Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Телжанның тырнақалды туындысы

Телжанның тырнақалды туындысы


Өткен ғасыр тұрғындары «Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыздысы – кино» деп түсінген. Мұның себебі айтпаса да түсінікті шығар. Өйткені көгілдір экранның арғы жағындағы картиналар көрерменнің ой-өрісін дамытып, талғамын қалыптастырады, санасына саңлау түсіреді. Қазақ кинодраматургия саласы «Амангелді» көркемфильмінен бастау алғаны белгілі. Одан бері кино саласы жылдан-жылға дамып, кино өнерінің рөлі күн өткен сайын артып келеді. Оны елімізден шыққан талантты режиссерлар түсірген отандық кинофильмдерден байқауға болады. Қуаныштысы, қазақ киносының қара нарына айналған режиссерлардың ғана емес, жас кинематографистердің де туындысы көз қуантарлық. Солардың бірі – болашақ режиссер Телжан Төлебайұлының «Сынықшы» қысқаметражды фильмі.
«Сынықшы» – бұл жерлесіміз, бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Телжан Нұрмахановтың тырнақалды туындысы. 2018 жылы жарыққа шыққан фильмнің сюжетіне келер болсақ, болашақ режиссер қарапайым қазақ халқының бейнесін таспаға түсірген. Атап айтар болсақ, ауыл өмірін, сынықшының өн бойына дарыған қасиетін, адамгершілік, адалдық сынды мінездер мен ұрлық-қарлық туралы да бейнелейді. Ал режиссер киноның бас кейіпкері сынықшыны көрсету арқылы әділдікті, өз ісіне деген шеберлікті және көрегендікті көрсетеді.
Сюжет бойынша ауылда Ареке деген сынықшы болады. Өзгеден ерек қасиеті бойына дарығандықтан оның есімі елге таныла бас­тайды. Бас кейіпкер тек адамның ғана емес, қорадағы малын да емдейді. Бір күні аядай ауылда мал ұрлығының жиілеп кеткені байқалады. Осы тұста полиция қызметкері сынықшыдан сезіктене бастайды. Ал сынықшы Ареке болса өзінің көрегендігінің арқасында ұрының ұзақтан келмейтінін айтып, оны өзі ұстауға тырысады. «Ұрлық түбі – қорлық» демекші, ақыры ұрылар қақпанға түсіп, қолға түседі. Бір қызығы, ауылдағы малды қоймай қорадан тасып жүрген сол елді мекеннің сақшысы екен. Алайда сынықшы сақшыны өзі жазаламай, барлығының заң жүзінде болғанын қалап, оны жауапты мекемеге тапсыруға бекінеді. Міне, қысқа әрі нұсқа түсірілген кинофильм ауыл адамдарының өр мінезін, бірсөзділігін және заң алдында барлығының бірдей екенін ұғындырады.
Осы орайда біз «Сынықшы» фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актер Ғалым Махановпен әңгімелескен едік.

– Ғалым аға, әңгімемізді өнер саласына қалай келгеніңізден бастасақ.
– 1987 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағартушылық училищесіне оқуға түстім. Аталған оқу орнынан актер, режиссер мамандығын алып шықтым. Өнер жолының қиын екенін сол сәтте ұғынғандаймын. Өйткені бір жыл жұмыстың ыңғайы келмеді. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей таланты мен талабы ұштасып жатқан өнерпаздар көп еді. Олардың ішінен қара үзіп шығу кімге болса да оңай емес. Бірақ әркімнің несібесі бар. Өнер саласында жүріп, бірнеше деректі фильмдерге түсіп, даңқы диқан Ыбырай Жақаевтың жас кезін сомдадым. Қазір Әбділдә Тәжібаев атындағы ауылдық клубтың меңгерушісімін. Өнердің қайнаған ортасында жүрмін десем болады.

