Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырыңды тар жерде қияр ма екен? Артық ішкен жүз грамм, елу грамм...

Тағдырыңды тар жерде қияр ма екен? Артық ішкен жүз грамм, елу грамм...

Мөңке бидің осыдан талай жыл бұрын «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді. Бірақ адам соған құмар болады» деп келешекті болжағаны барлығымызға мәлім. Десек те арада талай жыл аунап өткеннен кейін бидің болжамы бұлжытпай орындалады деп кім ойлаған? Тек бұл ғана емес, аузы дуалы, сөзі уәлі жанның айтқан өзге де жорамалдары қазір жадымызда жатталып бара жатқан жоқ па? Соның бірі – көпшіліктің ащы суды қымсынбай ішуі. Иә, айналада арақты қымсынбай қолына ұстап жүрген жандарды көрсек, таңғалмайтын жағдайға жеттік. Тіпті той барысында бағасы қымбатын мақтана үстелге қоямыз. Шишадан шаттық табатын секілді бір-бірімен жарысып, қу арақты қылғытып жіберетіндерге не дерсіз? Егер сондай отырыстарда «аузыма арақ алмаймын» деп қашқақтасаңыз, қуаныш иесін сыйламағанның белгісін байқатады екенсіз. Бірақ жақсылыққа жайылған дастарқан арақтың кесірінен жамандыққа душар қылмаса игі.
Бір жұтымның өзінен барлық бәлені тауып отырған жандар қоғамда жеткілікті. Бірінің отбасы ойрандалады, екіншісінің денсаулығына дерт жабысады, ал басқалары қу құлқынның қамымен қарызға белшесінен батады. Міне, осындай опа бермейтін жағдайларды көзбен көрсе де, көңілге түймейтіндер маскүнем болуда. Маскүнем демекші, соңғы күндері аудан орталығында араққа сылқия тойып, өткен-кеткенге алақан жайған жандарды көзіміз шалуда. Оларға әлдекімдер тиын-тебен тастаса, кейбіреулер «маскүнем» деп мұрын шүйіре қарайды. Бұл көріністі күнделікті көріп жүргендіктен, тепсе темір үзетін азаматтың ерік-жігері бір сәтте құм болғанына налып кетесіз. Сондай-ақ санада «Араққұмарлықтан арылудың амалы бар ма?» деген сұрақ пайда болады.
Жалпы маскүнемдік ауруы әуелі әуестіктен бастау алады екен. Одан кейін әрнәрсені сылтау етіп арақ ішуді әдетке айналдырудан болады. Бұл ақыр аяғында үйреншікті әдетке айналып, адам өзінің ішкілікке қалай салынып кеткенін байқамай қалатын көрінеді. Осылайша тәнді ғана емес, жанды да зақымдайтын ауру бірте-бірте өрши береді. Алайда бұл дерттің емі жоқ деп түбегейлі кесіп айтуға болмайды. Өйткені елімізде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы алкологизмге шалдыққан адамды міндетті түрде емдеудің алғашқы курсын бекіткен. Бұл курс емделушіні 3 жыл бақылауда ұстайды. Дәрігерлер мен арнайы мамандар маскүнемнің осы аралықта арақты ішпеуін қадағалайды. Медицина тілімен айтатын болсақ, маскүнемдікті емдеудің үш жолы бар екен. Олар ішімдіктен улану зардабын жою және көңіл-күйді қалпына келтіру, ішімдікке әуестік әдетті жойып, спиртті ішімдіктерге жиіркеніш тудыру және оған төзе алмаушылықты қалыптастыру, сонымен қатар аурудың қайталанбауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану. Міне, осы секілді шаралар арақтың азабынан құтылғысы келгендерге зор мүмкіндік.
