Әзілің жарасса
Қазақтың ауыз әдебиетінде де, жазбасында да әзіл-оспақ, қалжың, ұтқыр сөз тауып кету бар нәрсе. Оларды халық арасында әзілкеш, қылжақбас, тілі удай, оған дауа жоқ деп бағалап отырған. Бір жағынан ондай адамдардан сақтанған. Жолымен ұтымды айтылған әзілге ішексілесі қатып күлген. «Күлкі денсаулыққа пайдалы» деп отырған. Бірақ аты-жөні жоқ күле бермеген. Себебі біреу әзілді бірден түсінсе, кейбіреу жұрт күліп болған соң барып түсінеді. Сөйтіп кеш болса да езу тартады. Сатирик жазушылар бір ауыз сөзге терең мағына беріп, діттеген жеріне дөп тигізіп, адамды еріксіз күлдіруге шебер. Өмірдегі шындықты жазса, шын күлкі сонда. Өзіңіз көріп жүрген, аңғарып байқап жүрген нәрселер сіздің емес, анау жазушының айтуымен, жазуымен жеткен кезде түйсігіңіздегі күлкілі жағдайлар есіңізге түсіп кетіп, қарқылдап немесе мырс етіп күлгеніңізді сезбей қаласыз. Мұны сатира жазушылардың, әзілкеш ақындардың шеберлігі, сөзге ұста, ойға ұшқырлығы, оқырманды күлкіге батыруы десек болады.
Тіл – біз, тіл – көкине, тіл – өткір. Иненің кірмейтін, өтпейтін жері жоқ. Зу етіп, кіріп кетеді.Дәрігерлер инені науқастарға пайдаланады. Ине – денсаулық кепілі. Кешегі жаман індет коронавирус кезінде иненің пайдасын да, рахатын да көрген жоқпыз ба? Инеге жете алмағандар о дүниеге жөнеліп кетті. Дәрігерлер адамды уколмен емдеп ине салады. Алтын инемен ем-дом жасайды. Ал белгілі сықақшы Нұрмахан Елтай адам жанын рухани емдеп, күлкімен, яғни өзінің «Көкинесімен» адамдардың бойындағы жаман әдеттерін,тәлпіш мінез-қылықтарын сөзбен түйреп, инемен шұқып, ауруын, кеселін келмеске кетіреді. Ине сұғу тәсілімен көп адамға ине салып, көздерін шайдай ашады. Мұны медицинада «Игло терапия» ал Нұрмаханша «қазақы қалжың», өмірдің күлкілі тұстары, әзіл-оспағы», дейді.
Әңгіме төркіні жақында ғана Алматы қаласындағы «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген Нұрмахан Назымханұлының «Көкиненің көзі» атты әзіл-оспақ қалжың жинағы туралы болып отыр. Кітап күлкісі келетін көпшілік оқырманға арналған. Сөз мерген кісілердің уәждеріне тоқтап, үндемей қалсаңыз да, не кеңкілдеп күліп алсаңыз да өзіңіз білесіз. Ешқандай өкінбейсіз. Кейіпкерлердің көбісі таныс. Шиелінің болмаса Жаңақорған ауданының азаматтары. Автор бұдан бұрын да «Ауылдағы айтқыштар» әзіл-оспақ жинағымен аузымызды аштырып, екі езу еткен. «Сыр елі – жыр елі» демекші, Сыр бойы тұрғындары арасында айтқыш адамдар көп екен. Бірақ оны сол мезетте ақ қағазға түсіріп немесе басындағы микрофонға жазып ала қоятын Нұрмахандай таланттар көп емес. Сиректің сирегі. Болмаса жоқ. Қуақы қалжыңмен жұртты қыран топан күлкіге кеңелту, өмірі күлмейтін, жымиюды білмейтін кісілерді ыржаң еткізу, сықақшыл жазушының ұсталығына, шеберлігіне, ойшылдығына байланысты. Кейбір жігіттер мен қыздарды қытықтап та күлдіре алмайсыз. Безірейіп отырғаны отырған. Бұл жерде ептілік, өнерді қысқа сөзбен жеткізіп, оқырманға не тыңдарманға өзіңіздің де өнерпаз екеніңізді өнерлеп айтып беру қажет. ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақпарат саласының үздігі, Республикалық Қ.Балғабекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы Нұрмахан Елтайдың ұстазы еліміздегі сатираның классиктері – Асқар Тоқмағанбетов пен Оспанхан Әубәкіровтер екенін кім білмейді? Нұрмахан осы екі алыптың алдынан өткен кексе сықақшыл. Оның бірнеше сатиралық және деректі кітаптары жарыққа шықты. Мәселен, «Жайма базар», «Қатырамыз», «Ауылдағы айтқыштар», «Сүйінші дайындаңыздар», «Беті бүлк етті», «Япырмай, бұл қандай қызық», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм», «Сөз семсері» атты сатиралық жинақтары оқырманға жол тартқан. Қаламгер досымыздың әзіл-сықақтары респбуликалық басылымдарда 1975 жылдан бастап жиі жарияланып келеді. Мамандығы – агроном. Ауылда жұмысшы, комсомол комитетінің хатшысы, жастар волейбол командасының жетекшісі, белсенді өндіріс бригадирі, совхоз директорының орынбасары қызметтерін атқара жүріп, өнердегі шығармашылық қабілетін таныта білді. Талантты жазушы, ұзақ жыл облыстық Сыр бойы газетінің Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі қызметінде болды. 2000 жылдары осы газет бетінде «Түрлі-түрлі бастар бар» атты арнаулы сатира бетінің ұйымдастырушысы әрі шығарушы-редакторы атанып, ел-жұртқа таныла бастады. Бүгінде өзі күлмесе де, көпшілікті күлкіге батырып жүр. Оның айғағы жаңа мен әңгіме етіп бастаған «Көкиненің көзі» «сол деген екен» дегендердің жалғасы.
