Әлемі әдемі әлеуметтік қызмет
Елімізде түрлі әлеуметтік қиындыққа тап болған азаматтар көп. Адамдар сонда да жақсы өмір сүру үшін үміт үзбеу керек. Діттеген мақсатқа жету үшін тоқтап қалмау қажет.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруға үнемі үлес қосып келетін Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінде елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан сала мамандары жетерлік. Солардың бірі – әлеуметтік қызметкерлер. Ұлы ақын А.Құнанбайұлының «Адамның қасиеті үш-ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деуінде үлкен мән бар.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруға үнемі үлес қосып келетін Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінде елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан сала мамандары жетерлік. Солардың бірі – әлеуметтік қызметкерлер. Ұлы ақын А.Құнанбайұлының «Адамның қасиеті үш-ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деуінде үлкен мән бар.
Адамдардың барлығы да ауырады, бірақ балалардың түрлі сырқаттарға бейімділігі мен тумасынан сынақ болып жабысқан бала сырқатына сабырмен қарап, болашаққа деген сенімдерін жетелейтін жігерлі жандар – осы мамандық иелері.
Боямасыз қабілеті мен біліктілігі арқылы ата-анасының махаббатынан артық ілтипат арнамаса, қамкөңіл бала да алдындағы қызметкерді қаламайды.
«Қайтер едік өмірге келмегенде, көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде» деп ақиық ақын М.Мақатаев өз заманында талай мүмкіндігі шектеулі жанның жан-жарасын осылай жырлап еді.
Ал қазіргі демографиялық қоғамның өткір де әлсіз тұсы мүмкіндігі шектеулі бала.
Елімізде 18 жасқа толмаған жарымжан балалардың саны 86000-нан асса, оның 78 мыңнан астамы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер.
«Тағдыр тауқыметі», «шарасыз күй» деп өзімізді жұбатсақ та статистика өзгеретін емес. Шиелі ауданы бойынша 2020 жылдың басынан 138 бала 31 әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгініп келеді.
Қазақстан Республикасы 2002 жылғы 11 шілдедегі №343-II «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық – педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» және 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығымен бекітілген халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес 2004 жылдан бері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 1 меңгеруші, 2 кеңесші Нұрбибі Абдреймова мен Ақжарқын Жұмаханқызы, айқындау-бағалаушы Ануза Шамуратованың еңбектері зор, – деп мәлімдеді бөлімше меңгерушісі Сара Көшкінбаева.
2004 жылдан бастап аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істеп келеді. Содан бері барлық әлеуметтік қызметкерлердің арқалағаны алғыс. Солардың ішінде 16 жыл тапжылмай қызмет етіп келе жатқан Сауле Әшірова, Зухра Кеншінбаева мен Айжан Байділдаеваның есімдерін ерекше айтуға болады.
Қызмет алатын балалардың икем дағдысына қарай дене мүмкіндіктері мен ақыл-ойының даму қабілеттеріне сәйкес үйреншікті әлеуметтік ортада болуына қолайлы жағдайлар туғызу, гигиеналық талаптарға сәйкес өмір сүру жағдайларына қолдау жасау, әлеуметтік қызметтерді көрсетудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, оңалту іс-шараларын жүргізу жұмыстары жасалынады. Аптасына кемінде екі рет қызмет көрсетіледі.
Үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер сынды 8 бағыт бойынша жүргізіледі.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүруге деген құштарлығын арттыру мақсатында түрлі әлеуметтік іс-шаралар өтеді. Қолөнер, ән мен би, үстел теннисі мен шахмат, сурет өнері байқауларында баптарын сынаған батыл жандар жүлдесіз қалған емес.
Өткен жылы 13 наурызының Салтанат сарайында әлеуметтік қызметкерлердің ұйымдастыруымен «Әйел – Ана, Әйел – Ару, Әйел – Гүл» атты мерекелік іс-шара өтті. Осындай кішкене бөлімшенің үлкен ұжымында күнделікті жұмыс кестесін барлық қызметкерлерден бірдей талап ететін бөлімше меңгерушісі Сара Көшкінбаева келуші тұрғындардың шаруасын тиянақтап отыруға дағдыланған.
Кез келген мәселеге немқұрайлы қарамайтын, жұмысқа келмей қалу, себепсіз кешігуді салғырттық деп санайтын жаны таза білікті маманның қасиеті көп жастарға үлгі.
Бүгінде елудің бесеуіне келсе де әріптестері ортасында әдебі мен әдемілігін қатар алып жүрген Сара Көшкінбаева қойнауында құт дарыған Шиелі ауданы, Талаптан ауылында 1965 жылы 7 маусымда дүниеге келген. 1982-1985 жылдары Қызылорда политехникумын бітіріп, алғаш еңбек жолын 1986 жылы облыстық әлеуметтік қорғау бөлімінде уақытша экономист қызметінен бастаған. 1987 жылы Қызылорда әлеуметтік қорғау бөлімінің зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығында, 1992-2005 жылдары аралығында Шиелі аудандық әлеуметтік қорғау бөліміне инспектор болып ауысып, 2005 жылдан бүгінге дейін Балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет етіп келеді.
Сара Тұрғанбайқызы артта қалған еңбекке адал жылдарын әр сәт ыстық ықыласпен еске алып, тағдырына шүкіршілік етуден еш жалыққан емес. Бір басына жетіп артылатын қуанышы мен қиындығы қатар өрбіген өткен күндеріне қарап тәубе етеді. Бастысы қандай жағдай болмасын адамдықтан, ардан аттап көрген жоқ. Ауданда алдыңғы қатарлы әлеуметтік сала маманы болса да мықтымын деп тасымады, қиындықта жасымады. Ащы тердің тәтті нанын жей жүріп, шаңырағын шаттыққа бөледі. Жолдасы Ғабитпен екі ұлын ұяға, қызғалдақ гүлін қияға қондыруға ниеттеніп жүрген үлгілі отбасы.
Иә, өмір дейтін керуенде кемшіліксіз болу мақсат емес, келісті болу міндет. Әрбір еңбек пен әлеуметті қолдап жүрген адам баласы мемлекеттің жоспарлы межеге жетуі үшін әлеуметтің әлді болуына әрекет жасауы тиіс.
Алма Жаңабатырова