Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кемеңгер

Кемеңгер

«Қазақта Абайдан асып туған ғұлама жоқ.
Ол ақын емес құдірет қой» деп қазақтың кемеңгер ұлына Жамбыл осылай баға берген

Абай әлемінің қойнауына кіруде әрбір қазақ сөзінің зор құдіретімен асыл қасиеті, танымдық, тәрбиелік маңызы ұлттық қоғамдық мүмкіндіктері осы күнге дейін құндылығын жоғалтқан емес. Бұл орайда Мемлекет басшысының ойлы толғанысы ақын шығармаларын тереңінен танып, зерттеп, талдай келе рухани азық болатынын ашық атап өтті. Елді бірлікке, ынтымаққа шақыруы мемлекетіміздің іргелі, еңсесі биік, тұғырлы ел болып қалыптасуына, әділетті қоғам болуға жетелейтін керемет сөздерін тереңдікпен зерделей отырып, Абайды тануды әрбір қазақ жүрегі мен санасына сіңіре білу қажет. Ұлы ақынның ғибратқа толы ғұмыры, оның шынайылығы – ұлтымыздың мәдени байлығы. Абай – бүгінгі рухани жаңғырудың нәрлі бұлағы, келешегіміздің адастырмайтын темірқазығы.
Хәкім Абайдың ұстанымдары, өркениетті болашағы зор мемлекеттің қағидаларына сай үндес. Өйткені ақынның ең бір таптырмас қымбат мұраты елді түзеу, саналы ұлтты тәрбиелеу, адам баласының рухани кемелденуі, адамдық қасиетті өмірінің соңына дейін сақтау еді.
Адамды жаратушы бір Алла болғандықтан Алланың хикметін сезіну, адамды сүю оның жаратушы сүйген адал адамдығының анықтаушысы болатын. Ұлы Абайдың әрбір өлең шумақтары, әрбір қарасөздері даралық ұлтымыздың ой-өрісін өсіруді көздеген даналық.
Абайды оқымаған, оқи бермейтіндер жоқ емес. Абайды тану отбасынан, балабақшадан, білім ошағынан насихаттап отырғанда ғана ұрпағымыз жан-жақты тәрбиеленген, иманды, адамгершілігі жоғары, еліне адал қызмет ететін, отансүйгіш, қоғамға бар ерік-жігерін жұмсайтын жан болары сөзсіз. Абай заманы медицина қазақ даласына кіре қоймаған кезеңде өтті. Соған қарамастан елге келген қиындықтардан, індеттен жапа шеккен, тығырыққа таянған кезде де одан шығудың жолдарын таба білді. Карантин мен індеттің қалай байланысты болғаны М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы «Түн түнекте» деген бөлімінде жазылған. 1892 жылы Абай Семейге жеке шаруамен келген кезде бір жаман аурудың жүргенін, одан көп адамдардың көз жұмғанын біледі. Бар жағдайды білу үшін Павлов атты досын шақыртады. Өйткені оның әйелі дәрігер болғандықтан барлық мәліметтерді содан алады. Сол кезде оба ауруы Үндістаннан шығып бүкіл әлемді шарлап, бізге де жеткенін бұл ауруға шалдыққан адамның тез көз жұматынын айтқан. Неліктен, қалай тез таралу себебі жайлы да баяндаған. Адам қайтыс болғанда оның жаназасына, жетісіне, қырқына көп адамдардың жиналуынан жұғу арқылы тез тарағанын біледі. Енді оны тоқтату үшін не істеу керек екенін қарастыра бастаған. Мұндай шараларға аздаған адамдардың келуін, жаназаны бір ғана молда шығару керек екенін халыққа түсіндіру керек болды. Абай дереу Сармолда деген молданы шақырып ел арасына үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар қалай сақтану жолдарын да іздестіреді. Ол кезде қорғаныш құралдары, антисептик, маска деген болмаған. Оның орнына қолды әлсін-әлсін ыстық сумен жуып, ыстық ішіп, тазалық сақтау, адам көп жүрген жерге бармау керек екенін айтқан. Абай мен Сармолданың әрекеттерінің арқасында ел ішінде ауру бірте-бірте азая бастайды. Көптеген адамдар аман қалған. Міне, осыдан Хәкім Абайдың кемеңгерлігі, халқымыздың біртуар ойшылдығын өскелең ұрпақ бойына дарытып, ел болашағының баянды болуына қызмет ететін азамат қалыптасатынын көруге болады. Он үш жасында ел ісіне араласып, жиырма бір жасында болыс болған Абай немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы жайлы абайтанушы ғалым ағаларымыздың «Хәкім Абай бізге Шәкәрімдей шынар өсіріп берді. Біз қазір сол шынардың жемісін жеп отырмыз» – деген тайға таңба басқандай дәл айтқан сөзі қазіргі ұрпаққа ұран іспеттес. Ғаламның дара тұлғасы хакім Абай туралы айтып, жазып тауысу мүмкін емес. Абайдың тереңіне сүңгу, болмысын тану әрбір мен қазақпын деген жанның жүрегіне сәуле, жанына қуат берері сөзсіз.

Айжамал Әбдіхамитқызы
01 қыркүйек 2020 ж. 1 166 0