Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік махаббат әнұраны

Мәңгілік махаббат әнұраны

Әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз де соны білдірсе керек. Осындайда Ә.Нұршайықовтың «Жақсы әйелдің киесі болады» деген сөз еске түседі. Демек әйелдер – иманынан қасиеттілер, тазалығынан тектілер, адалдығынан тәрбиелілер тарайтын қасиетті қауым. Өкінішке қарай қасиетті қауым санап отырған әйелдерге кейбір отағасылар оң көзқарас танытпайды. Әйелін таяқтың астына алып, құлша жұмсап, сыйластық білдірмейді. Ал мұның соңы ажырасумен аяқталатыны барлығымызға белгілі. Кейде көпшілік ортада да апталдай азаматтардың әйелін мақтап емес, даттап отырғанын да байқап қаламыз. Осындай орынсыз оқиғалардың куәсі болғанда жігіттер қауымы Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры» романын оқыса ғой деген тілек те ішімізде қылп ете қалады. Неге? Өйткені аталған туынды ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық және ердің әйелге деген құрметі туралы тайға таңба басқандай етіп жеткізеді.
Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың 2005 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Мәңгілік махаббат жыры» аталатын кітаптың алғашқы беттерін оқи бастағанда-ақ махаббат қай жасқа жетсек те құдіретті, қастерлі болып қалатынын ұғынуға болады. Сонымен қатар осы кітапты оқи отырып махаббаттың астарында сыйластық пен бір-біріне деген құрмет жатқанын да аңғару қиын емес. Бәзбіреулер бұл туындыда авторы әйелі Халиманы ғана жаза берген деуі мүмкін. Автордың шеберлігі сол бір ғана кейіпкер арқылы мыңдаған образды жинақтап, сан түрлі оқиға өрбітіп, қазақтың аяулы қыздарын, адал жарларын, асыл аналарын сипаттап отыр.
«Мәңгілік махаббат жыры» – өлеңмен жазылған прозалық поэма. Кітап негізінен екі бөлімнен және қосымша бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Халима» деп аталып, онда екеуінің жұбайлық өмірі туралы сыр шертеді. Әрине, есімі бүкіл қазақ қауымына мәшһүр қаламгердің өмірлік серігі болып, елу төрт жыл бойы сенім үдесінен шығып, оның шығармашылығына да, жұмысына да қолдау білдіру, жүрегіне шабыт беру, ұрпағын өрбіту, кір-қоңын жуып, ас-суын даярлап отыру оңай емес. Бірақ Халима – өзінің жары Әзілханмен өткен бақытты күндеріне қанағат етіп, шүкіршілік білдірген жан. Сол себепті өмірлік серігінің де Әз ағаның ардақты азамат, қаламы қарымды қаламгер, көрнектің қоғам қайраткері ретінде қалыптасуында өзіндік үлесі бар. Автордың сөзімен айтар болсақ, Халима ғұмыр бойы атақты жазушының ойын жалғап, өрісін кеңітіп келді. Созса, қолын, ойласа, ойын ұзартты. Әз ағамыз су сұраса, сүт, қарта сұраса, қазы, жая сұраса, жал беріп келген. Міне, осындай мақпал мінезінің арқасында Халима Әзілханның басты әрі сүйікті кейіпкеріне айналды. Ә.Нұршайықов өз кітабындағы Халима бейнесі арқылы қазақ халқының әйелдері ерлерін қалай құрметтеп, қалай күтетінін жеткізді. Сондай-ақ қазақ қыздарына төзімділік, мейірімділік, қайсарлық, жомарттық, махаббатқа адалдық сынды асыл қасиеттер тән екенін зор шеберлікпен бейнелеп көрсетті. Әрине, отбасында екеуара түсіністік пен сыйластық болмаса бәрі бекер. Демек Әзілхан аға да Халиманы өз деңгейінше сыйына сый көрсетіп отырғаны анық. Әйтпесе әкесінің үйінде биязы, кішіпейіл, пысық болып жүретін қыз баласы тұрмысқа шыққанда неге өзгере қалады? Меніңше бұл жібекті күте алмай жүн еткендердің ісі-ау деймін. Әз аға осыны әу бастан түсініп, аяулы жарының өмірдегі мәртебесін көкке көтере білген. «Мәңгілік махаббат жырының» да жазылу себебі осында шығар, бәлки? Осы жыр-дастан арқылы Халима бәйбішесінің бейнесін толық ашумен қатар, оның әйелдік, аналық қызметіне зор алғысын білдіргендей.
