Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮЙКЕЛЕГЕН ЖҰРТТЫҢ ҚАРАСЫ ҚАЛЫҢДАП БАРАДЫ

ЖҮЙКЕЛЕГЕН ЖҰРТТЫҢ ҚАРАСЫ ҚАЛЫҢДАП БАРАДЫ

Бүгінде екінің бірі ашушаң. Қит етсе, «Жыныма тимеші», «Жүйкемді тоздырмашы» деп, бірін-бірі жағасынан алуға құмар. Бұл, тіпті, бесіктен белі шықпаған балаларға да тән ауруға айналды. Оның басты себебі неде? Жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшырап жүргендер кімдер? Әлемдегі ең қауіпті аурулардың қатарында тұрған бұл сырқаттың негізгі себебі неде? Жауап іздеп көрейік.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2030 жылға қарай депрессия зардабын тартатындар саны екі есе өсіп, 40 пайызға жетеді. Тіпті кейбір сарапшылар психикалық ауытқулардың адамзат қасіретіне айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Депрессия ауруы – әлемде жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен қатар тұрған сырқат. Бүгінде осы күйзелістен әлемде 350 млн адам зардап шегеді.
Жалпы күйзелісті адам психикасының бұзылуы деп алуға болады. Былайғы кезде мән беріп қарамауымыз мүмкін, бірақ бұл кәдімгідей қауіпті аурулардың қатарына жатады. Өйткені адамның жүйке жүйесінің әлсіреуімен, күйзеліске түсуімен ойнауға болмайды. Ол адамның кейде өзін жазықты сезінуінен, себепсіз қорқуынан, жағымсыз көңіл-күйден білінеді. Сол сияқты керісінше адамның әлденеден қанағат алу қабілетінен айырылуынан, ерекше оқиғаларға селт етпеуінен, не қайғырып, не қуанып, эмоциясын білдірмеуінен де байқалады екен. Күйзеліске ұшыраған адамның бір нәрсеге назар аударуы, ерік-жігерін жинауы да қиын. Мамандар бұл дертке адам себепсізден себепсіз ұшырауы мүмкін екенін айтады. Алайда өзінің қосылған ортасы, өмір сүру салты да белгілі бір деңгейде өз әсерін тигізбей қоймайды.
Ғалымдардың сөзіне сенсек, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін дүниеге келгендер арасында бұл дерт өршіп кеткен. Әсіресе, соңғы 50 жыл ішінде күйзеліске ұшырағандардың саны көп. Әлеуметтік себепті айтпағанның өзінде бұған жаһандану мен ақпараттық заманның да өз әсері бар екен. Әсіресе, өндірістің автоматтандырылуынан кейін бұл дерт әлеуметтік сипат алған. Бұрын адам өзі қолымен істеген жұмыстың жемісін жейтін еді. Оның наны да тәтті болатын. Қазір қалай? Энергия алатындай жұмыс күші азайды. Ал адамның еңбек күшін қажет ететін жұмыс азая бастағанда бұл құбылыстың орын алуы заңдылық.
Осыдан келіп жүйкелеген жұрттың қарасы қалыңдап барады. Оның тағы бір себебі үлкендер түгілі титтей балалардың да қолынан түспейтін ойыншыққа айналған телефонды айтсақ болады. Ұялы тұтқаның пайдасымен қатар зияны да шаш етектен. Адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, танымдық қабілеті төмендейді. Бойды сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді. Ал ұялы телефонды ұзақ ұстайтын балалардың көбісі ашушаң, шаршауық, жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Әсіресе, жастар қазір алаңсыз қалта телефонына таңылған, қолдарынан бір тастамайды, құлақтарынан түспейді. Түнде құшақтап ұйықтайды.
Не керек, депрессияға шалдығып, жүйкелеген жұрт көбейгеннен ба? Оны емдейтін мамандардың да қарасы қалыңдай түсті. Екі аттасаң психолог пен коучқа жолығасың. Бұрын тек кинодан ғана көретін бұл мамандарға қазір халықтың да сұранысы артқан. Әсіресе әлем желілерде мұндайлардың саудасы қызып тұр. Медитация дейсіз бе, афирмация дейсіз бе бәрін үйретеді. Тіпті тығырықтан шығудың жолын көрсетіп, жаныңыздағы жақыныңызбен қалай қарым-қатынас орнату керектігіне дейін айтып береді. Қысқасы психологтың бір тренингіне қатысып шықсаңыз болғаны. Мейлі онлайн не офлайн болсын кеңесін алған адам депрессиядан арылып, күйзеліспен қоштасады. Нәтижесінде жолы ашылып, табысы да артпақ. Психологтардың көпшілігінің жарнамасы осындай.
Иә,шыныменде маманға жүгініп, өкпе-ренішінен арылып, жағдайы жақсаратындар бар. Бірақ жалған жарнамамен жұртты желіктіріп, тек пайдасын көздейтін алаяқтардың да жоқ емес екенін естен шығармау керек. Бастысы әр адам өз-өзіне бекем болып, әрнәрсенің ақыры мен қайыры барын естен шығармаса игі. Тұңғиыққа батпай, кез келген істен жақсылықты байқай білетін жанның жан дүниесі де жақсы болмауы мүмкін емес.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
21 қараша 2020 ж. 368 0