Қазақы ем дертке дауа ма?

«Қойдың құйрық майы коронавирусқа ем», «Адыраспанның түтінімен өкпені тазалап, айықтыруға болады», «Сарымсақ та ауруды сылып түседі». Осы тектес түрлі кеңестер, кеңес деуге келмес, болжамдар сарылып ем іздеген жанның аузында жүр. Сәйкесінше үй жағдайында жасап көріп, сеніп бағуда. Себебі барлығы коронавирус пен пневмониядан қалай емделуге болатынын білгісі келеді.
Елімізде коронавирус инфекциясын емдейді деген желеумен сұранысы күрт артқан өсімдіктің бірі – ақжелкек. Ащы дәмдеуіш ретінде жиі қолданылатын өсімдіктің құрамында белсенді компоненттер, антисептикалық қасиеті бар эфир майлары және кейбір дәрумендері көп болғандықтан халық еміне жиі қолданылатыны да рас. Алайда, медицина мамандары ақжелкекті нақты коронавирусты емдейді деу ешбір негізсіз екендігін айтады.
Дертіне шипа іздеген халық індетті жеңудің түрлі амалын қарастырып, әбігерге түсуде. Пандемия кезінде қой майына деген сұраныс та артқан. Тұрғындардың басым көпшілігі вирусты емдеуде халықтық емге жүгініп, шипаны осы әдістен іздеуге көшкен. Бұрын нарықта 1000-1500 теңгеге сатылған қазақы қойдың құйрығы бүгінде 2 000 теңгеден асып жығылады. Тиісінше қойдың да бағасы айқайлап тұр.
Майдың айналасындағы әңгіме мұнымен біте қоймайды. Себебі кеселдің алдын алуға көмектесетін ақпараттардың арасында ит пен борсық майын сабылып іздеушілер көбейген. Соған сәйкес, сала мамандары маймен емделудің тиімсіз екенін айтып, дабыл қағуда. Мамандардың мәліметінше, май холестеринді көтеріп, қанның қоюлануына әкеп соғады.
Whatsapp желісі арқылы кең тараған тағы бір ем түрі – ас содасымен жасалатын ингаляция. Бұл әдістің еш пайдасы жоқ. «Егер сіз аузыңыздың шырышты қабатын күйдіріп, жағдайды ушықтырғыңыз келмесе, бұл тәсілге жүгінбеңіз. Дәрігерлер содамен жасалатын «ыстық монша» арқылы дем алу әдісін ұсынбайды. COVID-19 және пневмонияны емдеуде бу терапиясының тиімділігі туралы ешқандай ғылыми дәлелденген дерек жоқ» дейді дәрігер Ұлжан Жүнісова.
Қазақы емді жақтаушылар да жоқ емес. Кәдуілгі қымыз, саумалмен емделіп жатқандар қаншама? Бие сауып, қымыз сатып отырғандардың айтуынша, індетпен күресу үшін дертке дауа болған сусынға кезекке тұрғандардың қарасы қалың көрінеді. Адыраспандатып, сарымсақ тұтынып, иттің майын сабылып іздегенше, осы дұрыс емес пе? Бағзыдан қымызды қырық ауруға ем деп қасиетті сусынға теңеп, шұбатты құнарлы дәм деп құныға тартқан халқымыз үшін ең керегі де осы.
Ұғынғанға қазақы ем-домның әсері орасан. Бірақ сонда да халық емін тұтынарда сырқаттың сауығу жолында арқа басын аяз қартып жүрген ақ халаттармен кеңескен абзал.
Сұлушаш МАДИЯРОВА