Кітап бес бөлімнен тұрады. «Жылан жылғы оқиға» мен «Діріл мен дүріл» бөлімдерінде елге белгілі қоғам қайраткерлері, атақты жазушылардың аузынан шығып кеткен әзілдер қамтылса, одан кейінгі «Әр кәллада бір қиял», «Көксеркенің күші-ай», «Құдағидың қолы» бөлімдері өнер адамдары, айтыс ақындары, журналшылардың сондай-ақ Шиелі, Жаңақорғанның айтқыш жігіттерінің әзілдері топтастырылған. Енді «Көкиненің көзіне» көз салайық.
Жылан жылғы оқиға. Қызылқұм шөліндегі көне арналар сырын зерделеп жүрген тележурналист, жазушы ақмаялық Серік Байхоновқа сонау 90 жылдары жол басшы болған Жаңадария каналдар басқармасының бастығы Қуаныш бір мәселені егжей-тегжейлі түсіндіргісі келіп:
– Елу үшінші жылан жылының көктемі есіңде ме? – дейді жол үстінде.
– Иә, дейді жазушы.
– Мен сол жылан жылғымын ғой.
– Әзілің орынды, бірақ сол жылғы ғаламат тасқынды білмейсің ғой.
– Неге білмейін? Мен сол тасқыннан қашып келе жатқан кезде арбаның үстінде дүниеге келіппін, дейді Серік күлместен.
Бірінші келетін екен. Ат бәйгесін тамашалап тұрған топтың ішінен біреу келіп «Тұреке, анау бесінші келе жатқан ат менің атым еді. Аяқ тастасы қалай?» деп сұрап қоймаса керек. Сонда жарықтық Тұрмағанбет (Ізтілеуов) ананың көңіліне қарап «Ей, жануардың аяқ тастасына қарашы! Алдындағы төрт ат болмағанда бірінші келеді екен» деген екен.
Алтыншы рет айқайласа. Иманғали Тасмағанбетовтің Алматы қаласының әкімі кезінде «Үйіміздің жанындағы мешітте күніне бес мезгіл айқайлап азан шақырады да жатады» деп бір орыс кемпір жиналыста шағым айтады. Сонда Имекең «Дұрыс, алтыншы рет азан шақырса, маған келіңіз» депті сыпайы ғана.
Балабақшада. Бірде ақын Қадыр Мырзалиевті балабақшаға кездесуге шақырады. Барса мекемеге он жыл толған екен. Салтанатты рәсімге бірқатар танымал азаматтар да шақырылыпты. Кездесу соңынан дастарқан жайылып, уытты сусыннан ұрттауға да тура келеді. Батадан соң ақын «Жұртшылықтың қаламгерге деген құрметі орасан. Ішпеген жеріміз балабақша еді. Мұны да орындап тастадық» десе керек.
Стан емес...дамбал. Алпысыншы жылдардың ортасы болса керек Қыраштағы ауыл мектебінде Сейден күн ыстықта үйіне шаршап, қайтып келе жатса Имамберді ақсақал қолын бұлғап шақырып қоймапты. Амалсыз бұрылып, жанына барса ерігіп отырған қария «Сейден, айтшы осы Өкрайна (Украина дегені) Қазақстан сияқты стан ба? (ел ме дегені)» деп сұрайды. Өзін босқа әуре еткеніне ашуланған Секең сонда «Жоқ, стан емес дәу дамбал» деп жөніне кетіпті.
Қонақты күту. Бірде Жаппарбек Тимурға телефон соғып «Тез милицияның алдына келе ғой. Алматыдан екі өкіл қыз келді» дейді. Аудан ішінде жүрген ол жылдамдата әлгі жерге келсе, келген қонақ қыздар емес, Алматыға қызмет ауыстырып кеткен бұрынғы бастықтары Кәрім Жұмағалиев екен. Адвокаттық қызметімен осы өңірге іс-сапармен келген беті болса керек. «Міне, - дейді Жаппарбек, інілеріңіз сіз келді деген соң бар жұмысын кейінге қалдырып, өзіңізге сәлем беруге жетті. Сізді ас-суыңыздан тарықтырмай, барам деген Жаңақорғанға да апаруға ынталы» деп өзінше тон пішіп, баяндайды. Алданған Тимур Кәрекеңмен екі күн әуре болған екен.
Осылай «Көкиненің көзі» жалғасып кете береді. Оқырманын шаттыққа бөлейді. Күліп аурудан айығасыз. Ол үшін осындай кітапты алып, оқу керек. Мен қызыға оқып шықтым. Кітап авторы талант иесі – Нұрмахан Елтайға шалқар шабыт, шығармашылығына таудай табыс, өзіне зор денсаулық тілейміз. Күлкіге кенелтер кейіпкерің көп болсын.
Өркен Исмаил,
ҚР Мәдениет қайраткері
ҚР Мәдениет қайраткері