Күйзеліс күйретеді
«Шаршап кеттім», «Титықтадым», «Жүйкем жұқарып жүр». Міне, осы сынды шағымдарды күніне бірнеше адамнан естиміз. Олардың арасында дөңгеленген дүниеден жалығып, күллі жақсылықтан үміт үзгендері де бар. Бұл тіпті бұғанасы қатпаған жеткіншекте де, жасы егде тартқан тұрғындарда да кездеседі. Өкініштісі, жүйке жұқару мен көңіл күйдің болмауын барлығы қалыпты жағдай деп қабылдайды.
Деректерге сүйенсек, көңіл құлазып, жан күйзеліске ұшыраса, депрессия дертіне шалдығады. Бұл ауру – қазір жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен қатар тұрған сырқат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 2030 жылға қарай депрессияға ұшыраған жандардың саны екі есеге өсіп, ол 40 процентке жетеді екен. Мамандар бұл ауруға адамдардың себепсізден-себепсіз ұшырауы мүмкін екенін айтады. Ең сорақысы, ұзақ жан күйзелісінің соңы суицидпен аяқталуы мүмкін. Ғалымдардың зерттеуінше, күйзеліске шалдыққан әрбір төртінші адам өзін-өзі өлтіреді екен. Былтырдың өзінде елімізде 3 800 адам өзіне қастандық жасаған. Бір өкініштісі, бұл дерек 2018 жылмен салыстырғанда 7 процентке артқан. Өзін-өзі өлтіруге басты себептердің қатарында жалғыздық, тұрмыстық жағдайдың төмендігі мен ауру-сырқат бар. Бұдан бөлек өмірін еш өкінбестен қиған жандардың арасында жасөспірімдердің де саны көп. Бұл жағдайда статистикалық мәліметтер жастардың отбасындағы жайсыздығын алға тартады.

Тағы бір алаңдатарлық мәселе – өзін-өзі өлтірудің жаһандық сипат алуы. Әлемде әр 40 секунд сайын бір адам өз өмірін қиғысы келеді. Сол сәтте тағы кемінде 10 адам бұл дүниемен қош айтысуға амал жасайды. Мұны аяқталмаған суицид дейді. Соңғы 50 жылда барлық елдегі суицид айтарлықтай жасарған, бүгінде өз қолынан ажал құшқандардың 60 пайызының жасы тіпті 40-қа да жетпейді. Әрине, қиындық келсе құламай қарсы тұрған жақсы. Бірақ сол күйзелісті жақын-жуықпен бөлісіп, дер кезінде дерттің дауасын іздеген одан да жақсы емес пе? Бұл орайда депрессияға шалдығып, күйзеліске ұшыраған бойда жанды емдеуге кірісу керек.
Төлен Әбдіктің «Оң қол» романында «Біз тәні ауырғандарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екендігімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз, ақыл-естен айырылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз» демей ме? Расында, адам баласы жан күйзелісіне түскен жұмыр басты пендеге қол ұшын созуға асықпайды. Керісінше олардан ат тонын ала қашуға тырысады. Мұндай әрекеттен кейін тағдыр тауқыметі титықтатқан жан «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп іштегі қайғыны сыртқа шығарғысы келмейді. Өз-өзінен тұйықталып, өмірдің жақсы жақтарынан ләззат ала алмайды. Ал мұның соңы әлгінде айтқанымыздай суицидпен аяқталуы ғажап емес. Алайда, тәнді емдегеніміз секілді жанның да саулығын сақтаған жөн. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей осы орайда біз облыстық педагог-психологтардың кәсіби тренері Ләззат Төлешовамен пікірлескен едік. Психолог маман да депрессия мен күйзелістің аяғы өзін-өзі өлтірумен аяқталатынын айтып, дабыл қағуда. Ал мұндай қаралы хабар орын алмас үшін әу бастан жағымсыз әсерлермен күресу керек екен.
– Адам күйзеліске бір ғана фактордың әсерінен ұшырамайды. Оған бірнеше оқиға әсер етіп, соңғысы күшейткіш фактор болуы мүмкін. Міне, дәл осы себепті қайғылы жағдай орын алады. Бұл әсіресе, жасөспірімдердің арасында көп. Жастардың томаға-тұйықталып, өз-өзінен оқшауланып жүруі немесе аяқ асты ашу-ызаға булығуы, сабақтың нашарлауы, ешнәрсеге зауқы соқпауы ата-ананың сезігін тудыруы тиіс. Мұндай жағдайда баланы жалғыз қалдырмай, оның отбасы мен қоғамда орны ерекше екенін ұғындырған жөн. Тіпті кейбір жастар өлім туралы сөз қозғауы мүмкін. Бұдан бөлек, денесін тілгілеу, дәрі-дәрмекті шамадан тыс көп пайдалану да қауіптің белгілері. Мұндай жағдайда ата-ана мамандардың кеңесіне жүгініп, баланың көңілін жайландыру қажет. Ең бастысы, суицидтің алдын алуға болатынын естен шығармаған абзал. Әрі онымен ойнауға болмайтынын да айтқым келеді. Суицидпен мәселенің түйінін тарқату мүмкін емес, – дейді психолог.
Күйзелістен құтылу әр адамның өз қолында. Дана қазақ «Болған іске болаттай бол» деп текке тәмсілдемеген. Сабыр сақтап, күйзеліске ұшырап күйремеу, депрессияға шалдығып, құрдымға кетпеу өн бойымыздағы тағдыр тауқыметіне қарсы тойтарыс беру қабілетімізге тікелей байланысты.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