Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заман сұранысы – үштілділік

Жаңа заман сұранысы – үштілділік

«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегендей, көп тіл білетін адамның көп нәрсеге қол жеткізетіні, басқаларға қарағанда қалаған жерінде жұмыс істеуіне де мүмкіндігі мол екені, қай елге барса да алдынан жасыл жарық жағылып тұратыны белгілі жәйт.
Міне, сондықтан да еліміздің бәсекеге қабілетті елдермен теңесетін жағдайында осы үш тілді жетік меңгерген білікті мамандардың қажеттілігі артатыны белгілі. Өз ана тілінен бөлек өзге тілдерді де қызығушылықпен меңгеріп жүрген жастар қаншама. Әсіресе мектеп оқушыларының ағылшын тілін меңгеруге деген ықыласы зор. Олар болашақта өз елімен шектеліп қалмай шет мемлекеттерге шығып, өз мүмкіндіктерін жіберіп алмауды мақсат санайды.

Оқушылардың көптілді меңгеруге қызығушылықтарын арттырып, білімдерін шыңдай түсу үшін білім беру ұйымдары көптеген байқаулар ұйымдастырып тұрады. Мәселен ұстаздар мерекесіне орай облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы «Ұстазым менің, ұстазым» тақырыбында шығарма байқауын ұйымдастырды. Қашықтан өткен сайысқа оқушылар өз қалаулары бойынша, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінің бірінде тақырыпқа сай шығарма жазу керек болатын.Ұстаздары жайлы ағылшын тілінде толғанған №48 мектептің 8 сынып оқушысы Айгерім Қаппарқызы байқаудың аудандық кезеңінде ІІІ орынды жеңіп алды. Заманға сай үш тілді меңгерген тұлға болуды армандайтын Айгерім өзінің ағылшын тіліне қызығушылығын арттырып, меңгеруге зор үлес қосқан пән мұғалімі Шырынхан Үмбетова мен мектеп директоры Гүлмира Бектегенованың еңбегі зор екенін айтады.
Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек» деген. Демек, ағылшын тілін білмей, заман талабына лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға толық қол жеткізе алмаймыз. Іргелес мемлекеттерден анағұрлым ілгері тұрған Қазақстан қазіргі жетістіктерімен шектеліп қалмау үшін де көптілділікке ұмтылуда. Өйткені, еліміздің біліктілігі мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіру мүмкіндігіне жетелейтін қадамдардың маңыздысы – көптілділік.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
12 қазан 2020 ж. 761 0