Бүгінде елімізде ішімдікке салынған жандарды дәрі-дәрмекпен ғана емдеп қоймайды, оларға ақ халаттылар психотерапияны да қолданады. Бұл көбінесе арнайы наркологиялық қызмет орындарында жүзеге асады. Себебі құтының кесірінен ашуланып, мінез-құлқы өзгеріске ұшыраған адамды кез келгені сабырға шақыра алмайды. Мұндайда көпшілік республикалық, облыстық, қалалық наркологиялық диспансерлер, сондай-ақ наркологиялық стационарлардың көмегіне жүгінеді.
Есімін өзгертіп, тегін жасыруды қалаған Данияр да екі жыл бұрын Қызылорда облыстық наркология орталығының емделушісі болған. Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан ол, араққа әуестігін жалындаған жиырма жасында бастапты. Әлгінде айтқанымыздай, әуелі қызығушылық пайда болған. Сосын өн бойы ащы суға қалай құмартып кеткенін өзі де аңғармай қалған. Осылайша ­Данияр он жылдан астам үй мен үйді аралап, көшені жағалап, шаттығын шишадан іздеуге тырысқан. Қазіргі кезде қамал алатын жасқа жеткен ол, өткен күндеріне өкінішпен қарайды.
– Жастық шақта ес болмады. Айналадағы адамдарға қызықтым ба, мектеп бітірген сәттен бастап ішімдікке құмарттым. Мас болып талай ақымақтыққа да бардым. Жұбайымды сабадым, балаларыма тәрбие бере алмадым. Қайта ата-анама рақмет. Мен үшін барлығына шыдап, мені бұл дерттен құтқарды, – дейді Данияр.
Иә, «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп тілейтін ата-анасы ұлын сүйреп баспаған тауы, кірмеген есігі қалмайды. Бір күні халық еміне жүгінсе, енді бірде әулие-әнбиелерді аралайды. Ақыр аяғында араққұмарлықтың емін облыстық наркология орталығынан табады.
– Наркология орталығында апталдай азаматтар ғана емес, қазақтың қаракөз қыздары да бар. Олардың арасында тым жақсы отбасының отанасы болғандар да, маскүнемдікке кездейсоқ душар болған жандар да бар. Бірақ барлығының қалауы біреу. Ол – араққа құмарлықтан арылу. Біз қазір сөзбен айтып отырмыз ғой, алайда ол – өте қиын нәрсе. Адамның ерік-жігері мен сана-сезіміне тікелей байланысты екен, – дейді ұлының маскүнемдігімен талай жыл арпалысқан ақ жаулықты ана.
Рас. Араққа құмартып кеткен жандарды толықтай емдеп шығу қиынның қиыны. Бұл әсіресе, бөтелке ұстаған әйелдерге ауыр тиеді екен. Тіпті нәзік жандылардың ішімдікке салыну үшін небәрі 2-3 жыл керек көрінеді. Бұл процесс ерлерде 5-6 жылдың көлемінде жүреді. Алайда араққа тез салынған қыздар одан оңайлықпен арыла қоймайды. Мұның өзіндік себептері де бар. Әуелгісі – адамды арақтың зардаптарынан сақтандыратын ферменттердің әйел бауырында орналасуы болса, кейінгісі – маскүнем келіншектердің ауруын мойындамай, өз-өзімен төмен дәрежеде күресуі. Қалай десек те, арақтың денсаулыққа тигізер зияны шаш етектен екені көрініп тұр. Сол себепті дана халқымыздың ­«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген өсиетіне құлақ асқанымыз артықтық етпес. Өйткені осы даналық сөз араққұмарлыққа тікелей қатысты. Маскүнемдік те дерттің бірі. Бұл дертті адам өзі тауып алады. Кейін тән азабына жан азабы қосылып, айығудың амалын таппай әбігерге түседі. Ендеше ащы судан азап тартқысы келмегендер және ұрпағының азғындалуын қаламағандар арақтан алшақ болса керек-ті.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
08 қараша 2020 ж. 400 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930