Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шипаны шеттен іздеме

Шипаны шеттен іздеме

1960 жылы комсомол жолдамасымен бір топ қазақ жастары Магнитка құрылысына аттанып кеттік. Солайша тепсе темір үзетін жас шағымызды Теміртау қаласында өткізіп, 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, Арал ауданына дәрігер эпидемиолог болып бағыттамамен келдім. Содан бері туған жерімде дәрігер болып жұмыс істеп, зейнетке шықсам да, жеке кәсіпкерлікпен дәрігерлік жұмыстан ажырамай келемін.
Жұмыс істеп жүрген кезде білімді жетілдіру саласынан әр бес жыл сайын оқуға барып тұратынбыз. Сол кезде әр жерден оқуға келген әріптестерімізбен танысып, қалжың арасында Қызылордалықтарды басқа облыстан келген әріптестер «Қызылорда-Қызылдыра» деп мазақ ретінде айтатын, сол кездері «барлық инфекцияның музейі» деп те мазақтайтын. Себебі біздің облыста әлемдегі жұқпалы аурудың барлық түрі кездесетін. Біздің облыс дәрігерлерінің белсенділігі мен жүректілігінің арқасында Қызылорда қаласында облыстық диогностикалық орталық бой көтеріп, облыс халқына қызмет етуге кірісті. Оған Тұрғанбай Маханов мұрындық болған еді. Ол сол уақытта өзін тікелей СССР жоғары кеңесіне депутат етіп ұсынған болатын. Оның депутаттық жұмыс жоспарында бар болғаны бір-ақ ұсыныс, «Егер мен депутат болсам Қызылорда қаласына облыстық диогностикалық орталық салдырамын. Біздің халыққа диогностикалық орталық ауадай қажет» деген. Тұрекеңнің жоспарын облыс халқы бір ауыздан қолдап, СССР жоғарғы кеңесіне депутат етіп шығарып салды. Халықтың денсаулығын ойлаған азаматтың сөзін періште аумин деп, сол кезде облыстық медициналық орталық «Болгар ауруханасы» деген атақ алған құрылысына қаржы жетіспей жұмысы тоқтап тұрған. Белсенді азаматымыздың оны қолдаған халқымыздың арқасында жоспарланған диогностикалық орталығы бой көтеріп, жұмысына кірісіп және құрылысы бітпей тұрған аурухана бітіп, іске қосылды.
Біз медицина қызметкерлері өз жанымызды аямай, халықтың денсаулығына жан болып жаратылғандаймыз. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде болмайды. 2017 жылы оң аяғымның тізесі сыр беріп, облыстың бас травматологі Аманбай Алдамжаров әріптесіме бардым. Ол аяғым түсірілген рентген нәтижесімен танысып, ота жасамақ болады. Ол «Буынды ауыстыру керек» деді. Келісім беріп, ота жасаттым. Қорытындысы жаман болған жоқ, 2018 жылы сол тіземе сондай ота жасалды. Ал 2020 жылы сол жақ жамбас ұршығымның басын ауыстырдым. Қазақ «Тойған жерге тоғыз кел» демей ме? Жаныңа шипа сыйлаған жерге неге қайта-қайта келмеске?
Алдына келген адамды сыпайылықпен қарсы алса, емдесе, ыстық көңілмен шығарып салса, неге сол жерді қайта-қайта іздемеске?! Біз қазақпыз, біреудің айтқан сөзіне еруге мықтымыз. Астананы армандап, Алматыны жағалап жасаған отаны өз ауылымыздағы облыстық бас травматология бөліміндегі дәрігерлердің қолынан келетін білсек екен дегім келеді. Ондағы білікті дәрігерлердің арқасында үш жылда үш буынымды ауыстырып, екі аяғымды тең басып жүрмін. Сол қуаныштың арқасында осы бөлімшенің жалпы қызметкерлеріне мың да бір рахметімді айтқым келеді.

Құлахмет Сұлтанов,
Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасы облыстық медицина қызметкерлер кеңесі төрайымы Р.Кузенованың №44 куәлігінің иесі
10 шілде 2020 ж. 492 0