Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде алғаш фотосалон ашқан

Шиеліде алғаш фотосалон ашқан

Көне газет қиындыларын ақтарып отырып, «Жауынгер досқа» деп аталатын бір өлеңіме көзім түсті. Қай газетке және қай кезде шыққанын қиындының сыртына жазыппын. Өлең умаждалып кетпесін деп дәптер парағына желімделіпті. Газет атауы, өлеңнің шыққан кезі көрсетілген жазу ақ парақ пен газет қиындысының арасында қалып, көрінбей тұр. Отыра қалып есіме түсірдім. Шүкір, әзір жадым тоза қоймаған екен, сәл ойланғаннан кейін бәрі рет-ретімен ойыма келе бастады. Өзімнің сүйікті газетім «Өскен өңірдің» 1967 жылы 23 ақпан, бейсенбі күнгі санында, кеңес әскері күні мерекесіне арналған бетте жарық көріпті.
Ол былай болған еді. Үйреншікті әдетім бойынша, жазған бір-екі өлеңім мен мақаламды алып редакцияға келгенмін. Газет қызметкерлері кеңес әскерлерінің құрылған күні мерекесіне арнап газет шығарып жатыр екен. Редакцияның жауапты хатшысы Тұрғанбек Кәрімқұлов аға мені көріп қуанып кетті. Редакцияда қызмет атқарған журналист біледі, газет шыққан күні жауапты хатшының жұмысы екі есе көбейіп кетеді. Макет сызу, материалдарды беттерге орналастыру, олардың уақытылы жазылып, оқылып, баспаханаға жеткізілуін қамтамасыз ету, суреттерді іріктеу, толмай қалған орынды мақаламен немесе суретпен толтыру әрбірден соң, газет тек жауапты хатшының әкесінің газеті сияқтанып, бар жұмыс соның мойнында қалады.
– Ой, Сәрсенбек, жақсы келдің, мерекелік санға бір өлең керек болып тұр, отыра қал да жаз! – деді.
– Төселген ақын емеспін, нашарлау жазылса ыңғайсыз болмай ма? – дедім қипақтап...
– Айбынды кеңес әскеріне арнап жазасың. Әскери борышын өтеп жүрген ағаң, танысың бар ма?
– Бар еді...
– Міне, сол жауынгерге арнап жаз...
Біраз ойланып отырып осы төмендегі өлеңді жазып едім.

Өлеңнің кейіпкері Оразбек Құржынбайұлы 1947 жылы Еңбекші ауылында туған. Сол мекенде сегізжылдық мектепті бітіргеннен кейін әскерге алынып, борышын өтеп келісімен Шиелі ауданының халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатына фотограф болып жұмысқа орналасты. Оразбек комбинатқа келген уақытта фотограф ауыл-ауылды аралап суретке (фотоға) түсетін адамды (клиентті) өзі іздейтін. Үйлену тойында ескерткіш ретінде суретке түсу әлі дағдыға айналмаған кез. Қарттар тіпті суретке түспейтін. Алғашқы жұмысын Шиелі кентінен суретке түсетін шағын орталық ашудан бастады. Ауданда 20-ға тарта шаруашылық (елді мекен) бар. Ең жақыны аудан орталығынан 5-6 шақырым қашықтықта. Шалғайдағы шаруашылықтар 40-50 шақырымда, олардың бөлімшелері одан да алыс­та орналасқан. Арнайы бөлінген көлік жоқ. Жолаушы автобусымен бәрін бір аралап келгенше айға жуық уақыт өтеді. Онда да автобустар жүйелі жүріп тұрса. Қанша клиент табатыны да белгісіз. Тауып түсірген фотоларды иелеріне апарып беру үшін тағы да сондай уақыт керек. Комбинат басшыларының көзін соған жеткізді. Осылайша Шиеліде фотосалон ашуға себепкер болды. Алғашқыда келушілер аз болғанымен, бірте-бірте жұртшылық үйренді. Келе-келе фотографсыз той өтпейтін дәрежеге жетті. Ал қазір ше? Қазір Шиелі кентінде фотография емес, фотосалон, фотоателье бар.
Оразбек Нұрымов қарапайым шопанның баласы. Аталары алдында мыңғырған малы бар бай болған деседі. Әкесі Құржынбай – өмірін колхоздың қара қойының соңында өткізген қаратабан қойшы. Еңбекші елді мекенінің тау беткейінен орын тепкен қыстауы әлі күнге тұр, атауын жоғалтқан жоқ. «Құржынбай базы» деп аталады. Құржынбай қаражаяу адам болмаған. «Әу» деп ән шырқайтын дау­­сы, бір кісіге өлеңмен уәж тауып айтатын айтыскерлік қабілеті бар.
Құржекең бозбала кезінде ауқатты адамның қызымен көңіл жарастырады. Бірақ ол қызға қойшы жігіттің қолы жетпеді. Соған арнап жазған өлеңін мені көрсе ылғи айтып отыратын:
«Мен бардым Дәменді іздеп «Кепеліге»,
Сәулештің туып, өскен мекеніне.
Мен барсам Дәмен түгіл, дәнеңе жоқ
Құдай-ау, кесел қостым кеселіме...» деп басталатын. Қалған шумақтары есімде жоқ. 6-7 класта оқитынмын. «Кепелі» – Сырдарияның Қызылқұм жағындағы жер атауы. 1935 жылға дейін тарақты руы сол жерді мекендеген.
Оразбекпен жас кезімізден бірге ойнап өстік. Екі жас үлкендігі бар. Ақкөңіл, әділ болатын. Әлімжеттік жасап, өзінен кішіге қол салмайтын. Ептеп өлең шығаратыны бар. 1963 жыл болуы керек. Әкем Оразбектің әкесіне көмекші болды. Қаратаудың түстігіндегі Сауысқандық тауын жайлаушы еді. Жазғы демалыста әкеме барамын, сол жерде Оразбек екеуміз қой соңында жүріп, талай қызықты бастан өткіздік. Тастан тасқа секіріп жүретін Кекілік деген құс болады екен. Бірінші көруім. Мойыны иіліп төсіне дейін жетеді. Денесі шағын, жүрісі жылдам. Топтанып, тізбектеліп жүреді. Шапшаңдығына көз ілеспейді. Оразбек соларға қарап тұрып:
«Кекілік-ау, кекілік,
Аумаған құтты екілік.
Дамыл таппай жүреді,
Тастан-тасқа секіріп...» деп табанастында өлең шығарды. Мен таң қалдым.
Ол әскерден келген соң борышымды өтеуге мен кеттім. Жаңылыспасам ол міндетін Тамбов­ облысында атқарды, мен Мәскеу облысының ­Можайск қаласында болдым. Айтпақшы, Оразбек әскерде жүргенімде маған хатты кейде өлеңмен жазып тұратын. Өкінішке қарай, хаты сақталмады.
Иә, Оразбек аудандағы алғашқы кәсіби фотографтардың бірі болды. Зайыбы Маяны да қасына алды. Өмірінің соңына дейін сол салада еңбек етті. 1974 жылы 27 жасында жол апатынан қайтыс болды.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның «Құрметті журналисі»

10 шілде 2020 ж. 451 0