Қағытпа сөздің шебері

Жуырда «Ауылдың айтқыштары» атты қазақы қалжың орындаушылар арасында облыстық онлайн сайыс өтті. Аталған шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. Ел арасында сөз тауып сөйлейтін шешендерді насихаттайтын, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бірден бір үлесін тигізген шараға Жалағаш, Арал, Қазалы, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарынан барлығы 14 қатысушы бағын сынады. Олардың ішінен суырылып жерлесіміз Кенжебай Жүсіп үздік деп танылып, жүлделі бірінші орынды иемденді. Айта кетейік, ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын К.Сыздықұлы поэзия әлемінен бөлек, осыған дейін ел көкейіндегі мәселелерді әзілмен жеткізіп, сатиралық қырынан танылып жүрген сатирик. Ол басқарып отырған Алғабас ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қытық әзіл-сықақ отауы» да аудандық, облыстық сайыстарда көш бастап жүр. Ендеше көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, лайықты бағасын алып жүрген ағамызды біз де құттықтаймыз!
Фариза КЕНЖЕШОВА