Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 81 мыңнан астам адам біржолғы төлем алды

Қызылордада 81 мыңнан астам адам біржолғы төлем алды

Қызылордада 91 571 адам 42 500 теңге көлеміндегі қосымша әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш білдірді. Оның ішінде шілде айында 81 633 азаматқа көмек берілді.
Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
Өтініштердің 36 120-сы проактив форматта, яғни ешқандай өтініш тапсырмай-ақ бұрынғы мәліметтердің негізінде SMS арқылы расталып, көмек берілді. Сонымен қатар қалалық және аудандық штабтардың қаралуына 15 201 өтініш түсіп, оның 7 822-сі қабылданып, 6 833-і кері қайтарылды. Өтініштің кері қайтарылу себебі – бас санитар дәрігердің қаулысында көрсетілген шектеулерге сәйкес кәсіпорын, мекемелердің қызметі 5 шілдеден бастап тоқтатылмаған. Бұл мәліметтердің барлығы салық органдарының жүйелері арқылы тексерілді. Сонымен қатар өтініш беру кезінде мәліметтерді (реквизит, есепшоттар, жұмысшылардың ЖСН-і) дұрыс енгізбеген, – деді Талғат Дүйсебаев.
Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Сайлаубайұлының мәлімдеуінше, шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда 42500 теңге көлеміндегі біржолғы төлемді тағайындауға өтінішті жұмыс беруші береді. Жұмыс беруші көрсетілген төлемді тағайындау қағидаларының талаптарын сақтамаған жағдайда қызметкер еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жүгінуге құқылы.
https://baribar.kz/135288/qyzylordada-81-mynhnan-astam-adam-birzholghy-toelem-aldy/​​​
27 шілде 2020 ж. 289 0