Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлінбеген еншім бар

Бөлінбеген еншім бар

Қазақты неліктен қонақжай халық деп атайды? Сырттан қонақ келсе ас-дәмін әзірлеп, шайын ұсына қоятын қасиетінен болар. Яки тамағымен қоса қабағын берер жібектей мінезінен шығар. Қонақ келсе қорадағы жалғыз қойын соятын дархан пейілі ешкімді ашқұрсақ қалдырмайтыны тағы бар. Ал бұлардың түп-тамыры сайып келгенде «қазақтың үш еншісі бар» деген байырғы салт-дәстүрімен сабақтасып жатыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың осыдан 3 жыл бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда ұлттық сананы жаңғырту жолында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең бас­талды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» делінген.
Расында, әрбір ұлттың өзіне тән рухани коды болады. Жыл жаңарып, ғасыр өтсе де жаһандануға жұтыла қоймайтын, қайта мән-маңызы арта түсетін салт-дәстүрлердің тізбегі жетерлік. Оның бәрін атап-түстемей-ақ біріне тоқталсақ та жетіп жатыр. Жолаушы түспек түгілі, қоралас жатқан көршісі үйге кірмейтін бұл күнде «бөлінбеген еншім бар» деп кімге айтпақпыз? Не де болса ойдағыны қаламның ұшына салып, бұқараның есіне бір салғанның айыбы болмас деп түйдік.
Жалпы, тақырыпқа тоқталар болсақ, қазақ халқында енші беру дәстүрінің үш түрі бар. Бірінші енші – балаларға ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, қалдыратын мұрасы. Екінші бөлінбеген енші – кез келген қазақ жанұясының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы. Үшінші еншілес болу – тұтас ру аясындағы әулеттер мен аталардың қандас-туыстас болуына немесе болмауына қарамастан мақсат-мүдделерін бір ету және материалдық игілікке ортақ болу дәстүрі. Біз тарқатқалы отырған екіншісі бөлінбеген енші дәстүріне тоқталар болсақ, кез келген қазақ жолаушылап келе жатып жол үстінде кезіккен қазақтың үйіне қонуға, қонақасын ішіп-жеуге, мініс көлігін сайлап аттануға хақылы болған. Яғни, қазақ жолаушысы жолында кез болған қазақтың үйінде «бөлінбеген еншім бар» деп, сеніммен босаға аттай алған. Бұл жайында ата-әжелеріміздің аузынан естіген аңыз әңгімелер де бар. Бірде төсек тартып жатқан ақсақалдың ұлдарына қалдырған өсиеті туралы естідім.
Тағдыр талқаны таусылар шақта өмірінде жиған-тергенін екі ұлына «теңдей қылып үшке бөліп алыңдар» деген ақсақал үнсіз қалып, соңғы демі үзіліп кетіпті. Сынаптай сырғып талай күндер өтті. Әке өсиетінде айтылған үшінші бөлік үлестің жайы алаңдатады. Ақыры ойласа келе аналарының ақылымен елдің құты – Билер кеңесіне салуға ұйғарады. Бәрін тыңдап, жайға қаныққан Бас би сонда тебіреніп былай толғапты: «Қарақтарым, әкелерің батырлығына ақылы сай қадірлі қарт еді. Мынау кең-байтақ қазақ сахарасының жазылмаған заңдарына, өз елінің салт-дәстүріне өлгенше адал болды, сендерге де соны аманаттап кеткен екен. Атадан-балаға жалғасып келе жатқан салтымыздың бірі асқан қонақжайлылық еді. Ендеше, қарақтарым, әкелеріңнен қалған малдың үшінші үлесі қонақтарыңдікі. Ол үлес бөлінбей сендерде қалсын. Күн келе ме, түн келе ме, бір келе ме, он келе ме, әрбір қазақтың сендерде қалған еншісі бар. Қона жатып, қонақ болып, қалаған кезінде аттануына құқылы және осы салт күллі қазақ даласына жайылып, дәстүр болып қалсын!» деседі.
Ел аузында тараған осы сынды рухани құндылықтарымыз жетерлік. Ұлт болып қалыптасу жолында рухани кодымыздан ажырамай, өшкенімізді жандандырып, қонақжай қалпымыздан айнымауға тырысып келеді. Десекте бұрынғылар білгенмен бүгінгілерге жиі айтыла бермейтін қадір-қасиетіміздің құтын қашырмауды ойлағанымызда жөн-ақ. Тас қамалдай қабырғасын көтеріп, қақпасын тарс жауып алған кейбір қазекемнің үйіне қонақ түспек былай тұрсын, көрші-қолаң кіре алмайды. Осындайда «Қонақпен еріп құт келеді» деген даналық сөздің бір айтылуы кем болды ма дейсің? Қонақпен бірге ырыс келетіндігін санамызға мықтап сіңірсек, әр келген қонағымыздың құтты екендігіне көзіміз жетеді. Біздің қанымызда бар нәрселерді заман ағымына, уақыт талабына итере салмай сақтап қалсақ…

Абылайхан САҚТАҒАНОВ
24 қазан 2020 ж. 368 0