Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан әлем чемпионы шығар күн жақын

Ауылдан әлем чемпионы шығар күн жақын

Ұлт денсаулығын нығайтуда бұқаралық спорттың алатын орны ерекше. Соңғы уақытта спорт сүйер ел үшін биік белестерді бағындырар ұландар мен білекті спортшылардың жеңісі халқымызды қанаттандырғаны анық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында халық денсаулығын нығайтудың нақты қадамдары мен жолдарын көрсеткені белгілі.
Қазақтың құтты мекені – ежелден-ақ ауыл екені белгілі. Ауылдың қара шаңырағынан тау көтерген Толағай мен күш атасын танытқан Қажымұқандар шыққан. Сондай бірлігі бекем, берекесі тасыған, спортшылары елдің мерейін асырған ордалы мекеннің бірі – Талаптан ауылдық округі. Біз бүгін осы ауылдағы спорт саласын мақаламызға арқау етпекпіз. Бала биде спорттың барлық түрі бірте-бірте дамып жатыр. Мысалы, қол күрес – ауыл жастары үшін қолжетімді спорт түрі болып саналады. Бала би ауылының құрыш білекті спортшыларын дайындап жүрген Қабыланбек Назарбеков ересектерді топқа қосса, Жасұлан Молдабеков мектеп жасындағы жеткіншектерді жаттықтыруға үлес қосып келеді. Осындай ұстаздардың арқасында Жалғас Сейдахметов, Ақсұңқар Бектасов секілді шойын білекті, бармағынан күш саулаған шебер спортшылар шашасына шаң жұқтырмай топ жарып келеді.
Күресті жанына серік еткен ел үшін шығыс жекпе-жегі де жат емес. Таэквондо – корей халқының ұлттық спортының бір түрі. Таэквондошы адам өз-өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы, шыдамды, адал болуы керек. Біздің елге жекпе-жектің бұл түрі тәуелсіздікпен бірге келді десек болады. Елімізде кенже дамыған спорт түрімен шұғылданатындар көп. Бала би ауылында осы спорт түрінен жаттықтырушы Сланбек Мұсатаев, Асхатбек Әлімбаевтардың дайындаған спортшылары дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Мәселен 2017 жылдың қараша айында таэквондодан өткен ҚР чемпионатында Ұлшынай Жұмаділдаева ІІ орын алса, 2018 жылы Ақан Иманбек жасөспірімдер арасындағы жарыста алтыннан алқа тақты.
Ауылда күрес спортына қызығатын ұландардың көбеюі көңіл қуантады. Батыр бабаларымыздай алыптарға тартып туған, қайсарлығы қанында ойнаған, тектілігі тамырында тулаған, намысты қолдан бермейтін жас өрендер де аз емес. Оларды баптап, шаршы алаңға шығаратын Әлімбай Дәулетов, Ғалымжан Әлиев, Асқар Жүсіпов секілді білікті бапкерлердің ауылдағы күрестің жандануына қосып жатқан үлесі зор. Бүгінде олардың шәкірттері көк байрақты көкте желбіретіп, елдің сенімін ақтап жүр. Атап айтар болсақ, Ғани Келдіғұлов пен Олжас Есқараевтар күш атасын танытып қана қоймай, Азия чемпионатында топ жарған спортшылар.
Қазіргі таңда Ардақ Айтуаров басшылық ететін Бала бидегі спорт мектебі 250-ден аса жас жеткіншектерді спорттың сан түрінен жаттықтыруда. Байыптап қарасаңыз, ауылдан шыққан спортшылардың көбісі күрес түрлерімен және таэквондомен айналысатындар. Бұл спорт түрі адамның күшті, епті, мықты болып өсуі мен түрлі әдіс-тәсілдерді, арнаулы жаттығуларды меңгеріп, түрлі кедергілерді жеңіп үйренуімен тығыз байланысты.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ортасына үлгі болу әркімнің міндеті. Бала би ауылында балғын балаларды жаттықтырып биік белестерге жетелеген бапкерлер Қайрат Жолмырзаев, Қуаныш Нұрғали, Дастан Тілеубаев үлкен мектеп есігін ашатын жас палуандарды дайындауда. Мың белесті бағындырып, биік шыңдардан көрінген палуан Дарын Балтабеков Қазақстан және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен бірге Елдос Мырзағұлов 2018 жылы Көкшетауда өткен ҚР чемпионатының жас барысы, 2019 жылы Елордада өткен жас барыстың күміс жүлдегері атанды. Атырауда өткен жас палуандар байқауында жауырыны жерге тимеген Ердаулет Әбдімүтәліпов, Рахымжан Аманжолов, Бейбарыс Тоқтасын, Наурыз Садықбеков, Фараби Қытайбек, Арман Әбдіқадыр, Думан Әбдіқадыр, Ерасыл Тілеубай, Сырым Рахметұлы мен Нұрым Мырзағұлов сынды жеткіншектер жеңіс тұғырынан көрінді.
«Боз кілемде байқалмай күдіктері,
Белдескенде ақталар үміттері.
Бар жарыста жеңіспен атой салған,
Бала би ауылының жігіттері» деген өлең жолдарымен мақаламызды түйіндейміз. Жастардың спортпен айналысуына жағдай жасалса, жасөспірімдер арасында қылмыс азайып, темекі шегу, нашақорлық сияқты жат қылықтарды жоюға мүмкіндік туатыны сөзсіз. Спортты серік ететін айбынды азаматтар көп болғай!

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
19 қазан 2020 ж. 844 0