– Байқағанымыздай, «Сынықшы» фильмі сіздің алғашқы дебютіңіз емес екен. Ал осы туындының сіз түскен басқа деректі фильмдерден айырмашылығы қандай?
– Расында, әр рөлдің өзіне тән ерекшелігі болады. Бағана Ы.Жақаевтың жас кезін сомдадым дедім ғой, сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаевты сомдау мен үшін үлкен жауапкершілік. Оны көрермен жан-тәнімен сезіну үшін барымды салдым. «Сынықшы» фильмінде де солай. Бір ерекшелігі бұл фильм шынайы оқиғаға негізделген. Сырдарияның арғы бетінде осындай оқиға орын алған. Соны жас режиссер Телжан Төлебайұлы тарихқа айналдырды. Сондай-ақ ауыл өмірін боямасыз көрсетті. Мал шаруашылығы, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, тіпті сөйлеу мәнеріне дейін шынайы, жұртқа жақын көріністер. Өзіме де таныс тұрмыс-тіршілік болғандықтан бұл рөлді сомдау қиынға соқпады.

– Сіздің ойыңызша «Сынықшы» фильмі көрермендерге ой сала алды ма?
– Негізі «Сынықшы» туындысы – қысқаметражды фильм. Ол бір жағынан әлеуметтік роликке де ұқсас келеді. Бірақ оны жас режиссердің түсіргенін ескерсек, көрерменге әжептәуір ой салды деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі таңда жазықсыз жала жабу мен ауыл ішінде мал ұрлығы көбейді. Осыны көрген жұрт ұрының көп жасырынып жүрмейтінін яки адалдықтың жібі ұзын болатынын түсінер. Сондай-ақ жазықсыз жала жабылып кеткендер бір күні болсын ақталып, адал есімін қайтарып алатынына сенер. Тағы бір ерекшелігі, сынықшының рөлі де дәріптелген. Сынықшы болу кез келгенге қона бермейтін қасиет. Сол себепті бас кейіпкердің анау-мынау адам емес, сынықшы болып таңдалуы да ерекше әсер қалдырады.

– Шиелі ауданында өнердің қазанында қайнап, сағасынан су ішіп жүрген жандар аз емес. Өкініштісі, біздің ауданда кино түсіретін студия жоқ. Осы жағын ойластырып көрдіңіз бе? Мүмкін шығармашылығыңызды дамытуға жос­пар әзірлеп қойған шығарсыз.
– Кино – идеологиялық қару. Ол еңбектеген баланы да, еңкейген қарияны да тәрбиелейтін күшке ие. Өкініштісі, қазір біздің экранымыз ырың-жырыңға, мағынасыз әзіл-қалжыңға толып кетті. Сондықтан кино түсіргенде де жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Бірден ойыңа келгенді таспаға түсіру – үлкен қателік. Бірақ заманның ағымына қарай әр ауданда киностудия болу керек. Тым құрыса сол өңірдің тарихы туралы сыр шертетін деректі, қысқаметражды фильмдер түсірсек жақсы емес пе? Бір жағынан тарихи тағылымды дүние, екінші жағынан аудан өнерпаздарына үлкен мүмкіндік. Осы орайда өнер саласында жүрген азаматтарға кәсіпкерлер немесе туған жерден түлеп ұшқан жандар қолдау білдірсе құба-құп. Мәдениетке қолдау білдірсе, біздің өнерпаздар салтты сақтап, дәстүрді дәріптейтініне сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық шабыт тілеймін.
Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендік еңсемізді тіктеген соң өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Бұрынғыдай емес, кино түсіруге мүмкіндік те артты. Бірақ жоғарыда Ғалым Маханов айтқандай, тарихи тұлғаларды танытатын, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын киноның жоғы жанға батады. Тым құрығында осы тектес әлеуметтік роликтер де дәтке қуат емес пе? Әлеуметтік ролик демекші, біздің ауданда бұл қаншалықты қолға алынғанын білу мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығына хабарластық. Олардың айтуынша, қазірге дейін ауданда әлеуметтік ролик түсірілмеген екен. Бірақ алдағы уақытта бір емес төрт ролик я болмас қысқаметражды фильм түсіру жоспарда бар. Оның бірнешеуі еріктілердің ерен еңбегін насихаттауға бағытталса, біреуі ерте жүктіліктің алдын-алуға арналады. Болашақта түсірілетін роликтерге аудан өнерпаздары мен белсенді жастар атсалысады. Соңғы күндері шоумендердің аттыға әзіл, тайлыға күлкі іздеп жүрген туындыларға сұраныс жоғары. Лайым тәрбиелік мәні зор киноларға да көрермен қызығушылығы үстем болады деп сенейік.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
06 тамыз 2020 ж. 270 0