Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Анаға апарар жол

Анаға апарар жол

«Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме?
Жан ботасын сағынғанда ару ­­ана».
Иә, аялы алақаны мен ыстық құшағы жұмақ мекенге айналған ана баласына жету үшін тауды да, тасты да бұзар еді. Ал бала дәл солай істей ала ма? Маңдайына күн тигізбей, бетіне жел тигізбей, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген анасы үшін қай перзент кез келген кедергіні бұзуға қауқарлы? Осы сауалды өз-өзіңізге іштей қойып көрдіңіз бе? Бұл сұрақ сіздің ойыңызға келмеуі де мүмкін. Алайда, «Анаға апарар жол» фильмін көргенде осы сұрақ санаңызды шиырлай түсетініне күмән келтірмейміз. Өйткені, аталған туынды да ана мен баланың мөлдір махаббаты, әсіресе, ұлының анасына барар жолда көрген қиындығы сипатталады. Мақаламыз түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық.

– «Әке, өлмеші...
– Бізбен жүріңдер!
– Жолама, аулақ жүр!
– Жібер баламды...
– Апа...
– Қайтар баламды, Ілияс...
– Тиіспеңдерші, апама барамын...»
Жас баланың әкесінен қапыда айырылып жан даусы шыққан бұл диалог есіңізде шығар? Бұл Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» кинокартинасынан үзінді. Яғни біздің бүгінгі мақаламыз да осы кино хақында болмақ.
Қазақ кинодраматургия саласы «Амангелді» көркемфильмінен бастау алғаны белгілі. Одан бері кино саласы жылдан-жылға дамып, бүгінгідей дәрежеге жетті. Оны елімізден шыққан талантты режиссерлар түсірген отандық кинофильмдерден байқауға болады. Ал тақырыпқа ойысар болсақ, режиссер жайында айтпай кетуге болмас. Ол көпшілікке «Рэкетир», «Адасқан» кинотуындысы арқылы танымал. Одан бөлек «Жаужүрек мың бала», «Томирис» кинокартиналары да көрген жанды экраннан ­алыстата алмайтыны бар. Аталған туындыларға қарап, А.Сатаевты «Өскелең ұрпаққа патриоттық рух беретін кинорежиссер» деп бір-ақ ауыз сөзбен сипаттауға болады. Ал кино сценарийін жазған – Тимур Жақсылықов. «Біздің жобамыздың әрбір қатысушысы өз жұмысын мінсіз атқарды. Ойлары бір жерден шығатын адамдардың еңбегі сіңді бұл фильмге», – дейді Ақан Сатаев аталған кино жайында. Иә, бүтін бір туындыны шығару – зор еңбектің, шыдамдылықтың, мықтылықтың, ұйымшылдықтың жемісі.
2016 жылы жарыққа шыққан кинотуындының сюжетіне келер болсақ, режиссер қазақ халқының басынан өткерген бірнеше тарихи кезеңді көрсетеді. Атап айтар болсақ, күштеп ұжымдастыру, ашаршылықтың ащы шындығы, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдар, сол кезеңдегі ауыртпашылықтар бейнеленеді. Ал режиссер кинокартинаның басты кейіпкері Ілиястың тағдырын суреттей келе, өжеттілікті, қайсарлықты, патриотизмді, тәуекелшілдікті, отансүйгіштікті көрсетеді.
Сюжет бойынша бала Ілиястың әкесі халық жауы атанғандардың қолынан қаза табады. Ал әкесінен бұғанасы қатпаған шағында айырылған жігітті ағасы күштеп өзімен бірге алып кетеді. Осылайша басты кейіпкер Мәриям есімді анасынан жыраққа аттанады. Сол кезден бастап ол түрлі қиындық, ауыр сынақпен бетпе-бет келсе де, анасына барар уақытты тағатсыздана күтеді. Жалпы кинофильмнің құрылымы осы ана мен перзент арасындағы жіпсіз байланыс, мөлдір махаббатқа толық негізделген.
Тағы да бір ерекшелігі, кинодрама бірнеше кезеңді көрсеткендіктен, әртүрлі климат жағдайларында түсірілген. Осы жерде түсірілім тобының кинотуындыға атүсті қарамай, барлық қажыр-қайратын, ынты-шынтысын арнағанын аңғара аламыз. Түсірілім тобы көрерменге сапалы кино ұсыну үшін Қазақстанда ғана емес, өзге де мемлекетте түсірілім жасаған. Әзірбайжан, Белоруссия елінен берілген картиналар соның дәлелі.
Сонымен қатар кинотуындыны көре отырып, қазақ халқының шыдамды, кез келген ортаға оңай әрі тез бейімделетіні де Ілиястың қалың орыстың арасында жүріп, өзге тілді еркін меңгеріп алуынан көрінеді. Тіпті оны орыс балалары «Илюха» деп атап кетеді. Айтпақшы Ілиястың бала күнгі досы Үмітті айтпай кетуге болмас. Ол жастайынан жақындарынан айырылып, Ілиястың анасының жанында қалады. Режиссер бір жағынан Ілияс пен Үміттің берік достығын көрсетсе, екінші жағынан қазақ қызына тән қазақы болмысты бейнелейді. Яғни Үміттің бойындағы достыққа деген адалдықты, ар тазалығын, ізеттілікті, қарапайымдылықты суреттей келе, оны өсіп келе жатқан жас жеткіншек қыздарға үлгі етеді. Ал фильмнің соңында ана мен бала сағынышып қауышады. Бұл кинофильмді тамашалап отырған жандардың да жүрегіне жылылық сыйлайды. Өйткені, қалай аяқталарын тағатсыздана күткен көрермендер үшін бұл қуанышты сәт еді. Яғни кинофильмді тамашаласаңыз, қазақ халқының өткеніне бір оралғандай күй кешесіз.
Тағы да айта кететін жайт, аталған кинотуынды Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Одан бөлек шетелдерде көрсетіліп, түрлі марапатқа ұсынылған. Көрермен жүрегінен жол тапқан кинофильмнің қысқаша мазмұнын шама-шарқымызша осылай саралап көрдік. Кинода анаға апарар жолды керемет суреттегеніндей, сіздерді де отандық, тарихи қазақ киноларын көруге осылай шақырғанды жөн санадық.

Фариза КЕНЖЕШОВА


18 қаңтар 2020 ж. 2 327 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930