ІНДЕТТІ ДЕНДЕТПЕУ МІНДЕТ
Облыста бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясының 3 мыңнан аса жағдайы тіркелген. Оның ішінде клиникалық белгілерімен 1812, симптомсыз 1473 жағдай анықталды. Жүргізілген талдауларға сәйкес, коронавирус инфекциясы бойынша барлық тіркелген жағдайдың 69-ы сырттан тасымалданған, қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар саны – 1301, скрининг арқылы анықталғандар – 1915 құрап отыр. Ал соңғы аптада облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 17 дерегі анықталып отыр. Бұл туралы кеше облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте аймақтың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігеріӘлия Әбдіқайымова баяндады.
Коронавирус инфекциясы облысқа қарасты барлық ауданда тіркелуде. Ә.Мүтәліпқызы олардың басым көпшілігі, яғни 1980 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде екенін жеткізді. Ал аурудың жоғары көрсеткіші 20 жастан 69 жас аралығындағы азаматтар арасында жиі тіркеліп отыр.
Коронавирус инфекциясы облысқа қарасты барлық ауданда тіркелуде. Ә.Мүтәліпқызы олардың басым көпшілігі, яғни 1980 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде екенін жеткізді. Ал аурудың жоғары көрсеткіші 20 жастан 69 жас аралығындағы азаматтар арасында жиі тіркеліп отыр.
– Бұл әлі де болса жастардың ойын-сауық басқосуларының жалғасып, карантин режиміне қарамастан үлкен кісілердің ас беру, үй жағдайында той, беташар өткізу секілді көпшілік іс-шараларына баруы тыйылмай отырғандығын көрсетеді. Наурыз айында облысымызда эпидемиологиялық ахуалдың өршіп, инфекция жұқтырудың топтасқан жағдайлары осындай жиын-тойлардың себебінен орын алған болатын, – деді брифингте Әлия Әбдіқайымова.
Карантиндік шектеулерге қарамастан шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін облыста әртүрлі ұлттық дәстүрлік сипаттағы 440 көпшілік іс-шара өткен. Талдау жүргізу барысында халық тарапынан той-жиындар тек демалыс күндері емес, жұмыс күндері де жиі ұйымдастырыла бастағаны белгілі болды. Сондықтан арнайы құрылған жұмысшы топ жұмыс күндері де жеке тұрғын үйлер мен мейрамханаларға, жалға берілетін коттедждерге жүргізілетін рейдтік шараларды күшейтіп отыр. Ал қызметіне рұқсат етілген нысандардағы карантиндік шаралардың сақталуы мониторингтік топтың күнделікті бақылауында.
– Бүгінгі күнге дейін 24 мониторингтік топ 3791 нысанға рейдтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 859 карантин талаптарын бұзушылық анықталып, ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлігімен жалпы сомасы 40 794 930 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Карантин талаптарын бұзушылықтар қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік сауда орындарында да жиі анықталады, – дейді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.
Халыққа қызмет көрсету орындарындағы карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі санитариялық талаптардың сақталмауына қатысты анықталған, яғни қызметкерлер маскасыз, қорғаныш қолғаптарынсыз халыққа қызмет көрсеткен, сонымен қатар шекті уақыттан асырып жұмысын жалғастырған нысандар да бар. Атап айтқанда, облыс бойынша 285 дерек маска тағу ережесін бұзуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтамауға, шамадан тыс адам жинауға қатысты, жұмыс жасау уақытының шектелуін бұзу бойынша – 67, тыйым салынған нысандардың қызмет көрсетуі бойынша – 32, залалсыздандыру талаптарының сақталмауы бойынша – 14 талап бұзушылық орын алған.
– Індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана шараларды сақтау керек. Бұл сақтық шаралары күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде де ақпараттандырылуда, – деген Ә.Мүтәліпқызы тұрғындарға бірнеше кеңесін де жеткізді. Атап айтсақ, ең бастысы жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтау қажет. Егер мүмкіндік болса, кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз. Қоғамдық орындарда маска киіп жүру де маңызды. Қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.
Иә, бұрын-соңды атын естімек тұрмақ, ойымызға да келмеген коронавирус індеті шыңның басындағы шынарды да, қарағайлы қалың орманды да шарпып өтті. Енді ондай жағдай қайталанбасын десек, сақтық шараларын бұлжытпай орындауымыз керек.
Гүлхан ЯХИЯ