Кітаптың екінші бөлімі «Халимаға хат» деп аталады. Атауы айтып тұрғандай бұл тарауда автор сыңарынан айырылған аққудай жалғыз қалып, асыл жарының мінезін, бейнесін қағаз бетіне түсіріп, өлеңмен өрнектеп жазады. Хәкім Абай «Адамның кісісі өлсе, қаралы ол» дегендей ет жақыныңнан айырылу кімге де болсын оңай тимейтіні анық. Әсіресе, Құдай қосқан қосағыңнан қапияда көз жазып қалу – екінің бірі төзе алмайтын қиындық. Міне, бұл қиындық Әз ағаның басына да түсті. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді». Дегенмен жан-жарын жер қойнына тапсыру авторға ауыр болды. Сол себепті ол жыр қанатына қонып, әйелі туралы толғана жазды. Ә.Нұршайықов мәңгілік ғашығы бұл дүниеден өткен сәтінде «аһ» ұрып, «О, сұрқия, сұм ажал, жарымды менің жалмадың, өлігін оның көргенше, соқыр боп неге қалмадым?» деп жоқтайды. Арада бірталай уақыт өткен соң ғашығының ғажайып бейнесін өлеңге қосады. Сол сағыныш сазына айналған жыр шумақтарынан Халима қайтыс болғанда да, Әзілхан Нұршайықовтың өшпес сезімі мен зор ризашылығын аңғаруға болады. Сірә, әйеліне дәл осылай риза болған еркек саусақпен санарлық, шығар? Сірә, әйелінің күндіз-түні тынымсыз тірлікпен айналысып жүргенін Әз ағадай бағалайтын, түсінетін еркек кемде-кем шығар? Мәселен, «Өзімді-өзім қамшылап, шауып келе жатырмын, сексен жастан сырғанап, ауып келе жатырмын, балалардан рахат, тауып келе жатырмын, қарызбын, саған, Халима» деген өлең жолдарынан Халиманың күйеуіне қалай қызмет еткенін, ал күйеуі Әзілхан ағаның оны қаншалықты бағалап жатқанын түсінуге болады.
Жоғарыда «Мәңгілік махаббат жыры» хикаясы үш бөлімнен тұрады деген болатынбыз. Бастапқы екі бөлімнің авторы Әзілхан Нұршайықов болса, ал соңғы тарауды Халиманың еске алушылары толтырған. Яғни қарымды қаламгердің жарын көзбен көріп, онымен дәмдес болғандар Халима туралы естелікпен бөліскен. Сол жазбалардың ішінде ғашық зайыптармен қан майданның соқпағын бірге кешкен Мұқанәлі Омарбаевтың «Жан досымның жан жары» атты естелігі ерекше назар аударады. Бұл естелікте автор Халиманы «Сондай сезімтал, сергек, жүріс-тұрысы ширақ, бірақ ешқандай артық қимылы жоқ, алтыннан құйған асықтай, өне бойы жинақы ғажап жар» деп сипаттай келіп, «Жылы жүзімен, жібектей мінезімен, дауыс шығармай, жымиып қана күлкінің ишаратын жасайтын әдетімен, мейірімді көзқарасымен, қарапайым кішіпейілділігімен, көрген жұртты бірден баурап әкететін еді» деп одан әрмен жан жайсандығын, ақылдылығын суреттейді. Бұдан кейін академик Шадыбай Абдуллаев Халиманы «Халекең Әзекеңнің бірінші оқырманы, редакторы, ақылшысы болды. Халекең ЖенПИ-ді салт басты, сабау қамшылы қыздар сияқты емес, төрт баламен жүріп, жақсы бітірді. Мұны Халекеңнің бірінші ерлігі дер едім, Жеті жасынан жетім қалып, жоқшылықта өссе де, Халима дүниеқор болмады. Тамақ, киім, кітаптан басқа ештеңеге ол көңіл аудармады. Бар білімін, санасын, қажыр-қайратын балаларын тәрбиелеп, Әзекеңді әлпештеуге жұмсады. Және жемісті жұмсады. Мінеки, Халекеңнің екінші ерлігі деп осыны айтамын» деп пікір қалдырды. Кітаптың үшінші тарауында осы сынды естеліктер жетіп артылады. Бір таңқаларлығы естеліктің барлығында Халиманың жақсы мінезін жіпке тізгендей айтылады. Демек Халима жары Әзілханның ғана емес, күллі қоғамның есінде аяулы жар, асыл ана, салиқалы әйел болып сақталған.
Шығарманың шырайы шындығында емес пе? Бүгінгі мақалаға арқау болған туынды шындыққа толы шығарма. Әсіресе, қазіргі жастар мен болашақ ұрпаққа берері мол. Бұл кітап – некелі жарларына азу тісін ақситатын, етек құмар еркексымақтардың ісіне су құятын шығарма. Сонымен бірге «Ә десе, мә дейтін», өзі би, өзі қожа болғысы келетін әйелдерді тәубесіне түсіретін туынды. Жалпы бұл туындыны қазір де, бұдан былай да, алдымен ұлтымыздың болашағы жастар оқу керек. Сол сәтте отбасылық өмірде бір-бірінің қадіріне жетіп, шаңырақты шаттыққа толтырып ғұмыр кешеді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
16 қыркүйек 2020 ж. 959 0