Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық емі вирусқа қарсы тұра ма?

Халық емі вирусқа қарсы тұра ма?

Әлемді індет ушықтырғалы бері әлеуметтік желіде COVID-19-дан сақтану әдісін түсіндіретін хабарлама жиі таралып жатыр. Әсіресе, аты-жөні белгісіз адамдардың ­аудио, бейнежазбамен халық алдына шығып, өздеріне шипа болды деген желеумен түрлі халық емін ұсынып әлек. Солардың бірі – құйрық май.
«Тартылған құйрық майдың бір кесесіне таза бал, тартылған екі қасық зімбір қосып, араластыру керек. Бұл вирус, жөтел, пневмониядан 100%-ға емдеу әдісі. Баға жетпес дәрі туралы бәрі білу үшін таратыңыз». Міне осы ақпаратқа қанығып, дертіне дауа іздеген жұрт құйрық май іздеп базар жағалап кеткені рас.
Коронавирусқа қарсы құйрық майдың және өзге де майлардың 100% тиімділігі туралы дәлел жоқ. Бал мен зімбірдің COVID-19-дан толықтай емдейтінін де ешкім дәлелдемеді. Майдың вирусты немесе басқа да инфекцияны физикалық тұрғыда жеңе алмайтынын естен шығармайық. Иә, қойдың майы халық арасында ем үшін кең қолданылады. Онымен жөтел кезінде денені сылайды. Сондықтан майды мөлшерімен пайдаланып, дәрігер жазып берген дәрілерді ескерсе, толықтай зиян деп айта алмаймыз. Бір анығы, құйрық май дәріні алмастыра алмайды. Халық емі сіздің денсаулығыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін, сондықтан дәрігермен ақылдасыңыз.
Соңғы уақытта ингаляциялық бу терапиясын да коронавирусқа қарсы таптырмас құрал деушілер бар. Бірақ бұл әдістің де тиімділігі ғылыми дәлелденбеген. Сондай-ақ сода қосылған «ыстық ванна» шырышты қабықты күйдіріп немесе квинкенің ісінуіне әкелуі ықтимал. Ал содаға аллергия болса, шырышты қабаттың күю қаупі де жоғары. Одан бөлек ингаляция жасауға біршама қарсы көрсетілімдер бар. Мысалы, жоғары дене қызу кезінде, жоғары қан қысымы, жүрек-тамыр аурулары немесе бүйрек қызметі бұзылған жағдайда бұл емді қолдану денсаулыққа аса қауіпті.
Сонымен қатар сарымсақ суын ішу немесе аш қарынға сарымсақ жеу де кең тараған әдістің бірі. Алайда асқазан-ішек жолдарында кінәрәті бар адамдарға сарымсақ суын ішуге немесе оны жеуге болмайды. Бұндай суды ішу асқазанды ауыртып, асқазан қыжылы мен бауырдың шаншуына алып келуі мүмкін. Сарымсақтың адам денсаулығына пайдасы шаш етектен екені белгілі. Бірақ оның қауіпті індетпен күресу тиімділігі дәлелденген жоқ.
Бәзбіреулер алкоголь өнімдері вирустан сақтанудың бірден-бір жолы деп өз бетінше жаңалық ашып алды. Спирт буымен тыныс жолдарын дезинфекциялау керек дейтіндер де бар. Мамандардың айтуынша, коронавирустың алдын алуға арақ араша түсе алмайды. Ащы су керісінше ағзаны улап, иммунитетті әлсіретіп, дертті емдеуге кедергі келтіреді. Спирт буын жұту да өкпеге түскен вирусты өлтіруге көмектеспейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары да әлеуметтік желілерде жиі тарайтын бұл ақпараттың жалған екенін айтып, оған сенбеуге шақырады.

Антибиотикті неге ішпеу керек?
Соңғы уақытта желіде коронавируспен ауырсаңыз, тез арада антибиотик ішу керек деген ақпарат айтылып жүр. Дәрігерлер екі себепке байланысты антибиотик қабылдамауға кеңес береді. Біріншіден, аурудың симптомсыз және жеңіл түрінде 80% жағдайда организм вирусты өздігінен жеңе алады. Ал температураны төмендету үшін парацетамол немесе ибупрофен ішу керек дейді мамандар. Екіншіден, антибиотиктерді ұзақ уақыт және жиі қолдану әсерінен бактериялардың дәріге төзімділігі пайда болуы мүмкін. Яғни кейін антибиотик шын қажет болғанда, ол науқасқа көмектеспейді деген сөз.
Қорыта айтқанда, артық қыламын деп тыртық қылудан сақ болу қажет. Індет адам бойын әлсіретіп, әлекке салғанда өз бетінше түрлі ем қабылдап, жағдайды одан әрі ушықтырудан сақ болайық. Қандай жағдай болмасын тек дәрігер кеңесіне жүгінген жөн.

Гүлхан ЯХИЯ
21 шілде 2020 ж. 769 0