Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйкеңіз жұқарып жүр ме?

Жүйкеңіз жұқарып жүр ме?

Айналадағы адамдарға бір сәт назар салыңызшы. Не байқадыңыз? Егер назарыңызға ешнәрсе ілікпесе, онда кез келген жанмен сөйлесіп көріңізші. Енді нені аңғардыңыз? Сол сәтте жұмыр басты пенденің барлығынан «Шаршап жүрмін», «Титықтап кеттім» деген сөзді естисіз. Расында, қазір барлық адамдардың жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшыраудың аз-ақ алдында жүр. Қит етсе кез келген жан «Ашуымды келтірмеші», «Жыныма тимеші» деп дүрсе қоя береді. Әсіресе қоғамдық орындарда мұндай жайттарды көп кездестіреміз. Бұл тіпті бұғанасы қатпаған жеткіншекте де, егде жасқа келген жанда да ұшырасады. Оған не себеп? Жалпы жүйке жұқаруы қауіпті ме? Біз бүгін осы сауалдардың шешімін іздеп көрелік.
Жүйке жұқару, көңіл күйдің болмауы­ депрессия дертіне шалдықтырады. Бұл ауру қазір жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен қатар тұрған сырқат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 2030 жылға қарай депрессияға ұшыраған жандардың саны екі есеге өсіп, ол 40 пайызға жетеді екен. Мамандар бұл ауруға адамдардың себепсізден-себепсіз ұшырауы мүмкін екенін айтады. Алайда, кей жағдайда адамның ашуланып, өз-өзіне бақылау жүргізе алмауына ортасы мен қоғам да себеп болады.
Жалпы күйзеліске ұшыраған адам жабырқап, ешнәрсеге назар аудармайды. Айналада орын алған оқиғаға таң қалып, селт етпейтін халге жетеді. Кейде өзін-өзі жазғырып, ешкімге керек еместей күй кешеді. Адам баласының күйзеліске ұшырауына әртүрлі жағдайлар себеп болады. Бірі қаржының жетіспеушілігінен болса, енді бірі жұмыссыздық, ұрыс-керістің салдарынан ауруы мүмкін. Ғалымдардың дерегіне сенсек, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін дүниеге келгендердің арасында бұл дерт өршіп кеткен. Бұған жаһанданудың да өзіндік әсері бар көрінеді. Өйткені, бұрын адам өз еңбегімен, маңдай терімен жасайтын жұмыстарды қазір ақылды технологиялар іске асырады. Соның салдарынан адамдар белгілі бір істен ләззат ала алмайды. Тіпті күнделікті өмірде қолданып жүрген қалтафон да күйзеліске шалдықтыруы ғажап емес. Мұның себебі айтпаса да түсінікті шығар. Айшылық алыс жерлерді сымсыз байланыстырған құрылғы қасындағы адаммен ара-қатынасты ажыратады. Бұл орайда отбасы мүшелері де бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатпайды. Анасы мен қызы, әкесі мен ұлы өзара сыр алмаспағандықтан, бала да күйзеліске ұшырауы бек мүмкін. Бір қарағанда бұл жайттарға айрықша мән бермейтін шығармыз. Алайда, күйзелістің соңы суицидпен аяқталатын оқиғалар да баршылық. Ғалымдардың зерттеуінше, күйзеліске шалдыққан әрбір төртінші адам өзін-өзі өлтіреді екен. Былтырдың өзінде елімізде 3 644 адам өз-өзіне қол салған. Олардың ішінде ересектердің саны басым. Көпшілігі көлік астына түсіп немесе басқа да бақытсыз жағдайлар арқылы жүзеге асырмақшы болған. Міне, осылайша өз өмірін өзі қиюдың бір себебі – күйзеліске ұшырау. Осыдан-ақ күйзеліске ұшырауды қалыпты жағдай деп қабылдамау керек екенін байқаймыз. Ендеше, қайтпек керек?
Мамандар ол үшін ең әуелі дертке дауа болатын ем жасауы қажет екенін айтады. Алайда, біздің елде жан саулығына селқос қарайтындар көп-ақ. Көбісі психологтың есігін өз еркімен қақпайды. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деп іштегі қайғысын сыртқа шығара бермейді. Шығарғанның өзінде құрбы-құрдасына ғана айтады. Алайда, «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар емес пе? Яғни тәннің дертін емдегені секілді, жан саулығына да салғырт қарауға болмайды. Осы орайда біз облыстық педагог-психологтардың кәсіби тренері Ләззат Төлешовамен пікірлескен едік. Ол бүгінде күйзеліске ұшырап жүргендердің көбісі жасөспірімдер екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар олардың 95 пайызы отбасындағы келеңсіздіктен осындай халге душар болуда. Өйткені, ата-ана арасындағы дау-дамай, бір-бірімен түсініспеушілік балаға кері әсерін береді екен. Арада уақыт өткеннен кейін бала өз-өзін өлтіруге мәжбүр болады. Бірақ бұл жайтпен дер кезінде күрессе, ешкімге қауіп төнбейді.
– Адамның күйзеліске ұшырауына бір ғана жағдай әсер етпейді. Бірнеше оқиға әсер етіп, соңғысы күшейткіш фактор болады. Мұның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан депрессияға ұшырамаудың алдын алу керек. Ол үшін ең әуелі адам өз мәселелерін өзгемен бөлісіп үйрену қажет. Бұл – бірінші жолы. Ал екінші кезекте жан күйзелісіне ұшыраған адам міндетті түрде мамандарға жүгіну керек. Психологтар мен дәрігерлер кез келген адамға көмектесе алады. Ең бастысы көпшілік күйзелістің емі бар екенін естен шығармаса екен. Әрі онымен ойнауға болмайтынын да айтқым келеді, – дейді психолог маман.
Қазіргі таңда психолог Ләззат Сәулебекқызы мектеп жасындағы балалармен жұмыс істеуді қолға алған. Мектеп оқушыларымен салааралық мамандар бірлесе отырып, күйзелістің алдын-алу шараларын жүргізеді. Олар жасырын сауалнама алу арқылы баланың ішкі әлеміне үңілуге тырысады. Сауалнамадан соң дәрігер мамандармен қоса психологтар балалармен жеке жұмыс істейді. Осылайша кәмелет жасына толмаған жеткіншектерді депрессия дертінен сақтап қалады. Десе де, күйзелістен құтылу әр адамның өз қолында екенін де естен шығармаған жөн. Дана қазақ «Болған іске – болаттай бол» деп текке тәмсілдемеген. Сабыр сақтап, күйзеліске ұшырап күйремеу, депрессияға шалдығып, құрдымға кетпеу өн бойымыздағы тағдыр тауқыметіне қарсы тойтарыс беру қабілетімізге тікелей байланысты.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
09 қараша 2019 ж. 1 182 0