарыда аталған жат қылыққа қоғам болып қарсы шығу – әрбір жанның кейінге қалдырмайтын міндеті. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құра аламыз.

Ә.АЛДАБЕРГЕНОВ,
Шиелі кенті әкімдігі аппаратының бас маманы
13 желтоқсан 2020 ж. 973 0