Бірегей бағдарлама бірлігімізді бекітті
Биыл Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласының шыққанына 3 жыл толды. Ол 2017 жылы 12 сәуірде отандық басылымдарда жарияланып, қоғамда резонанс тудырған еді. Жоғарғы мінберден бастап, оқу орындарына дейін рухани жаңғырудың қазіргі жай-күйі мен алдағы бағыт-бағдарын талқылады. Жалпы, еліміздегі рухани жаңғыру – үздіксіз процесс болғандықтан, оған Тәуелсіздік жарияланған соң қолға алған барлық рухани-мәдени шаралар енеді.
Сонау мыңжылдықтардан түрленіп, жаңашаланып ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазақ халқында салт-дәстүр жетерлік. Ендігі мезетте сол үрдістің жібін үзбей қайта жаңғыртып, рухани азық боларлық құндылықтарды дәріптеу 2-3 жылдың ішінде бітетін іс емес. Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласымен осыдан 3 жыл бұрын жөн сілтеп кеткен еді. Міне, тәуелсіздік орнағалы осы бағытта қыруар шаруа атқарылып келеді. Мәселен, жастардың патриотизмі дегеніміз оның туып-өскен жеріне, оған деген шексіз сүйіспеншілігінен басталады. Ұлттың салт-дәстүрлері, тілі мен музыкасы, әдебиеті, салт-жоралғысы, қысқаша айтқанда, ұлттық рух бүгінгі азаматтардың, әсіресе жастардың бойында сақталу керектігін ескерген саяси құжат десек те болады. Өйткені, біз ұлттық кодты, ұлттық бірегейлікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.
Рухани жаңғыру – тұрақты даму деген сөз. Рухани жаңғырусыз даму мүмкін емес. Заман өзгереді, уақыт өтеді, жаңа талаптар, жаңа құндылықтар пайда болады. Бірегей бағдарлама рухымызды көтеріп, бірлігімізді бекіте түсті. Оған дәлел «Туған жер» бастамасы атқамінер азаматтардың, табысты кәсіпкерлердің кіндік қаны тамған ауыл-аймағына назарын аудартып, елді мекендердің көркеюіне септесті. Бауырмалдық сезім оянып, бірлесіп жұмыс істеуге ұйыстырды. Кез-келген ұлы істің артында көзге көріне бермейтін бірлік, достық, татулық пен ынтымақ тұратынын аңғара бермейміз. Ал 3 жылдан бері игілікті іске себепкер болып келе жатқан «Рухани жаңғыру» түрлі салаға ғана серпін беріп қойған жоқ. Алысты жақындатты, көнерген дүниенің көркін кіргізді. Ең бастысы, берекелі істің басына бірлік деген ұғымды әкелді.
Баяғы таптаурын қағидалардан арылып, алпауыт елдердей еңсе көтеру үшін әлем халқының ахуалын аңдап, керек тұсын мәдениетімізге икемдеп алуды да мақсат еттік. Елбасымыз айтқандай «Заман ағымына бейімделу керек, Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді. Сондықтан ұлттық сана – сезіміміздің көкжиектігін кеңейтіп, ұлттық болмысымыздың өзегін сақтай отырып, бабаларымыздан мирас болып қанымызға сіңген қасиеттерді түлетіп, қазақ елінің бүгінгі күнімен жарқын болашағы үшін, рухани жаңғырудағы мақсат пен міндеттерді жүзеге асырайық. Ал ол үшін керегі ауызбіршілік.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